Тасмағамбетовтың «тройкасы»
Иманғали Тасмағамбетов премьер-министрдің орынбасары болғанға дейін жаңаша киім үлгісіне көшті. Бұл саяси тұлғаның трендтен қалмайтынын, сәнді киіну де іскер адамның образын аша түсетінін меңгергендігін көрсетеді. Өйткені, атақты стилистердің дені 2017 жылы үштік костюм (тройка) кию сәнге айналады дегенді айтқан болатын. Қазір Иманғали Тасмағамбетовті жіті қадалаған болсаңыз, тек «тройкамен» жүргенін көресіз. Айтпақшы, дәл осылай киінуді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек те әдетке айналдырғанын байқауға болады. Алматыдағы қысқы Универсиаданың ашылу салтанатында қала әкімі Елбасының жанында «тройкамен» отырды.
Исекешев – отандық киімді насихаттаушы
Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің де киім киюі басқаларға үлгі боларлықтай. Ол министр болып жүрген кезде-ақ отандық киімді тұтынатынын журналистерге көрсеткен болатын. Кейінірек, елорда әкімінің әуежайда бейтаныс біреуді тосып тұрғандағы киім киісі әлеуметтік желіде жарыса талқыланып жатты. Ал, Әсет Исекешев бүгінде костюм ішінен қысқа жеңді киім киюді сәнге айналдырды. Мұны желет деп те қарауға болады. Қазір қала әкімінің қай шараға қатыспасын, сондай киім үлгісімен (наряд) жүргенін байқайсыз.
Арыстанбек – Шарль де Голль
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының да киім үлгісі ерекше. Арыстанбек Мұхамедиұлының Мысыр президентін күтіп алу сәтіндегі киім үлгісі көпшілік талқысына түсті. Бірі «Театр актерлері секілді, министр үшін бұлай киіну ерсі» десе, бірі «Қазақстандағы ең үздік стиль ұстанатын шенеунік» деп қолдады. Тіпті, министр бұл туралы арнайы сұхбат та беріп үлгерді. «Бұл стиль «де голль» деп аталады. Бірақ, мен киімдерімді Қазақстанда тіктірем» деп түсіндірді.
Әзірлеген: Досжан Мейірім