01.02.2017 в 10:12

АМАНАТ (пьеса)

Ұлт көсемі Әлихан бастаған Алаш зиялыларының асқақ рухтары құрметіне.

Н.Сауданбекұлы

«тәніңді итке талатпай, арыстан атанбақ жоқ»...

Кабус-наме

Сұлтанхан Аққұлұлы, Серікзат Дүйсенғазы, Берік Уәли мырзаларға зор алғысымды білдірем. Пьеса кемшін болса автордың әлсіздігі.

 

Кейіпкерлер.

Әлихан Бөкейхан  45-72 жас

Тергеуші 35-40 жас

Ахмет Байтұрсынұлы 40-45 жас

Міржақып Дулатұлы  20-25 жас

Анасы  75-80 жас

Жаһанша 30-35 жас

Ғұбайдолла 25-30 жас

НКВД адамдары

Ақсақал, және көпшілік

(Диалогтар арасында сөздер ірі шрифтпен келсе, сол сөздер кейіпкерлердің   өз ауыздарымен айтылып біздерге жеткен цитаталар)

Ұсақ шрифтпен келген мәтінді қысқартуға болады

 

АМАНАТ

Бисмилләһирр-рахманир-раһим

Әлихан – Мен төре-сұлтанмын! Тірі болсам хан баласында қазақтың өтелмеген хақысы бар, сондықтан қазақ үшін қызмет етпей қоймаймын.... тіпті жанымды алса да...

Жарық сөнеді

1937

16-сентябрдің таңы

(ала көлеңкеде 3 әскери киімдегі кісілер ауыр есік шиқылы естіле сала бір адамды тепкілей жөнеледі. Байғұстың ыңқылдаған даусы ғана естіледі. Аналар да үн-түнсіз қимылдауда)

Тергеуші –Не деген бассыздық? Дереу тоқтатыңдар! Сендер не? Естеріңнен адасқансыңдар ма? Бұл кісінің кім екенін білесіңдер ме сендер? Аюандар! Сендер тағы да камера шатастырып алғаннан саумысыңдар, өңкей нақұрыс! Бұл кісі білдей бір мемлекеттің премьер министрі болған, бұл кісі ұлы Лениннің өзімен бірге оқыған адам, ғалым, ағартушы, профессор, оны былай қойғанда кәрі кісі емес пе?! Иттер!

Солдат – Оппачки, ошибочка вышла.

Тергеуші – Жоғалыңдар! Қане, тез!

(үшеуі кетеді)

Тергеуші – Не деген есалаңдар-ей өздері? Біреуінде ми болсашы! Өңкей контра, иттер, камераны шатастырып алған ғой тағы. Айып етпеңіз Әлихан Нұрмұхамедович. Олар тиісті жазаларын алады.

Әлихан – (Әрең сөйлеп) Бұлар дәл сіз келердің алдында, өстіп шатастырып жүреді мырза.

Тергеуші – Жолдас деңіз.

Әлихан – Ааа, кешіріңіз. Ылғи  менің «құтқарушы періштем» боп жүресіз.... Хе-хе-хе

Тергеуші – Кешіріңіз, кім болып жүресіз дейсіз?

Әлихан – Ә, жәй, ештеңе. Рахмет айтқаным ғой.

Пауза

(Тергеуші, портфелінен асай-мүсейін шығарып ыңғайланып отырады)

  • Отырыңыз. Сәл шыдаңыз, аз ғана қалды ғой.

Бүгін 16 сентябрь (қыркүйек) 1937 жыл.. тәк! Сонымен мен әдеттегідей сұрақ қоям, ал сіз толық жауап бересіз. Бұрыңғы тергеушідей «иә» немесе «жоқ» деп отырмайсыз, бәрін еске түсіріп, асықпай ештеңе қалдырмай жауап беріңіз. Мұқият болайық, себебі бүгін сұрақ жауапты қорытындылаймыз. Тезірек бітірсек өзіңізге де жақсы болады ғой. Еш алаңсыз демаласыз.

Әлихан – Демалам? Бір сұрақ қойсам бола ма?

Тергеуші – Әлбетте, қойыңыз.

Әлихан – Үкім шыққан соң, қанша уақытта... іске асырады?

Тергеуші – Нені? Түсінбедім... Аа! Жоқ, о не дегеніңіз. Сіз толық ақталып шығыңуыз мүмкін, өзгелердікі секілді шпионство жоқ. Тек японофилдік болмаса. Оның өзін дәлелмен жоққа шығаруға болады. Неге сұрадыңыз?

Әлихан – Шынымды айтсам....жә ештеңе, тезірек бітсе екен.

Тергеуші – Түсінем.... олай болса бастайық

Әлихан – Бастасақ бастайық.

Тергеуші – Сонымен сіздің қайда туылғаныңыз, Қарқаралыдағы алғашқы білім алуыңыз, Омбыдағы техникалық училищені бітіргеніңіз, сосын қазіргі Ленинград, сол кездегі Петербордағы Императорлық орман шаруашылығы институтына оқуға түсіп, арасында заң курстарын оқып, оны бітіргеніңіз туралы нақты мәлімет бар. Бұл жерде шұқшия қарай қоятын іс жоқтың қасы десе де болады. Дегенмен, студенттік кезіңіздегі кейбір мәліметтер бізді қызықтырмай қоймады..   ( бір қағаз алып оқиды)

Мінекей.... «Әлихан Нурмухамедов, митингтер мен петициялар үндеушісі, анти үкіметтік толқулар үгітшісі, қырғыз-қайсақтардың діни-саяси қозғалысының жетекшісі, аса сенімсіз элемент» Бұған не дейсіз?

Әлихан – Бұл патша үкіметінің айыптаулары. Әлде біз әлі де патшалы Ресейдеміз бе?

Тергеуші – Сіз дұрыс айтасыз, негізі биографияңызда «мін» жоқ  десе де болады, әсіресе ұлы төңкеріс... ұлы революциядан кейін сізді батырлар санатына қосуға да болатын еді, самодержавияның шатқаяқтауына зор үлес қосқаныңыз шындық. Бірақ... міне, осы бірақ деген бәледен бәрі басталады. Алдыңғы тергеу нәтижесін бір пысықтап өтейік. Ертең бір келеңсіздіктер туып жатса, немесе апеляция жасайтын болсаңыз, керек болып қалар... жалғастырайық. Дұрыс айтасыз, патшалық үкіметтің айыптаулары сіздің іске қатысы аз. Дегенмен, тұлғаңызды анықтауға үлкен септігі тигенін де жоққа шығармаймыз. Тәәк 1894. Омбыға келгенсіз ..мхм... «Степной край» газетімен байланыста... тәк ..Мхм-мхм... арасында «Половцев экспидициясы» аха.... дәл осы кездері, охо!... математика пәнінен... сабақ беріпсіз... орман училищесі, тәәәк... «Дала уәләятының» газеті... тәк.. Иркутскідегі «Сибирская жизньде»... қызық... «Семипалатинские областные ведомсти»... мхм... « Туркестанские ведомсти»... тіпті Ташкент! Не деген география?! Ооо бәсе, императорлық орыс география қауымдастығында мүшелік... Ештеңе қалдырғам жоқ па?

Әлихан – «Щербина экспидициясы»

Тергеуші – А! Иә, иә. Аха, міне тұр ол. 1901 жылы тоқтатыпсыз. Иә, онда не істеп едіңіз?

(Әлихан үнсіз)

Тергеуші – А, мұнда бар екен ғой, қазақ даласын кезіп зерттеу жүргізіпсіз. Қызық, не зерттедіңіз екен? Ха!  Қой?! Қой зерттегенсіз бе? Қазақ қойы мен қой шаруашылығы жөнінде жан жақты зерттелген фундоментальді монография! Солтүстік облыстардағы ірі қара туралы ғылыми монографиясы, түсінікті. Аха... Мхм... Табиғи-тарихи аудандар, жер қатынастары мен ру-аралық мәселелер, ..мхм.. мынаны айттым... О! Міне, аты шулы Қарқаралы петициясы!!!

 

1905жыл, қаңтар

(Тергеушіге апыл ғұпыл бір солдат жүгіріп келіп құлағына сыбыр ете қалады, бір кезде екеуі апыр-топыр орындарынан ұшып тұрып, тұра жөнеледі. Әлихан жалғыз қалады. Есік те ашық... бір кезде есіктен бастарына малақай киген бір топ қазақ кіріп келеді. Айта кететін жәйт бәрі сұрқай шапан шекпен, бастарында шошайған қазақы малақай киген, кілең сүреңсіз көрініс болғаны керек. Солардың біреусі Әлиханға хат ұстатады. Әлихан тез көз жүгіртіп оқып шығады. Сосын ойланып отырып қалады.)

Әлихан – Бұл қашан болған?

Қазақ – Қаңтардың 9 жұлдызы. Жексенбі болса керек. Анда жазулы тұр емес пе?

Әлихан – А?! Солай ма! Байқамаппын.

Қазақ – Сұлтан не істемек керек. Жағаласа кетеміз бе қайтеміз?

Қазақ2 – Иә деймін, жаумен жағаласып жатқанда, бөрілігімізді көрсетіп шаптан ала қаба түссек қалай?

ӘлиханОрыстың сыртын қырсаң ішінен татар шығады, төресін қырса жандарм шығады дегендей, Еуропанын мәдени жұртының сыртын қырсаң іші қаскүнем ақсақ болып шықтау-ә. Біз жұртқа Еуропа-Ресей дей беруші едік ұят-ай. Масқара болған екен.... «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деп, ДАТ айта келгенді шапқан  хан болып па еді қазақта? Қарусыз қара халыққа оқ атқан қай атамда бар еді? Өзін өзі қасқырша шауып отырған жұртта оқу, шеберлік болмайды! Ол бек мүмкін емес.

Қазақтар - ???

Әлихан - Өз жұртын аямаған мына бізді аяй ма? Барынша сақ болу керек. Бірақ әрекетті тоқтатпаймыз. Патшаның қанды жексенбі жасағаны текке кетпейді, көріңдер осыдан. Бір бүліктің басталғаны бұл! Бізге дәл қазір... ликбез керек, ликбез! Жаппай халықтың сауатын ашу керек. Жаппай білімге бет бұру керек. Газет шығарып елдің көзін ашу керек. Қане жігіттер, тастаңдар шекпенді! Кіріс іске.

(бәрі шапандарын шешіп, малақайларын тастап өзгеріп шыға келеді. Кілең кәстөм шалбар киген ақ жейделі зиялылар. Ішінде бәрі жүр, Ахмет, Міржақып, т.б.б. барлығы айнала қоршаған столдарға екіден-үштен отыра қалып, жұмысқа қызу кірісіп кетеді.)

Әлихан – Ақа, бұның арты неге апарады? Болжам бар ма?!

 Ахмет -  «Ойнаған бала от басадының» кері бұл. Патша от басты, енді ол отты өшіреді немесе өршітеді. Екінің бірі. Өшірем десе бір қарар-қаулы қабылдаса керек, талапшылардың көңілінен шығар законды күші бар указ ба әлде басқа ма білмеймін. Өршітем десе де сол указ болмақ. Бірақ басып жаныштайтын бұйрық. Біз қайсысы болса да қамсыз қалмайық.

Әлихан - Уа, қазақтың оқыған азаматтары, қазаққа осындай да қызмет етпегенде қашан қызмет етіп пайдамызды тигіземіз? Дәл қазір жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса қазақ халқы оның соңынан ерер еді.

Ахмет – Төрем! Һақиқатында талап жоқ бірақ үміт мол бір халықпыз. Алланың қазаққа деген сәтті күндері ме, жоқ қатты күндері ме, әйтеуір бірдеменің тақағаны анық. Не тақаса да әлеуметтің жоғын жоқтар, мұңын мұңдар заман келді. Егер басшылығы дұрыс болса әлеуметті түзейді, теріс басшылық қылса әлеуметті адастырады. Сондықтан бұрыс кетпей дұрыс жүре алатын, көрген білгені мол, оқыған-тоқығаны бар, көшті түзеп бастай алатын өзіңнен басқа ер көрмей тұрмын.

Көпшілік – Рас! Дұрыс айтады. Бастаңыз аға. Ұстадық етегіңізден.

Ахмет – Петерборда да, үкіметте де, дос танысы көп, беделі бар, закон білетін, законмен орыс тілінде сол орыстың өзін ақсататын өзіңізсіз Ақа. Оның үстіне былай да жол сіздікі сұлтан!

Әлихан – Рахмет ардақтыларым. Басымызға заманақыр орнатып мені хан сайлаңдар онда, хе-хе. Жә! Әзіл-әзілімен....

Шабарман – Төрем, указ шығыпты, ақ патшаның указы, міне.

Әлихан – Иә сәт! Жанған отты өшірмекке ниетті екен. Ал бұл бізге берілген мүмкіндік. Үн шығарар кез келді білем. Жігіттер қазақтың мен деген көзі ашық, саңылаулы-сәулелі азаматын түгел жинаңдар. Тарбағатайдан-Атырауға, Тәшкеннен-Астраханға дейін хабар жетсін! Бар бүлік жұмысшылар петициясынан басталған екен, онда бізде петиция берейік. Бірақ айырмамыз, біз ол петицияны 15 000 жұмысшы атынан емес 6 000 000 жуық күллі Алаш жұртының атынан береміз, және бұл біздің, яғни бар қазақтың Кенесарыдан кейінгі алғашқы саяси талабы болмақ. Қасиетіңнен айналайын Кенкем қолына қылыш алып отарлауға қарсы тұрса, біз қалам мен біліммен соғысамыз. Біле білгенге бұл  да бір майдан. Бұл да бір текетірес. Қамсыз қалмайық. Иә Алла, жар бол өзің деп, бастайық!

(біреу Әлиханның бетіне ожаумен су шәшіп кеп жібереді.)

1937

Тергеуші – Түсінбедім? Мұнда не боп жатыр?

Солдат -      (білегі түрілген, жұдырығы түйілген) Кешіріңіз, жұмыс қой, профилактика.

Тергеуші – Менің тергеуім аяқталмай,  жұмыс уақытымда бұл камераға кіруге болмайтынын ескертпедім бе? Егер сөз ұқпайтын кещще болсаңдар түрме бастығына, тіпті одан жоғарыға арызданып шағым түсірем. Не сұмдық бұл?

Солдат – Кешіріңіз жолдас тергеуші, енді қайталанбайды, рұқсат етіңіз.

(шығып кетеді)

Тергеуші – Мінекей сүртіңіз! Келіңіз отырыңыз. Безобразие... жоқ, бұларды жөнге салу керек. Мүмкін сіз шағым түсірерсіз. Иә, иә шағым түсіріңіз. Мен тиісті жеріне жеткізейін. Сосын көздеріне көк шыбын үймелетсін. Не айтасыз, түсересіз бе? Міне қағаз,.. қалам?! Қане..?!

Әлихан – ....Бірде қызымның өтініші бойынша оны цирктегі аң үйретушілерге апарғаным бар еді. Мектепте тапсырма берген екен. Содан Большая Садоваядағы және Цветной Бульвардағы цирктерге бардық... аңдарды көрдік, үйрету тәсілдерімен таныстық... ол байқұстар билейді, секіреді. Тұр десе тұрып, жат десе жатады... соның бәрі... хммм.... тамақ үшін... Ал арыстан, аю, жолбарыс секілді қауіпті жыртқыштар.... оларды таяқ-тамақ- сосын таяқ, принципімен үйретеді екен. Жыртқыштар кейде «бүйткен тамағың құрысын» деп азу көрсетсе, сол азу тісін қағып алардай таяқ жейді. Сосын..., сосын, амалсыз көндігеді екен.

Тергеуші – Бірақ ара-арасында өз  үйретушілерін тарпа бас салып талап тастайтын да кездері болып тұрады ғой... сирек болса да.

Әлихан – Иә, ондай-ондай болып тұрады. Тек адамға тіс батырған жыртқыш дереу өлтіріледі, оны білуші ме едіңіз?

Тергеуші – Солай ма?

Әлихан – Тап солай.

Тергеуші – Содан қорқасыз ба?

Әлихан – Мен қорқатын адамға ұқсаймын ба?

Тергеуші – Жоқ!... Яғни.. жазбайсыз да, шағым да түсірмейсіз?

Әлихан – Дұрыс айтасыз. Аң патшасы деген сол абаданның өзі құйрығын бұтына тығып қыңсылап, қолдан тамақ жегеннен кейін, оның патшалығынан не қасиет қалады? Одан не қайыр? Ендігі жерде ол жай ғана мысық. Иә, бар абыройынан ада болған бір мақұлық. Бізде «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» дейді.

Тергеуші – Демек сіз арыстансыз және қыңсылағыңыз келмейді. Одан да тәрбиелеушіні бас салып талап... кейін... өле салған..........

Әлихан – Қорықпаңыз, менен сізге қатер жоқ. Себебі... сіз тәрбиелеуші емессіз, және мен арыстан емеспін.... ондай арыстан болғанша.....Білесіз бе, ұрып соғып, көзін ағызып, терісін тірідей сыпырып алса да еш дрессировкаға көнбейтін бір жыртқыш бар. Оны мың жерден аштан қатырып, айлап шөлге қаталатсаң да, ол еш уақытта адам қолынан тамақ алмайды. Өлуге бар, бірақ алмайды. Тіпті ең қиың деген мақұлықтар жылан, мысықтың өзін, адам дегеніне көндіріп иеді. Ал ол иілмейді, морт сынуы мүмкін, бірақ иілмейді. Оның қандай жыртқыш екенін білемісіз?

(Тергеуші басын шайқайды)

Әлихан – Бізде тіпті оны атымен де атамайды. Ит-құс, түз тағысы дейді. Құрмет пе әлде қорқыныш па білмеймін... Түркілер Құрт дейді, ұрғашысын Құртқа дейді. Сенің білмегенің қызық екен. Баш-құрт. Көк бөріні бекерден бекер құрметтемеген-ау осы, біздің бабаларымыз.

Тергеуші – Менің башқұрт екенімді сіз.....

Әлихан – Білем бауырым, білем. Сондықтан, бөрілі байрақ астында жер қайысқан қол болған, ұлы рим империясын табанына салған Еділдің жұрты, күллі еуразияға үстемдік еткен ұлы ғұндар сарқыты, кешегі Шыңғысханның ұрпағы мына менің қазақ екенім, оның ішінде асыл сүйек төре болғаным хақ болса, онда абыройсыз арыстан болғанша сол көкжал болып қасарысып кеткенді жөн санаймын. Мен балаққа жабысқан кілең шиебөріге бола сырттандығына дақ түсірмейтін тұқымнанмын.

Тергеуші – Сонда....?.. мен қазір.

(сыртқа шығып кетеді, аздан соң қолына бір құрғақ роба алып қайтып келеді)

Тергеуші – Міне мына құрғақты киіп алыңыз.

Әлихан – Рахмет.

(Әлихан киімін ауыстырмақ ниет танытады, Тергеуші теріс қарай қойып қысылып қалады. Әлихан киімін ауыстырады.)

Тергеуші – Сіз....сіз өте ерекше жансыз Әлихан Нұрмұхамедович. Сіз.... қандай керемет мүмкіндіктеріңіз болды, небір лауазымдар тұрды алдыңызда, ұлы Лениннің өзімен жақсы қатынаста болыпсыз, тіпті Еуропаға кедергісіз шығып кететін мүмкіндігіңіз болды, бір емес сан мәрте. Неге қалдыңыз? Сол қасқырша қасарысқаннан не шықты? Не жетпеді өзі сіздерге?

Әлихан – Теңдік... Бізге «тағы» не жетпегенін білгіңіз келсе өзіңіз айтқан петициямен танысып шығыңыз. Андағының ішінде бар шығар.

Тергеуші – Айыптымын, оқымадым. Мінеки ол. Бұнымен толық танысу үшін бір апта аздық етер, қателеспесем 40-тан аса тармағы бар ғой деймін, солай ма?

Әлихан – 47. Жәй танысу үшін 15 минут та жетеді.

Тергеуші –  Есіңізде ме барлығы?

Әлихан –  Үтір нүктесіне дейін.

Тергеуші – Маған жасаған көмегіңіз болсын, өз аузыңызбен айтып берсеңіз.....өтінем.

Әлихан – Бұл кейбіреулер айтып жүргендей алғашқы петиция емес. Қазақтар Кенеханның қазасынан кейін әр-түрлі көлемдегі талап тілектерін, әр-түрлі шенділерге беріп келген болатын. Бірақ бұл, уездной начальниктердің, әскери губерния бастықтарының, тіпті генерал губернатор немесе ішкі –істер министрінің атына емес, тікелей император атына жолданған кең көлемді бірінші петиция еді. 47 тармағын толық айтайын ба?

Тергеуші – Айып болмаса тек негізгілерін.

Әлихан – Онда негізсізі жоқ.

Тергеуші – Онда барынша қысқа және түсінікті қылып.

Әлихан - 47 тармақты былай, 5- ке бөлүге болады. Олар: Сайлау жүйесін қайта құру мәселесі, діни мәселелер,  қазақ тілі, сот ісі, және жер мәселесін шешудің жолдары.

Тергеуші – Мұқият тыңдап отырмын.

Петиция кезеңі

Әлихан мінбеде

Әлихан - Бірінші. Сайлау жүйесінде болыстарды, ауыл старшындарын және олардың хатшыларын тек сауатты қазақтардан ғана тағайындау ұсынылды. Бұл қызметтеріне кірісер кезде олардың бәрі де ант қабылдап, ешқашан қызмет бабын пайдаланып, халыққа қиянат жасамауға уәде етуге тиісті болды. Сондай-ақ қазақ халқы өкілдерінің Ресей империясынын заң шығарушы ең жоғары органы Мемлекеттік Думаға сайлануы да талап етіп қойылды.

Екінші дін. Біз діни басшылық етуді Орынбор діни басқармасының қарамағына беріп, мешіттер мен медреселер салуына еркіндік берілуін сұрадық. Меккеге қажылыққа емін-еркін барып келуді, қазақ ауылдарына христиан дінін таратушы миссионерлердің келуіне тыйым салуды, жасы кәмелетке жетпеген қазақ жастарының басқа дінді қабылдауына тыйым салу талабын да қойдық

Тіл, бұл үш. Біз мектеп қабырғасында Ислам діні негіздерінің міндетті түрде оқытылуын, «орысша сауат ашуды» содан кейін қолға алу талабын койдық. Мектептерде христиан дінін оқытуға үзілді-кесілді қарсылық білдірдік. Қазақ халқына бастық болғысы келгендердің қазақ тілін білуі тиіс екендігі атап көрсетілді, және іс қағаздарын толық қазақ тілінде жүргізу талап етілді.

Төртінші Сот ісі. Біз дала тұрғындарын сот, тергеусіз әкімшілік жолмен жер аудару ісіне наразылық білдірдік. Дала генерал-губернаторы қазақтарды кез келген болмашы мәселе бойынша да жер аударып жіберуге құқықты еді. Ең бастысы осыған қарсы болдық және біршама өзекті ұсыныс тастадық.

Және ең маңыздысы жер мәселесі. Шекара шебіндегі яғни Астрахань маңындағы ені он шақырымдық алқаптың және соңғы 20 жыл ішінде тартып алынған жерлердің өзінің бұрынғы заңды иелеріне қайтарып берілуі талап етілді. Ал қазақтардың бұған дейін көшіп-қонып жүрген аумақтарындағы басы артық жерлер Кавказ бен Ресейден қоныс аударып келетін мұсылмандарға ғана берілуі ұсынылды. Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға үйреніп игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмесін дедік. Себебі «қазақ надан, қазақ көшпелі, қазақ мәдениетсіз, қазақ жоғалып кетеді, бұларға жер неге керек»- деп оттаған дұшпандар да болды.

Жеткілікті ме?

Тергеуші – Артығымен. Сұмдық екенсіздер. Біржолата автономия сұрай салмадыңыздар ма? Ааа, сұрап та едіңіздер ғой кейінірек. Сұрамақ түгіл бөлек мемлекет құрып та алып едіңіздер ғой. Түсінбеймін не үшін соның бәрі?

Әлихан - Біздің Алматыда бір тамаша саябақ бар. Сол парктің кіреберісінде «иттер мен қазақтарға кіруге тиым салынады» деген жазу туратын. Ал ондайды көтере алатын қазағың мен емес шырағым. Дұрыс айтасыз негізі. Сіз түсінбейсіз ондайды.

Тергеуші – Ал сіз түсіндіріп көріңіз.

Әлихан – Не қыласыз түсініп?.....мақұл мынаған жауап беріңіз онда. Орысқа үш мұсылман жұртынан кім жақын. Қазақ па, татар ма, әлде башқұрт па?

Тергеуші – Татар шығар.

Әлихан – Себеп? Біз сайлау құқығын сұрағанымыз, ол теңдік. Жер мәселесі, іргені аулақ салу. Дін мен тіл, ұлттықты сақтау деп ұқтық. Дәл осы жолмен сіздер де өттіңіздер. Жерлеріңіз бен елдеріңіз қәне? Тілдерің мен ділдерің, ең бастысы діндерің қайда қалды? Татарлардың ең басты қасіреті неде, білесіз бе? Бір ұлт екіге бөлініп отыр, бірі мұсылман, екіншісі шоқынған провослав. Оған қалай жетті? Бірінші құқығынан, екіншіден жерінен, үшіншіден тілінен айырғанда қыңқ демеді. Ал тілден айырылған елдің келешегі жоқ. Надан жұрт- алдыңғы жұрттың киіп тастаған ескісін кимек. Бұл зауал әзірше башқұрт пен қазаққа келген жоқ. Бірақ келеді. Міндетті түрде. Алдымен сендерге, сосын бізге де жетеді.

 Тергеуші – Ал мақұл делік. Сол талап тілектерің орындалды ма? Жетті ме адресатына?

Әлихан – Жоқ. Еш жер қабылдамады. Бірақ біз газеттер редакцияларына, министірліктерге жаза бердік. Орыстардың отарлау саясатына петициямыздың мүлде кереғар екенін түсінбедік емес білдік оны, бірақ «түйе сұрап биеге мінудің» бір жолы еді ол. Қазір де сол ұстаным мен талаптан айнымаймын.....Қысқасы құғындалдық, қамалдық, тергелдік, бірақ дегенімізге бір табан жақындадық. Қарша бораған хаттар мен петициялар, халықтық толқулар арқасында қазан айына да жеттік. Күллі рессейді шарпыған наразылықтан, патша Қазан манифестін жариялауға мәжбүр болды.

1905жыл, қазан

( дәл осы кезде қара киінген бір кісі Тергеушіге бір қағаз ұстатып кетеді, Тергеуші  алып асығыс-үсігіс көз жүгіртіп өтіп, таң қалыстан екі көзі бағжиған күйі қағазды Әлиханға ұстатады)

Әлихан – О! Жаратқан ием, мың да бір шүкір! Ғұбайдұлла! Қайдасың достым! Ғұбайдұлла!

Ғұбайдұлла – Иә Аха, шақырдыңыз ба?

Әлихан – Сүйінші, Ғұбайдұлла, сүйінші! Ғұбайдұлла деген ғажап атың-ай, қанша шапсаң, бел кетпес қазанатым-ай Асыл жігіт Ғұбайдұлла-Азаматым ай. Ғұбайдұлла сүйінші.

Ғұбайдұлла – Қалағаныңда ал Алеке, ең қымбатым міне, әзерше. (күміс кісесін шешіп береді)

Әлихан – Мә, оқы! Дауыстап оқы.

Ғұбайдұлла – Ведомости СПБ Градоначальства...

Әлихан – Төменірек

Ғұбайдұлла – Высочайший манифест, божьей милостью Мы Николай Второй император и Самодержец Всероссиский, Царь Польский, великий Князь Финдлянский...

Әлихан – И прочее, и прочее, и прочее.

Ғұбайдұлла – Объявляем всем нашим верным поданным...

Әлихан – Міне, Ғұбайдұлла! Міне! Сен енді бәрін жина, ешкімді ұмытпа, тірі жан қалыс қалмасын алтыным!

Ғұбайдұлла – Осында жинайын ба?

Әлихан – Иә. Мен екінші қабаттың балконынан (сағатына бір қарап) Енді бір, иә, жарым сағаттан соң сөйлеймен, Ғұбаш! Тайлы таяғы қалмасын. Ал сен (Тергеушіге) Жігіттерден сүйінші сұра. Маған дереу жиналсын, сосын дереу Ахметке хабар беріңдер! Алтай асып кетсе де жетсін осында! Тергеуші - Құп болады мырза!

(көзі бал-бұл жанған Әлихан ыңылдатып бір әнді бастайды. Іле-шала секіріп билей жөнеледі. Сосын дереу тоқтай қалып, жүзі көкке қарата)

  • О, жаратушы Аллам, мың шүкір саған. Тілегенімді беріп, дұғамды қабыл алдың. Енді ұзағынан сүйіндіргей. Ел болып, есімізді жинауға жәрдем ет Алла! Жәрдем ет! Өзіңнен басқа жәрдемшіміз жоқ, Алла!

(бір жігіт құйын-перін кіріп келеді)

Міржақып – Әлихан аға! Асыл ағатайым ай!  Арманың орындалып, шаттанып жатырмысың?!

Әлихан – Міржақып! Тынысым менің өзі-дүр, ойы-алмас сөзі-мір, жеттің бе бәйге бермес тұлпарым, естідің бе асыл текті сұңқарым?

Міржақып – Хан мінетін қара жорға атадым сүйіншіңе. Естідім, ести сала жеттім.  Ғұбайдұлла патшадан жарлық кепті, тез жетсін дегенді айтты. Айтты да зытты. Ештеңе ұқпадым. Жер қозғалса қозғалмайтын Ғұбаштың өзі есі шығып шауып жүргеніне қарағанда, ерекше жарлық болып тұр ғой, ә? « Әлихандарыңның арманын орындайын, енді сендер азатсыңдар» - демеп пе Некәләй?

Әлихан – Шіркін десеңші. Бірақ олай емес, десек те нобайы сол. Өткендегі Ахмет, Жақып төртеуміздің әңгімеміз есіңде ме?

Міржақып – ыһы..

Әлихан – Есіңде болса соны пункт пунктімен қағазға түсір. Бір жүйеге келтіріп жаза бер. Ұмытқан жерлерің болса сұрап отыр. Болмаса белгіле де қалдырып кет. Сайлауға дайындаламыз, сайлауға! Ал мен үлгерсем кішігірім сөз дайындай қояйын.

Міржақып – Ооу, оны қағазға түсіру үшін. 1 ай керек қой. Оның өзінде бәріміздің қатысуымызбен... жәрәйді екі апта... болды ертеңнен бастаймын.

Әлихан – Қазір керек! Міне қағаз, міне қалам, орындық пен стол! Қалаған жеріңе жайғас та, кіріс.

Міржақып – А?!

Әлихан – Тап қазір!

Міржақып – Ұқтым, аға! Бірақ жаңағы патша жарлығын...

Әлихан – Сәл сабыр ет, қазір елмен бірге түсінесің.

(Әлихан өте көңілді ыңылдап жүріп қағаз қалам алып жазуға кіріседі. Міржақып та бір сәт ойланып ап жаза бастайды. Сырттан гуілдеген көпшіліктің үні естіледі. Ақ тер, көк тер болған Ғұбайдұлла кіріп келеді.)

Ғұбайдұлла – Әлихан аға бәріне жеткіздім. Жүз қаралы кісі ендігі есік алдында тұр.  Жан жақтан осында ағылған адамда есеп жоқ.

Әлихан – Бәрекелді. Ғұбайдұлла. Қанат бітіп ұшып шықтың ба, не істедің? Мен тіпті бір ауыз сөйлем құрастырып үлгермедім ғой.

Міржақып –  Сұлтан, жұртыңыз  күтіп қалмасын.

Әлихан – (Авансценаға жақындап есік ашқандай ишара қылады) Бисмилләһ. Ассалаумағалейкум әлеумет!

Дауыстар – Уағалейкумассалам балам! Әликімсалам ( гу ете қалады )  Әлихан – Сүйінші ағайын! Әділдік пен теңдіктің күні туды. Петербордағы ақ патша Император Николай-2 ші жарлық шығарды. Мен сол жарлықты қазір сіздерге сөзбе сөз оқып берем.

1. Даровать населению незыблемые основы гражданской свободы на  началах  действительной неприкосновенности личности,  свободы совести, слова, собраний и союзов.

2. Не останавливая предназначенных выборов в Государственную думу, привлечь  теперь же к участию в Думе,  в мере возможности, кратности остающегося до созыва  Думы  срока,  те классы населения,  которые ныне совсем лишены избирательных прав, предоставив   за сим   дальнейшее   развитие   начала    общег   права   вновь   установленному   законодательному порядку, и

3. Установить как незыблемое правило, чтобы никакой закон не мог восприять  силу  без  одобрения Государственной думы и чтобы выборным от народа обеспечена  была  возможность  действительного участия в надзоре за закономерностью действий поставленных от нас властей.

Призываем всех верных сынов России вспомнить долг свой перед Родиною, помочь прекращению сей неслыханной смуты и вместе с нами напрячь все силы к восстановлению тишины и мира на родной земле.

Мөрі басылған, қолы қойылған.

Халық – Ол не деген сөз?

  • Сонда не депті жарлықта?
  • О тоба, мұның қай жеріне сүйінші сұрап тұр.
  • Не дейді, түкті де түсінбедім. Нәкәлей дума дей ме?

Әлихан – Ағайын,  сәл сабыр етіңіздер.

Міржақып – Тынышталыңыздар әлеумет.

Әлихан – Уа Алаш жұрты! Уа әлеумет,...  өз тізгініңді өзің алып жүре алмай, шатақ даудан шықпайтын бір ескі ауыруың бар ау қазағым! Қылығыңды көріп ішім күйеді, сөз түсінуден қалғанбысың жұртым ау?! Ғұмыр өзгерілді. Ат ұрлаған адамды тышқандай өлтіре салатын орыс мұжығымен ауылдас болдық

Дауыстар - Оның рас енді

-   Енді қайтеміз...

-   Рас ау....

- Уа әлеумет, енді теперіш көрмейсің, енді сені ешкім кемсітпейді, мына тұрған орыс пен тең хақың бар дейді патша. Ойыңды күмілжемей ашық айт. Дұрыс ойлайтындар бірігіңдер, мәжіліс қылыңдар, енді қудалаңбайсың дейді. Араларыңнан кісі сайлап, жұрт қамын жоқтайтын елшілеріңді жіберіңдер бізге дейді. Яғни думаға депутат өкіл жібере аламыз деген сөз. Біз сайлау құқығына ие болдық ағайын. Сөз бостандығы берілді.

Дауыстар – Не дейді? Құдайым-ау, орыспен теңсің дей ме?

 -  Құдай сақтасын.

 - Аузы басын жүн басқан, тұрып сиетін кәпірмен тең болмай ақ қояйын.

  - Мәссаған, мынау үлкен жаңалық қой.

Әлихан – Уа Алаш жұрты,  менің айтайын дегенім әзірше осы. Бейғам болма, оян! Мен араларыңа жігіттер жіберем, шағым-пікірлеріңді, тілек насихаттарыңды айтарсыңдар.  Біз оны патшаға жеткізуді уәде қыламыз. Естеріңде болсын. « алыспаған, жұлыспаған бостандық атына мінбейді, бұғаудан босамайды. Ер-құлдықтан, әйел-күңдіктен  шықпайды, малына да, басына да ие болмайды. Осыны ұғын, осыны жан-тәніңмен сезінбесең онда бәрі зая. Ал енді оқыған тоқыған, заң-зәкүн білетіндерің ақшамнан кейін осы жерге, менің бөлмеме жиналсын. Мәслихат қыламыз. Әзірше сау боп тұрыңдар.

(Гу-гу мен халық тарай бастайды.)

 

  • Ә, бопты онда
  • Не деді өзі?
  • Түк түсінбедік қой.
  • Сен де мыжып сөйлеп естіртпедің...

Әлихан –Мен не дедім, домбырам не дейді? Құдай біледі, осылар ештеңе түсінген жоқ ау.

Міржақып – Халық қазына емес пе аға, көкірегінің көзі барлары, түсінген шығар не бопты.

Әлихан – Әй қайдам. Егер осыдан бірдеңе ұғып көкейіне ең болмаса бір сұрақ келсе, кешке кем дегенде 2 - 3 адамды өкілдікке жіберер, көрерміз.

Міржақып – 5 адамнан артық келеріне бәстесуге бармын.

Әлихан – Оны да көреміз.....

Атымда адам қойған соң

қайтіп надан болайын

халқым надан болғасын

қайда барып оңайын. Қалай тура айтқан десеңші.

Міржақып – Кімнің өлеңі, Аха? Алапат қой мынау!

Әлихан –  Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.

Бет бергенде шырайың сондай жақсы,

Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?

Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,

Аузымен орақ орған өңкей қыртың.

Өзімдікі дей алмай өз малыңды,

Күндіз күлкің бұзылды, түнде - ұйқың.

Көрсеқызар келеді байлауы жоқ,

Бір күн тыртың етеді, бір күн - бұртың.

Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың...

Өткендегі «Семипалатинский листоктағы» жазғанымды оқып па едің?

Міржақып – Абай ағанікі ме? Бәсееееее! Ағатай сол кісінің өлеңдерін беріңізші. Оқиыншы, көрейінші.

Әлихан – Міндетті түрде! Тек алдымен мына манифестті 10000 дана ғып бастырып таратыңдар, ең шалғай деген қыстаққа жететін болсын. Бағанағы тірлікті аяқтасаң, мен саған Абай жазды дегенің бәрін берем! Ол деген ғаламат Міржақып! Өзің айтпақшы алапат тасқын, дауыл сезім, және бұлтартпас шындық. Хәкімнің сендер білмейтін философиялық трактаттары бар менде. Бірақ кейін,... кейін достым. Мына жұртты алдымен ояту керек ақыным, ояту керек. Жүректе қайрат болмаса, Ұйықтаған ойды кім түртпек? Ақылға сәуле қонбаса, Хайуанша жүріп күнелтпек, дейді Абай.

Зіл боп басқан ұйқыдан оятайық. Ұлттың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздеу керек.  Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса халықтың мақсаты сонда орындалады. От тілің осындайда керек еді-ау қайран Абай, екі ауыз сөзбен оятар ма ең мына жұрттыКөзіңді аш ей қазақ, оян! Оян да басыңды көтер деп жар салар енді кімің бар? .....

Міржақып  - Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,

Қарағым, енді жату жарамас-ты...

Әлихан – ....Не дедің жаным ау? Мынау деген....

- Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,

Қарағым, енді жату жарамас-ты...

(Ахмет бастаған бір топ шығады)

Бәрі бірге -  Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,

Қарағым, енді жату жарамас-ты...

Әлихан - Бауырларым, біздің сыналар тұсымыз осы болса керек. Жұртымыз Алаш, ал Алаш қазақ болғалы атадан балаға жердің тұтастығы, елдің береке бірлігі аманат боп келді. Енді сол жүк, сіздер мен біздің мойнымызда. Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпаққа  аса көп жүк қалдырып кетеміз. Уа бауырлар кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар тұр! Ел үшін,  қажыр мен қайраттарыңды, білім мен білек күштеріңді сарқуға,  дайынсыңдар ма?

Бәрі бірге – Дайынбыз! (жаңғырық) Д-а-й-ы-н-б-ы-ы-ыз-з-ыз-ыз-з

(Есік шиқылы бәрін бұзып жібереді)

1937

Тергеуші – Иә рас, үлкен жұмыс жасалды. Өте қысқа уақытта сайлау ұйымдастыру, бір орталыққа бағынбаған, шашырап жатқан шалғайдағы бұқараның басын қосу, барынша әділ сайлау өткізіп әкімшілікті құру, бұл өте қажырлы тірлік. Бірақ бәрі бекер болды. Солай емес пе? Патшалы үкімет сіздердің думаға өтулеріңізге барынша кедергі жасап-ақ бақты. Сайлауға үлгермейтіндей қысқа мерзім берді. Десе де сіздер үлкен жаңқиярлықпен үлгердіңіздер, сосын хе- хе-хе, кешігіп болса да Петерборға жеттіңіздер.

Әлихан – Мысқылдамаңыз. Кешігу себебін білетін шығарсыз. Еш себепсіз тұтқындап қамап тастады. Менің мемлекеттік думаға выборщик болғаным, оны растаған құжат қазақ даласына жеткенше уақыт сол болды.

Тергеуші – Сонымен жеттіңіздер, бірақ жұртта қалғандай жер сипап қалдыңыздар...

Әлихан – Иә, думаны таратып жіберіпті,... күштеп.

Тергеуші -  Оған наразы болған 200-ден аса депутат Выборгтегі үндеуге қол қойды. Халықты жаппай бағынбауға, салық төлемеуге, солдат бермеуге шақырды. Оны «гражданское неповиновение» деп бүркемелеп қойдыңыздар. Ал бұл бүлікке бастау еді. Ішінде сіз де барсыз.. ааа, айтпақшы еш себепсіз тұтқындап қамады дейсіз. 1905- жылы, жалпыресейлік земстволар мен қала қайраткерлері сьезіндегі қазақ халқының жәйі туралы баяндамаңыз ше? 1906- жылы қазақ конституциялы-демократиялық партиясын құру талабыңыз ше? Осылар еш себепке жатпай ма?

Әлихан – Жатпайды. Жат-пай-ды!!!

(Әлихан атып тұрып есікке барып жұлқылай тартады.)

-Адам өз елі, өз жерінің мұңын мұңдап жоғын жоқтағанына кінәлі бола алмайды.... Егер кінәлі деп тапсаңдар онда бұл зорлық.... Баршаларыңа біз «аға» ұлтпыз,... «қамқоршымыз» дегеннің барлығы өтірік.... Аға ешқашан әлсіз інісіне қорлық көрсетпейді..... Бұл, інілерін тұншықтырып өлтіріп..... солардың несібесін жеуді көздеген тойымсыз.... мешкей,.... озбыр.... обырдың ісі.

 (Басқа есікті тартқылайды. Біресе ана есікті, біресе мына есікті тартқылап жүр. Барлық есік жабық. Келесі бір есікті тарта бергенде ол шалқасынан ашыла ішінен Ахмет шыға келеді)

Әлихан – Ахмет?! Ахмет бауырым! (құшақтай алады)

 Бәрі зая Ахмет. Еңбегіміз еш, тұзымыз сор. Биліктің беті бері қарады, ісі түзелуге бет алды деп ерте қуаныппыз. Бөркімізді ерте атыппыз аспанға. Өтірік!!! Өтірік бәрі. Бәрі кәззәп. Бәрінің ойы бір. Бәрінің ойлағаны сол. Тұқырту, езу, жаншу, талау-таптау. Шамасы келсе түк болмағандай жоқ қылу...

Ахмет – Сабыр Әлеке, сабыр. Ол баяғыдан белгілі еді ғой

Әлихан -  Иә, ол белгілі еді, айдан анық еді... десе де бұлармен ымыраласуға, бір мәмілеге келуге болады деп ойлап ем. Сеніп ем. Бәрінің күлі көкке ұшты, күйреді. Қайран армандар ай...ширек ғасырда әлемнің маңдайалдысы болуға мүмкіндік бар еді ғой. Ары кетсе 25-ақ жыл. Бұдан шығар басқа жол жоқ па сонда?!

Ахмет – Ізденгеннің түбінде бір соқпағы қалады ғой. Бар ғой ол жол, бар.

Әлихан -  Иә, бар...оны білем ғой... бірақ...осы сен қанша рет қамалдың?

Ахмет – Еее осы көргеніміз аз дейсіз бе...

Әлихан – Ол жолды таңдасақ, аз бола ма деп қорқам Ахмет. Мен думаға өтуге неге ынтық болдым, а?! Соның өзін лауазымшыл, билікқұмар деп айыптады мына жұрт. Ооо құдайым-ай. Мен таңқалам Ахмет. Ат төбеліндей ғана естияр жұрт бар. Саусақпен-ақ санарлық. Соның өзі алажабақ, ала-ауыз. Хе-хе-хе...негізі бізде партия құрылса, ағылшын парламенті жолда қалатын шығар.

Ахмет- Сенің Мәскеудегі сөзіңнен кейін-ақ ізіңе шам алып түскенін білем. Павлодардан Семейге жете алмадың ғой. Ұстады, айып жоқ. Қамады негіз жоқ. Елдегі жұртпен байланыс болмасын деп, еш арыз шағымыңа қарамай Омбы түрмесіне жеткізді, мақсаттары елден аластау. Жер аудару ма, әлде түбегейлі құрту ма, білмедік.

Әлихан - Соның бәрі мына менің басымнан өтті, менің! Менің арыз-шағымым, атты адамды аудармақ түгілі тепловоз тоқтататын күші бар еді. Ресей прьемер-министрі граф Виттеден бастап, ішкі-істер, юстиция министірлеріне тікелей телеграмма салдым, бос жатпадым.

Ахмет -  Иә өз закондарында өздерін адастырар, орысша тіл білетін мына сені сөйткенде, оң-солын білмеген сорлы қазақтың күні қандай болады десеңші.

Әлихан - Выборщик болғаным қағаз жүзінде келмегенде әй мені де босатпас еді-ау. Ал сайландық. Елдегі пыш-пышқа да, царский шолақ белсенділердің қыт-қытына да қарамай өтіп-ақ едік. Бір күнде жұмыс қылдырмай таратты да тастады. Жәй таратса бір сәрі, көк желкеден бір түйіп, май құйрыққа екі тепті.

Ахмет- «Кто виноватын» білдік, енді «что делать» Әлеке?

Әлихан – Менің мынаған анық көзім жетті. Бұл билік құрымай, бұл жүйеден құтылмай, қазақтың көсегесі көгермейді екен. Кенеханды енді түсінгендеймін. Бірақ бізде Кенесарыдай күш жоқ, күшті қойшы ең бастысы рух жоқ, сондықтан...

Жасауыл – Әлихан Нұрмұхамедович Бөкейханов?!

Әлихан – Иә.

Жасауыл –  Особое присутствие Санкт-Петербурской судебной палаты приговорило Вас по делу о «Выборгском возваний» к 3-месяцам тюрьмы. С дальнейшей ссылкой.

Әлихан – Орыс өкіметінің өзге саласы осы сендер секілді жедел әрі тыңғылықты жұмыс істесе ғой шіркін. Екі жылда еуропаны «еңкейтер» едіңдер. Бауырыммен дұрыстап қоштасуым керек.

Жасауыл – Ваше право господин.

Әлихан – Міне Выборгтің нәтижесі. Тіпті біздің кадеттер фракциясынан адам шығыны да бар. Маған қолдары жетті, бәлкім саған да  жетер. Қапы қалма. Әгәрәки жер аударар болса Самара маңын таңда. Арамыз алыс болмасын. Сол жерде жаңағы мүмкін деген «жолды»  талқылармыз. Асықпай егжей-тегжейлі сұхбаттасуға уақыт болар. Дұрыс бағыт берер болсақ, тау қопарар жастар өсіп келеді. Енді бір 10-15 жылда қазақ көгіне күн боп көтерілер азаматтар жетілуде. Саған өтініш. Жоқ өтініш емес, аманат! Айдауға кеткен Байтұрсын мен бауырларының, тас бұғауда жатқан қалың қара қазақтың, елім-жерім деп өткен әруақты ерлердің аманаты деп ұқ. Жастарды жаныңа жина. Орысшыл, билікшіл болмай тұрғанда көгірегіне от сал. Ұстазсың ғой Ахмет, тәрбиеле, бағдар беріп рухани ұстаз бол. Менің газет-журнал туралы ойымды дамыт, жолға қой. Есенқұл Маманов, Айтілеудің Тәубасы, мырза Мәдилер кез келген бастаманы қолдауға дайын. Шығарар малы мен қаражаты бар. Мен де құр жата қоймаспын...

Ахмет – Ауыр аманат артыңыз-ау Ақа. Бірақ ауыртпалықтың көбі сізде болғандықтан, арқалауға дайынмын.

Әлихан – Хош бол Арысым!

Ахмет – Хош бол ақсұңқарым. Хош ұлт көсемі Әлихан!

(Жасауыл мен Әлихан кетеді. Екінші жасауыл Ахметке жақындайды)

Жасауыл2 – Байтурсынов Ахмет сіз боласыз ба?

Ахмет – Иә.

Жасауыл2 – Вы задерживаетесь за критику Царской админстраций, прошу последовать.

Ахмет – Көрмеген құқай деймісің? Ал, баста!

Шымылдық.

2-ші бөлім.

1916 жыл

(Адайлар ортасында)

Қазақ – Осы уақыт бойы қайда болған сонда?

Қазақ 2 – Патшаның қуғындауында болып жер аударылған екен...

Қазақ 3 – Иә, 10-жылдай Самар деген қалада ұсталыпты.

Қазақ 2 – Сонда да тыныш жатпай кәзит шығарыпты. Ана «Қазақ» деген кәзитті осы шығарады екен ғой..

Қазақ 3 – Әуелі десең Ақ патшаның өзін састырып қағаз жазыпты.

Қазақ – Сауап болған екен. Әй иттер-ай а, бұлар қазақтан шыққан хан көрсе бүйі көргендей болатыны несі а?!

Қазақ 2 – Айтпа деймін. Кенесарыдан кейін бұлар да тынышталып қалған еді. Шыққан екен ғой біреуі...

Қазақ 3 – Әй, бұның ныспысы Бөкейханып дейді, өзіміздің Нұралы хан Бөкейінің ұрпағы емес пе осы?...

Қазақ – Е жоғааа, бұл әлгі аты шулы Барақ сұлтаннан тарайтын көрінеді.

Қазақ 2, Қазақ 3 – Көкжал Барақ па?!

Қазақ – Е жоға, әлгі ше (Бас кескенді қолмен көрсетеді)

Қазақтар – Аааа, анық па?

Қазақ – Енді ше.

Қазақ 3 – Әәә, арқаның төресі болды ғой онда.

Қазақ 2 – Бұның да көрмегені жоқ байғұстың. Абақты, итжеккен, жер-сібір бәрін көріпті. Не деген жаны сірі десеңші.

Қазақ – Ойпырмай, өзі де қайтпас қайсар екен-ау, ә. Суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтынның өзі десеңші.

Қазақтар – Түкір ойбай, тіл көз тимесін, асыл сүйек қой қайткенмен.

Ақсақал – Оу ағайын! Мына араны ашылған ақ патша бізден салдат алам  соғысқа деп дікіңдеп отыр, әннәссіL. Соғыс болғанда да соғыстың қара жұмысына. Соған наразы болған халық көтерілем деп жатқан жәйі бар. Ол дұрыс! Қашанғы үндемей отыра береміз. «Әйт-шү, атқа қон» десек аттандағалы тұрсыңдар. Бірақ... сол «әйт-шү, аттан» дегенді айта алмай дымымыз құрып, ауыздың буылып тұрғаны да жасырын емес.

Халық – Неден буылады ол?

  • Сөйлейтін рет сіздікі ғой...
  • Неден қорқасыз..
  • Тосылмаңыз анассыL
  • Сіздер сөз ұстамағанда кім ұстайды?!

Ақсақал – «Атқа қон, аттан» дейтін құзіретті маған кім беріпті? Шариғат талабы сөйлетпей тұр ғой әлеумет!... Кәрі қойдың жасындай ғұмыр қалғанда, маған, атқа қонған әр боздақтың жаны мен қаны ғана емес, жерге түскен әрбір тал шашына жауапкер болу оңай ма? Қалай арқалап кетем ондайды? Мәймөңкеге салып, ұзын арқан кең тұсаумен созбақтағанымыз да сол себеп. Алладан жасыра алмағанды сендерден қалай жасырамын жәмиғат. Енді міне, ел тізгінін өз қолына алар, керек болса «ғазауатын» да жариаға жар салар азаматың келді. Сүйінші ағайын!!! Ағайыңға малын аямаған, елі үшін жанын аямаған, асылдардың сынығы, текті тұқым ханың келді ортаға. Қолпаш-қошеметіңді көрсет те, бас ие болар ханыңды қарсы ал!

  • Хан келді, хан келді!
  • Уа ақсарбас, ау жаратқан.
  • Мың шүкір саған тәңірім.
  • Хан келді, хан келді.
  • Ооо боздағым-ай (қуаныш пен жоқтау араласқан шу)

ӘлиханХалайық! Бұлай құрмет көрсетулеріңе лайық еңбегім сіңді- деп, мақтана алмаймын. Бұрын мұндай құрметпен қарсы алынып көргенім жоқ, сондықтан құрметтеріңе лайық жауап беруге тосырқап тұрмын.

Ақсақал – Тақсыр, сіздің қадір-қасиетіңізге ылайық құрмет көрсете алмай тұрмыз ба деп біздер қысылып тұрмыз. Өз елің, өз жеріңде салтанат құр да билігіңді жүргіз. Ие бол мына жұртыңа. 40 кісілік ақылыңды бер.

Әлихан – Уа әлеумет, онда құлақ салыңыздар. Мені басшы деп, өздерің қосшы болғандарың рас болса... ең алдымен мынаны уағдаласып алайық...

1937

Тергеуші – Иә, нені уағдаластыңыздар?....айтқыңыз келмей ме? Жәрәйді еркіңіз білсін. Бұған жауап бермесеңіз де болады.

Әлихан – Әдетте «аналардың» профилактикасынан кейін келуші едіңіз...

Тергеуші – Неге каспий маңы? Дәл сол кездері қателеспесем күллі Жетісу дүрк көтеріліп Албандар қан майдан ашып жатты білем. Әлде Адайлар қауіптірек пе еді?

Әлихан – Жоқ. Соғыста есесі кетіп жатқан империя жаралы қасқыр секілді еді. Ал жаралы жыртқыш ешкімді аямайды, оны білесіз. Оның үстіне адайлар орыс ауыр әскерінің қолы жететін жерде еді. Каспий маңына міне сондықтан бардық.

Тергеуші – Ел бекер қырылмасын дедіңіз ғой солай ма? Иә қандай келісімге келдіңіздер ол жерде?

Әлихан – Мен қазақтан солдат алуды сәл шегере тұруды, ең болмағанда күзгі жиын терімнен кейінге қалдырсын деп сұрап сан мәрте өтініш білдірдім. Ал өзім жер жерлерге барып көтеріліс жасамауға шақырдым. Түсіндіру жұмысын жүргіздім. Тіпті тылдағы жұмыстарға жастар барсын деп үгіт қылдым.

Тергеуші – Себеп? Жастар басқа өмірді көрсін, бөтен тыныс тіршілікпен, қару жарақпен, соғыспен, ең болмағанда сырттай таныса берсін, ол тәжірбие жақын арада өзімізге керек болады деп пайымдадыңыз. Дұрыс па? Тіпті солармен бірге болам деп уәде де бердіңіз.

Әлихан – Бәрін біледі екенсіз менің уәдемде тұрғанымды да білетін шығарсыз?

Тергеуші -  Білеміз. Қазақ жастарын қазақ басқарсын деп дау шығарғаныңызды да білеміз. Оларға «неше түрлі ақыл» бергеніңізді де білеміз. Тіпті тылдағы жұмысқа аттанған әрбір қазақпен кездесіп шыққаныңызды білеміз. Көпе көрнеу ұлтшылдық

Әлихан – Сонда өз ұлтыңды сүю күнә ма?

Тергеуші – Иә. Себебі біз бүтін бір совет халқымыз...

Әлихан – Өз сөзіңізге өзіңіз сенбейсіз. Осы Совет халықтары, қаншама жұрт, өктем болған орыспен тең бе? Бәріміз бір совет халқы болсақ, онда «совет» тілін ойлар табайық та. Жаңа тіл болсын. Неге ол мысалы Қазақ тілі емес? Неге башқұрт, молдован, тәжік тілі емес? Неге орыс тілі болу керек? Біздің Ахметке тапсырсын, түркі тілімен славянды будандастырса да бірдеңе ойлап табарына күмәнім жоқ. Бірақ өйтпейді бұлар. Неге?! Бұның жауабын сіз де жақсы білесіз. Бірақ айтпайсыз. Бұл орыс ұсынған құлдық қамытты кию. Сосын бас көтермес көтерем боп ақыры ауыр тиген қамшыдан күндердің күні өліп жан тапсыру. Тарих бедерінен аты өшу.

Тергеуші – Ұлы Лениннің идеясын сіз, сіз...

Әлихан  - Сұрақ жауапты жалғастырсақ қайтеді.

Тергеуші – Жалғастырайық. Тәәәк... Самара кезеңі... мынаны сұрадым, мынаны білдік....ыхыы... Керенскиймен кездесу... аты шулы «Речь» пен «Слово» газеттерімен байланыс... «Сибирские вопросы»дағы мақалалар... «Жаңа энциклопедиялық сөздік» редакторлық... һм! Танданысымды жасыра алмаймын, өзіңіз қуғында жүріп газет шығару, енді бұл дегенің...тіпті сөзім жоқ. А, міне. Бұл жерден менде сізге 2-ақ сұрағым бар. Біріншісі, императорлық конвой командирі князь Трубецкоймен қандай байланысыңыз болды, жәнее...және.. жоқ. Алдымен осы сұраққа жауап берсеңіз. Қысқа әрі нұсқа.

Әлихан – Григорий Ивановичпен бізді, думадағы ескі досым Михайл Караулов таныстырды. Таныстыру себебі... мен Мишаға яғни Карауловқа, қазақ жеріндегі патша жендеттерінің шектен шығулары, олардың заңды белден басып қазақтардың жерлерін тартып алып жатқандығы туралы айтқан едім. Сөзімізді қынжылыспен тыңдаған ол, князьбен таныстыру ниетін айтты. Ондағы мақсаты, біздің императорға тікелей шағым түсіруімізге септескені еді.

Тергеуші – Түсірдіңіздер, және тиісті жауабын алдыңыздар да. Және осының бәрін сіз, саяси ссылкада жүріп ақ тындырдыңыз, солай ғой? Бір Самарамен шектелмеген екенсіз, Петербургке де  жетіп патшаның «безобразие, вернуть! Николай-2» деген резолюциясын алдыңыздар, бірақ сол іске асты ма? Асқан жоқ. Себеп?

Әлихан – Себебі «шаш - ал десе, бас – алатындар» әр кезде де табылады екен. Жоғары жаққа сілтей сала, төмен жақта неше түрлі әрекет орын ала береді екен. Дәл қазіргідей...

Тергеуші – Екінші сұрақ. Бұл енді экстравагантныйлау сұрақ. «Полярная звезда», «Великий восток народов россий» тбб, бұлардың бәрі...

Әлихан – Массондар ложасы. Бұл туралы не айтайын?

Тергеуші – Мүмкіндігінше бәрін. Мүшесі болдыңыз ба, болсаңыз қашаннан, не мақсат, қандай мүддемен?... стоп! Жауап бермей ақ қойыңыз. Сіз одан да мынаған жауап беріңіз. (сыбырлап) протоколдан тыс сұрақ. Айтыңызшы біресе ана партия, біресе мына партия, біресе демократ, біресе «менщевик», тіпті массондар. Ақыр аяғы «больщевик». Бұл не деген тұрақсыздық? Әлде принципсіздік пе?

1917-1920жж

Үкімет мүшесі СС – Жоқ, неге ұстанымда айни бердік, біресе ана партия, біресе мына партия, біресе демократ, біресе «менщевик», тіпті біз естімеген ұйымдар. Ақыр аяғы «больщевик». Бұл не деген тұрақсыздық? Әлде принципсіздік пе?

Әлихан – Менің әр кездердегі әртүрлі көзқарастарым сіздерге тұрақсыздық, тіпті принціпсіздік болып көрінсе көрінер, ал өзім үшін және ұлы мүдде үшін ол нағыз табанды тұрақтылық пен принціптілік. Мен ұлт мүддесі үшін партияға кірдім. Әгәрәки ұлт мүддесіне кереғар келсе, шықтым. Біліп қойыңыздар, қай партия Қазақ үшін жәйлі жағдай жасаймын десе, мен соның қатарынан табылдым. Егер ұлт мүддесіне қызмет ететін ұстанымы мен бағыты болса, Алаш жұрты  мақсаттарымен  үндессе мен тіпті сайтанның сапалағымен мәмілеге келіп қол ұстасар ем.

Үкімет мүшесі СС – 100-жыл құзғын болғанша, аз күн сұңқар болған артық деген ұстанымыңыз ше?

Әлихан – Жеке бас мәселесінде одан айнымаймын. Бірақ жеке позициям ұлы мүддеге керағар келсе оны тәрк етем. Яғни ұлт үшін, 100-жыл тұрмақ мәңгі бақи  құзғын болып, бит теріп кетуге бармын. Және әрқайссыңыздан осыны талап етем. Мына жерде сол орнықпай ( басын нұқып көрсетеді) ештеңе де болмайды. Менің саяси көзқарасым мен ұстанымымды айқындап болсақ мәжілісті жалғастырайық....иә, автономия мәселесі күн тәртібінен түспейді. Бұл салада барынша  майдан қыл суырғандай әрекет керек. Ертеңгі автономия мен одан арғы дербестікті ойлағаннан жер мәселесін біржақты қылып нүктесін қоялық. Менің айтарым егер біздің қазақ жерді меншікті қылып алса, башқұртша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып жалаңаш қалады. Бұл айдай анық. Алдыңғы дәлелдерім көңілдеріңнен шықса, дауыс берейік. Мен сатылуға да,  жалға берілуге де қарсымын. Кім қарсы емес қолын көтерсін... (ешкім көтермейді) кім қарсы?... Бәрекелді. Келесі мәселе. Жаһанша?!

Жаһанша – Күн тәртібінде ұлттық әскер жасақтау, оның қаражаты мен құрылу жолы туралы сөз.Міне мынаумен танысып шығыңыздар, ертеңгі сегізде ұсыныс пен пікірлеріңізді білдіресіздер, сосын...

Әлихан ( жан жағына бір көз жүгіртіп алып ақырын сыбырмен) әзірше ұлттық деген сөзге көп әуес болмайық. Үй сыртында кісі бар. Ми-ли-ция. Сонау кездері бірінші думаға сайланғанымда, қазақтарды әскери міндеттеу туралы жарғы дайындап апарғанымды бірің білерсің, бірің білмессіздер. Бірақ ол іске аспады. Енді зор мүмкіндік бар. Айтыңдаршы, орыс мұжығымен қыр қазағы тең бе? Әлбетте тең емес. «Шіркін орыс мұжығындай правоға ие болсамшы дейді қазақ. Ал енді орыс мұжығы, қару асынған казакпен тең бе? Міне мәселе қайда. Қазақ өліп кетсе де  мұжық бола алмайды, өйткені ол орыс. Ал казак бола алады. Ол үшін әскер ісін меңгеріп міндетін өтесе көп нәрсеге қолы жетіп, дәреже жағынан да биік болады. Оған қоса ертең ел боламыз десек, елдігімізді сақтар әскер... яғни милиция шұғыл керек. Ертең пікірлескенен кейін дауысқа саламыз. Келесі мәселе?

Жаһанша – Қоқанд автономиясы. Мұстафа Шоқаев.

Әлихан –  Егер қарсы болмасаңыздар Мұстафаның сөзімен алдымен өзім танысып шықсам.

Үкімет мүшесіСС -  Неге? Қазір дайын болса неге оқымайды. Неліктен алдымен сіздің танысуыңыз керек. Бұл тағы....

Әлихан – Мырзалар, бәлкім кішкене үзіліс жасармыз?

Бәрі – қарсы емеспіз.

- иә бір бел жазып алайық.

- тұрайық кішкене, әйтпесе таңғы алтыдан отырмыз..

Әлихан – Сәдуақас, бір сәтке былай жүрші...

( Бәрі тыныстап тұр, бір екеуі шылым шегіп, бір екеуі шақшаларымен бөлісуде. Жастар керіліп созылып жүр. Арт жақта Әлиханның дауыс көтеріп зілденгені еміс-еміс естіліп қалады)

Әлихан – Жалғастырамыз!... Талас дүние ғұмыр сипаты, талас тартыс жоқ болса ғұмыр абақты болар еді. Келесі мәселе...

Жаһанша – Мал, егін шаруашылығы. Ішкі экономикалық мәселелер. Докладчик Бөкейхан. А. Н.

Әлихан –Біз қай бағытта елді дамыту керек деп таласқа түстік. Завод – фабрика, темір жол салу, техниканы игеріп ғылыммен айналысу керек емес демеймін, бірақ ең алдымен қолдан келер шаруаны дөңгелету керек. Ал қазақтың қолынан не келеді? Әлбетте мал бағу. Бұны дұрыс түсініп намыс көрмеңіздер. Еуропаның алдыңғы қатарлы елдері еш намыстанбай-ақ осы малмен күнелтіп отыр. Жәй күнелтіп отырған жоқ, елін алға сүйреп отыр. Қазақтың жері - малдың кіндігі. Алайда кең байтақ жер мен төрт түліктің қадірін біз білмей отырмыз. Мен іргелі біраз елді зерттеп көріп мына тоқтамға келдім. Мысалы бізде сиыр еті 10 пұт 21 қадақ, ал Германияда 17-18 пұт. Міне, мәдениет бойы биік аласасы көрініп тұр. Көп жерде отырып мал да асырай алмады деген осы болады. Қазақта 1000 адамға 1750 сиырдан келеді. Бұл орыстағы мың адамға келетін сиырдан 5,5 есе, еуропадағы мың адамға келетін сиырдан 28 есе артық. Қазақ жүрген барлық 240 миллион десятина жерді, мұның ішінде мұжық алған жер де бар, осыны миллион қазаққа бөлсең 240 десятина болады. Бұл жер мұжық сыбағасынан 15-16 есе көп. Жеріміз 16 есе, сиырымыз 28 есе артық, ал халіміз мүшкіл. Еуропадағы кішкене мемлекеттердің бірі Дания. Жері 49 мың 83 шаршы километр. Адамы 2,5 миллион. Жері қазақтың бір оязының жерінен аз, адамы –орташа екі облыстың еліндей... жалпы елінің білімділігінен, кәперәтипке сүйеніп іс қылғандығынан байлық күйедей жағып отыр оларға....1899 жылдың басында 1273 кәперәтибі болыпты, 1 кәперәтипке 500 бұзаулы сиырдан келген. Олардан сарымай, ірімшік істейтін, 4 сомнан бастап 20 сомға дейін тұрарлық заттары бар.... бүкіл еуропаны былай қойып ресей асырып отыр тауарын....Кәперәтип болмаса мұндай зор іс 2-3 сиырлы шаруа қолынан келе ме? Сондықтан біздің қазаққа қазіргі кезде баласын оқытатын мектептен, жерін гүлдететін судан кейін керегі, елге қызмет қылатын, май алатын, жүн жуатын, тері илейтін, ет сататын, мал өсіріп егін салатын кәперәтип керек. Бізді айтпағанда мына орыс мұжығынан Дания шаруасы 20 есе бай. Ресей мұжығы олақ егінші, дания мұжығы шебер малшы келеді. Орыста білім мен ғылым бар екені рас, бірақ ол көштен қалған. Салыстырмалы айтқанда ол бастауыш білім іспетті. Ал қазаққа дәл қазір керегі жоғары білім, яғни университет. Сондықтан мойынды орыстан әрі, еуропаға созу ләзім. Мейдзи революциясын кім біледі? (бір екі адам ақырын шығып кетед) Мына бізге алпауыт көрінген ресей, әскер саны 6-есе артық бола тұра алақандай жапон елінен тас талқан болып жеңіліп «Портсмут келісіміне» қол қоюға мәжбүр болды. Қандай шығынмен? Сахалиннің оңтүстік бөлігінен айырылды, Ляодун жарты аралы мен Оңтүстік-Манчжурия шойын жолы арендасынан тағы айырылды. Ал сол жапоның ондай күш-қайратқа қалай жетті? Күні кеше ғана тоқырауда отырған ел еді. 1868 жылы Мейдзи ісі басталып бас-аяғы 21 жыл ішінде қазіргі әлеуетке жетті. Менің үлкен арманым дәл сол реформаны қазақ даласында іске асыру. 25 жылда түсімізде көрмеген жетістікке жете аламыз. Ол бек мүмкін іс. Дін менен ділді ұмытпай ұлттық нақышқа келтіріп іс жүргізер едік. Тек біз боданбыз, бірақ әзірше...  (Жан жағына қарасы адам көрінбейді. Біртіндеп бәрі шығып кетіп қалған)

Әлихан – .....әзірше... (Ахмет келеді, Әлиханды жұбатқандай болып, құшақтап арқасынан қағады, екеуі тізе бүгеді) ....біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос...

Ахмет –  Түсіне қарап, ішінен түңілме! Күшіне қарап, ісінен түңілме... сабыр ет,  «жұмаққа барғым ақ келеді бірақ күнәларым жібермейді» деуші ме еді мына орыста... қазаққа жұмақты бір күнде орнатқымыз ақ келеді, бірақ....

Әлихан – Келеді қолдан. Кейбір мәселе, әсіресе ұлтқа байланысты істер көпшілік талқысына шықпауы керек. Соны түсінбейді көбі. Мен «а» десем ол «б» дейді, былай айтсам былай тартады. Ақыры,  -масаның сигенін көріп пе едің дедім,  «жоқ»- дейді, міне саясат дегенің сол дедім.

Ахмет – ха- ха –ха... сөйтсең не дейді?

Әлихан – Сен ұлт көсемі бола алмайсың, қатының орыс дейді. Мен не деймін, ол не дейді? Мені ұлт көсемі қылыңдар деппін бе? Жалпы кім айтып жүр олай? Қызық .... һәм қорқынышты....сен де сол қосақтың ішіндесің Ахметжан, күлме...ал сен айтшы маған, сен неге орыстан алдың?

Ахмет – Саған еліктедім емес пе. Алдыңғы арба өзің боп тұрсың ғой енді, хе хе

Әлихан – Жауабының түрін. Өзің білесің мен өте кеш үйлендім. Мен құралпы әйелдер әже бола бастағанда мен жалғыз едім. Елде тұрмыс құрмаған қыздардың ең ересегі 16да, ал мен 30дың мол ішіндемін. Не балаңмен жасты өспірім аласың, не жесір қалған келіншек, екінің бірі. Сосын күйеу кәде басталады. Арғыннан алсаң арғын тартады, керей өзіне, қалың найман өзіне. Абылайша әр рудан бір қатын алып бәрін қарық қылу керек, немесе ең тынышы орыстан алып бәрінің аузына қақпақ қою. Осы екіншісі бұйырды ғой... Ау ақыр аяғы сезім, ұнату деген бар емес пе, шариғатқа қайшы келмейді. Бұйырса кәлимасын айтар. Ал әйел болсам онда әңгіме басқа. Іріңі аққан таз болса да қазақтан кетпес едім хы-хы.... Ахмет, мен қорқамын.

Ахмет – Неден?

Әлихан – Білмеймін... біздің жұрт талай зобалаңнан аман өткен жаны сірі жұрт. Сонау «ақтабан-шұбырындыдан» бастасаң есепсіз қиындық көрген екен. Бірақ сол зұлматтардан қалай аман шықтық, қалай осы күнге жеттік? Ешкім оны есепке алып жатқан жоқ. Қазақты талай аласапыран мен аштықтан аман алып қалған ол мырзалық! Бізге, яғни қазаққа ғана тән жомарттық. Ол қасиеттің «ошағын» сақтап отырған біздің дала мырзалары мен байлары. Кедей жомарт болса да ештеңе бөліп бере алмайды. Міне сондықтан біздің байларға деген көзғарасты өзгертуге жанын салып жатқан мына өкіметтің бір есебі ішінде. Егер «бірдеңені» біліп істеп отырған болса, онда мұның ақыры өте жаман болады. Міне содан қорқам.

Ахмет –  Бақа мен сарышаянның оқиғасын білесің бе?... бір бақа сарышаянды өз үстіне міңгізіп судан өткізбекке келіспті, бірақ алдымен сарышаяннан шақпаймын деген уәдесін алады. Сонымен үстіне міңгізіп ап дәл өзеннің ортасына келгенде сарышаян оны шағып алыпты. Бақаның «неге шақтың?, енді екеумізде өлеміз ғой» дегеніне сарышаян «қайтем енді мен осындай опасызбын өз табиғатыма қалай қарсы тұрайын» деген екен. Қайтесің енді бәрі опасыз, ұлығың да кішігің де. Кейде жұрттың өзі опасыз боп көрінеді маған. Мен тіпті неден қорқатынымды да білмеймін, «олардың» ел-жұртқа көрсетіп отырған осыншама шектен шыққан қасіреттерінен бе, әлде ел-жұрттың сол нәубетті әдеттегі жағдай ретінде қабылдап көз жұма қарағанынан ба? Көресіңді көрмей көрге кірмейсің деген бар. Бұл да бір Алланың сынағы ғой.  Мүмкін сәл дамыл табу керек шығар, бәлкім....

Әлихан – Елге бармағалы көп болды, кәрі шешеме амандасып 1-2 апта аунап қунап қайтам ғой дейм. Иә ертең аттанам.... бақаң ақымақ екен, ал біз сол бақамыз ау шамасы

Жаз болса жарқыраған көлдің беті оу

көгеріп көрінеді япыр-ай алыс шеті еей

дірілдеп толқын басқан мөлдір суын ай

шайқайды жас баладай япыр ай желдің лебі ай...

Тоқырауын

Анасы – Бүгін бір түс көрдім. Ақ шаңқандай алты қанатты ақ үйде жатыр екенмін. Шаңырақтан аспан көрінеді. Аспанның түсі құдай салмасын қып-қызыл екен деймін. Дәл бір қан секілді. Сол аспанды айғыздап әрі бері бірдеңе жүр екен. Басымды көтеріп анықтап қарасам, жаңағым құс болып шықты. Құс болғанда да құс төресі ақсұңқар екен. Сол ақсұңқар бірте бірте жақындай береді, ішке кіргісі келетін сыңайлы. Ағызып ағызып келеді де түңлікке жақындағанда шалт бұрылып зу ете қалады. Зу ете қалады да қайтадан қанды аспанға қиялай тартады. Содан қайтадан төмеңге құлдилайды. Ол жарықтық жақындаған сайын менің көкірек тұсым езілгендей болады. Кеудем қысылып, жүрегім атқақтайды. Бір кезде тәуекелге бел буды ма білмеймін, жаңағы ақсұңқар тағы да өзін тастап кеп жіберді. Бұл жолы кіретін сыңайлы. Екпіні күшті. Атқан оқтай боп ағып келеді. Міне шаңыраққа жақындап қалды. Енді соның арасынан соғылмай мертікпей өтсе болды менің, кеудеме қадалайын деп тұр. Жасқанғаннан көзімді жұма  бердім. Бірдеңе сарт ете қалды. Көзімді ашып қалсам шаңырақ дегенім торға айналыпты, соның ішінде қанаты қайырылып, тыпыр-тыпыр етіп ақсұңқар кетіп барады. Ал тор болған шаңырақ құсты жанжақтан қымтай қойып тууу биікке, қан-қызыл аспанға көтеріп барады. Шаңырағынан айырылған соң уықтар тұра ма? Бәрі сау етіп ішке құлап түсті. Соның бірі маңдайма тиіп жылымшы бірдеңе ақты. Қап, «басымды жарып алдым ау»- деп қолыммен шекемемді сүртсем, жылымшы дегенім қан емес сүт екен, бұл қайдағы сүт десем, бағана көкірегім езіліп жатқандай болғанда тас емшегім иіп сүт атқылап қоя берген екен. Омырауым малмандай. Байғұс құсқа бұйырмағаны ай деп аспанға көз тіксем ақсұңқардың бір тал қауырсыны құлап келеді екен. Жерге түсірмей қағып алайын деп қарманғанымда оянып-ақ кеткенім. Ақ-тер, көк-терге түскен екенмін. Бір қызығы көкірегімде шынымен де бір қауырсын жатыр. Өңімде! Міне ол. Атам қазақ түс түлкінің боғы дейді, дей тұра түсіңді қалай жорысаң солай қатып қалады дейді. Осы түсті өзіңе жорытайын деп әдейі ат жіберіп алдыртқан жәйім бар. Айып көрмессің замандас.

Қария – Еш айыбы ханым. Бір пайдам тисе қәнеки. Жалпы біз түсті үшке бөлеміз. Бірін Илләһи немесе рахмани түс десек, екіншісін шайтани түс, ал үшіншісін күндізгі көрген, еске түскен жағдайттарға құрылған маңызсыз түс дейміз. Сіздікі Ин ша Аллаһ барлық жағынан Илләһи түске келеді.... қан түстес аспан.... негізі қан көрген адам ол туысын, не жақын жұрағатын көреді. Ал басын айнала құс ұшса ол бақыттың белгісі. Құстың үйге кіре алмауы, қандасыңның жете алмауы....бірақ шаңырақ сіздікі болғандықтан отауға түсуін білдірсе керек. Уықтардың құлауы, сағыныш болған ай мен күннің бітуі. Маңдайға тиіп қанауы өз қаныңнан болған туысың, ал сүт көру арманыңа жету. Бұл жорығаным емес. Бұл адам түсінде не көрсе соны білдіретіндері. Жолаушы тосып отыр ма едіңіз?

Анасы – Жоқ, тек Әлиханымды көрмегелі жылдың жүзі болып еді. Бірақ ол келерінде міндетті түрде хабар беретін. Әдетіне берік еді....

Қария – Онда сол....

Дауыс – Апааа! Сүйінші, Әлағам келеді, сүйіншіііі....

(Анасы үш ұмтылып тұра алмай қалады)

Анасы – Ақсарбас! Ооо Алла жар бола көр, ақсарбас, ақсарбас.....

Бозбала – Апа! Әлихан ағамды әскерилер алып кетіп барады. Ауылға жеткізбей ұстапты.

Анасы – Не дейді?! Әкел атты!......Әлихаааан, Әлихааан, ұлым.... тоқтаңдар!

Қария – Еее дүние-ай ... өзін өзі жорыған түске не айтасың....

(Әлихааан деп зарлаған ана дауысы ат дүбірімен қоса естіледі. Сахна бос)

Солдат – Стой старуха не положено, стрелять буду! Стоять!!!

Әлихан – Апа жақындама. Бұлар да ес бар деймісіз?.... Мен қызметтеріңе кедіргі келтірмей ілестім. Енді анаммен қоштасуға сендер кедергі етпессіңдер,... солай ма?!

Үш солдат бірдей (арбалып қалғандай) – Так точно!!!

(Әлихан анасының алдына барып тізерлей қолын алып сүйеді)

Анасы – Тұр балам! Айыбың не?

Әлихан – Айыбым ел болам дегенім апа. Алты алаштың әруағын көтеріп, орда құрдым. Астанасын бекіттім. Елдің хан баласындағы хақысын беру еді тілегім.

Анасы – Онда алдыңнан жарылқасын. Алланың алдында таза болсаң, ештеңеге қарайлама. Кебенек болсын кигенің.

Әлихан – Қолыңа бір жылы су құйып бере алмай кетіп барам апа. Мені қойшы сен мауқыңды баса алмай қалдың-ау. Қызмет, тірлік деп жүріп өзіңе лайықты көңіл де бөлінбепті ғой . Соған өкінем.... алай - бұлай боп кетсең, топырақ та сала алмаймын ау деп қорқам апааа....

Анасы – Босама! Мына шірінділерге көрсетпе көз жасыңды. Кештім! Ақ сүтімді ақтадың деп батамды берем. Екі дүниеде ризамын саған. Бізге алаң болмай аттан. Ел ішіндеміз ғой, құдайдың басқа салғанын көрерміз. Бар!

Әлихан – Рахмет.....

1931-1933

(Бір өшіп бір жанған жүйкені әлсіретер жарық. Темір есіктердің салдыр гүлдір ашылып жабылғаны. Тепкі мен соғудан қиналған дауыстар. Ыңырсу. Айғай шу аласапыран. Бір кезде Әлихан басын жұлқа көтеріп алады. Осы сәтте бәрі тым тырыс болып тынады.)

Дауыстар –  Құдай үшін... бір тілім нан беріңіздерші... (есік қағады)

Әлихан – (телеграмма оқиды) Голощекин Ф. И. Басқаруға барады....(бір бәлені сезгендей болады)

Дауыстар - ...мыналар қайдан шыққан бәлелер?.... қуып тастаңдар әрмен...

Әлихан – (телеграмма оқиды) жетісу мен қызылорда маңы жаппай......(жаны шығып кете жаздайды)

Дауыстар – құдай ау ең болмаса мына бала үшін бірдеңе беріңдерші, аяқтарыңа жығылайын....(ескті дабырлатып көбірек қағады)

Әлихан – (телеграмма оқиды) арқадағы қазақтар босып кеткен, адам шығыны жүз мыңдап......саналады?!?! (аласұрады)

 Дауыстар – жандарым-ау құлдарың болайын, өлтірмесеңдер бірдеңе беріңдерші (есікті топсасынан шығарардай тепкілейді. Ұзақ соққылайды)

Әлихан – Әй! Қайссың барсың? Кім бар? Кім бар мұндаааа? Ашыңдар! Иттер! Аюандар! Жұртым оу енді қайтейін? Не істейін енді? Ашыңдаршы, алтындарым ашыңдаршы, мен Сталинмен кездесуім керек... кеткен кегі болса мені-ақ өлтірсін, бәрін қояйын, көз көрмес құлақ естімеске кетейін, қарамды батырайын, елге тимесінші, жұртты қырмасыншы, қырмасыншы елдіііііі....аааааааа......аааааааааа.......ыммммм (жындана бәрін қиратады)

  (екі-үш солдат жүгіріп кіріп, бас салып қолын қайырып ұстайды. Біреусі қалтасынан хат алып шығып Әлиханның көз алдына әкеледі.)

Солдат – Мә, оқы. Дұрыстап, дауыстап оқы. (Іштен бір переді)

Әлихан – Әзірше орта есеппен алғанда, ашаршылық салдарынан.......

3567459 ...... (мәңгіріп тұрып қалады, ештеңе естімейді, көрмейді. Алдындағы дәу солдатты алқымынан ала түседі. Сығып қылқындырып өлтіріп барады. Екеуі ажырата алмай әлек. Бір кезде біреуі мылтық дүмімен желкеден бір ұрып құлатады.)

Жарық сөнеді. Тас қараңғыдағы дауыстар.

Дауыстар – На сука! На! На! (Аямай тепкілеу. Тас қараңғыда.)

  • Давай по почкам... На.., на! Умри сссука!.... Контра блеать.
  • Давай теперь по печени. По печени! Отбей ему кишки....

Әлихан— Бауырыыым...

(Жарық берілгенде мәйт жанында отырған Әлихан көрінеді)

Әлихан – Бауырым. Сымашым ай,... боздағым... көресіңді көрмей көрге кірме деп тастап кеттің бе мені, сенсіз де сорлап отыр ем ғой құлыныммм...

Ахмет – Сабыр етіңіз Әлеке... жұрт жиналып қалды, елден де біраз адам келіпті, жүріңіз ең болмаса киім аустырыңыз. (Екеуі кетеді)

Күллі қазақ интелегенциясы көңіл айтуға келеді. Байтұрсынұлы Ахмет. Дулатұлы Міржақып. Халел, Жаһанша Досмұхамедовтар. Сәкен, Ілияс, Бейімбет. Тұрар, Әлімхан Ермеков, Сәбит Мұқанов, Мәриям Мұқанова. Мағжан, Бейімбет тағы басқалары.

Әлихан шыққанда бәрі кішірейіп шынай ұлт көсемінің алдында тыпырлап қалады. ӘЛИХАННЫҢ МЫСЫ БАСАДЫ!!!

Әлихан – Көңіл білдіргендеріңе рахмет. Сымағұл менің күйеу балам емес ұлымдай еді қайтейін... Сәдуақасов Сымағұлдың қарызы қалған адам маған келсін... немесе кешіңдер.... жақсы адам ба еді?

Бәрі – Иә. Жақсы адам еді. Жақсы адам еді.

Әлихан – Жақсы болса Сымағұл, жап жас күйі неге мына табытта жатыр? Неге?! Ауырып па еді? Дертті ме еді?...әлде жеті атадан бері келе жатқан қысастарың бар ма еді?... не болдыңдар? Не болдық?...        Рас, ел болу жолында таластық тартыстық. Рас, айтысып атыстық. Алтыбақан ала-ауыз болдық. Бір бірімізді қаралап жаздық. Бірақ кімге жаздық? Ақыры не болды?... нәтижесі кешегі Жүсіпбек, бүгінгі Сымағұл мен жаутаңдаған кіл боздақ, ертеңгі қара құрым халық. Жеріміз кеңіді ме содан?  Ұшпаққа шыққанымыз қәне?  Болды! Дәл осылай жалғаса берсе осы тұрғаның түгел қырыласың, айтпады демеңдер. Бетке ұстары бет жыртысып жатса, елге ие болар сонда кімің қалады? Сондықтан сөзіме құлақ сал ағайын. Бұдан кейін иә көрісерміз иә көріспеспіз, менің айтқанымды жетпегенге жеткізерсіңдер.

Ақиқатында дұрыс жол, ол әлбетте жалғыз. Сол жолға кімдер түсті, оны біз бағамдай алмаймыз, ол уақыт еншісінде. Келер ұрпақ бәрін өз орнына қояр. Қаламның кісі өлтірмек түгілі қан қасапты соғыс бастайтынын білдіңдер, енді абай болыңдар. Бірдеңе жазар болсаңдар, шимай шатпақтарыңның арасын екшеп отырыңдар. Әсіресе кешегі мен бүгінді, ертеңге жеткізер санаулы ғана жазушың бар, солар қосақ арасында кетіп жүрмесін. Біздерді қойшы анау арыны от Мағжанды, Бейімбет пен Мұхтарды сақтаңдар. Біздің аманатты жеткізушілер солар болады. Олар кетсе онда ұлттың сарқылғаны. Онда ел болам деп тыраштанбай ақ қой. Бұл бір. Көңіл айта келмегеннен жау іздемеңдер, ол да менің тілегім. Кімді меңзегенімді кейін білерсіңдер. Бұны екі деңдер. Үшіншіден (сыбырмен) күні кеше Алаштың ақ туы астында көзге көріне қоймағаның, таза шыққаның жаңа заманға ілес. Керек болса мейлі бізді жамандап бізге арт бәрін, бірақ қалың елді қырғыннан сақта. (жылап жібереді) кешегі нәубет қайталанбасын....

Аманатқа қиянат жүрмейді. Жүрсе маһшарда есептесерміз.

1937 бутырка

26- сентябрьдің кеші

(Қисайып жатқан Әлиханның арт жағынан Тергеуші келеді)

Тергеуші – Жата беріңіз, тұрмаңыз. Мен жаныңызға отырайыншы. Рұқсат па? Қанша жыл болды есімде жоқ, ылғи бір сұмдық түс көрем. Түсімде... табыт көрем, ал табытта бет әлпеті адам шошырлық, үсті басын шұрық-тесік қылып оқ тескен әкем жатады... бірақ тірі, маған қарап сөйлегісі келеді, сөйлесе...ашық кеңірдегінен қанды көбік ағып, қыр-сыр етіп қатты қиналады...ал мен не істерімді білмей алақ-жұлақ қараймын айналама. Тезірек жерлесек қой, бұлай қинай бергенше тірідей болса да көміп тастасақ құтылатын шығар азаптан деп, уыс-уыс топырақ ала жүгірем. Тіпті өз қолыммен буындырып та көрдім. Бірақ... болмайды, бір нәрсе жібермейді, біреу бірдеңе істеу керек екенін білем, бірақ не ол? Кім, не істеуі керек, оны білмеймін. Қасымдағылар да білмейді. Тергеушілер, арестанттар, поптар, циркачтар, судьялар, адвокаттар, жендеттер қаптаған қара нөпір ешқайсысы білмейді бәрі көздерін төмен алып қашады. Оны әкем біледі екен деймін сосын оны жұлқылап сұраймын. «айтшы әке, құдай үшін айтшы, мені де, өзіңді де қинамашы деп зар жылаймын. Ал ол қан толған көзімен «сен де ұмыттың ба?» дегендей қарап жатады... қыр-қыр, сыр-сыр етіп... сосын... сосын шошып оянам, ылғи осы...ес білгелі осылай. Сосын күні бойы көз алдымнан қанталаған көздер кетпей қояды. Өлгенше ішіп те көрдім, екі-үш сөтке ұйықтамай қасарысқан кездерім де болды....болмады. Жұрт демалу үшін ұйықтаса, мен азаптану үшін өз еркіммен жастыққа бас қоятынмын. Дені дұрыс адам ұйқыдан тынығып оянса, мен тап бір көр азабынан құтылғандай тұратынмын...ал ұйқысыз адам...өшін өзгелерден алады екен...сізді маған бекер берген жоқ, менің методым... жә, жарайды... қысқасы мен сол азаптан құтылдым, сіз құтқардыңыз одан. Мен міне он күндей болды қызметке келмедім, себебі ұйықтадым...иә сырқатпын дедім де ұйықтадым.

Әлихан – Менің қандай көмегім тиді екен?

Тергеуші – Сол күні түсімде сізді де көрдім. Сіз қасыма келіп едіңіз әкем сізді көрді, көрді де өмір бойы күткені келгендей жымиып барып..жан тапсырды. Ал сіз оның көзін жаптыңыз, жаназасын шығарып дұға қылып былай бет сипадыңыз. Мені... ең бастысы оның жанын жай таптырдыңыз...мен сонда түсіндім, біз бәрін ұмытқан, тамырынан ажыраған бейбақ ұрпақ екенімізді түсіндім.  Кеше баламның атын өзгерттім. Гриша дейтінбіз, енді  марқұм әкемнің аманатымен  Ғани деп атайтын боламыз... Мен 7 жасқа толғанда, солдаттар көзімше атып кеткен. Әкем имам болатын. Кітаптарын өртеп, таптай бастағанға шыдамай ара түсті, сол үшін атты.... Мешіт ауылымыздың сыртында еді, әкем алдына отырғызып алып атпен баратынбыз...жол бойы неше түрлі айтатын солардың бәрін ұмытыппын. Сен өскенде менің орныма имам боласың дейтін. «Ал сен ше?» -десем, «мен сенің балаңды алдыма отырғызып алып қыдырмаймын ба»-  дейтін. 10 балаң болады соның ең үлкені менікі болады, аты...Ғани болады қалғанын алмаймын деп отырушы еді....

Әлихан – Бәрекелдеее, әкең имам болса Ғани демеген шығар...

Тергеуші –Иә, Ибнғани ма бірдеңе дейтін, есімде тек Ғаниі қалыпты....

Әлихан – Әбдіғани шығар...

Тергеуші – Дұрыс айтасыз. Иә Әбдіғани дейтін Оны қайдан білдіңіз?

Әлихан – Білеміз ғой....

Тергеуші – Аға....

Әлихан – Не дедің?

Тергеуші – Аға...не болды? Дұрыс айтпадым ба?

Әлихан – Аға деймісің? ...аға... ана...ата...әке...апааа...бұларды...бұл сөздерді ұмытқалы қай замаан...

Тергеуші - Бізде сіз секілді бір адам болғанда ғой шіркін. Бір ақ адам.

Әлихан – Ахмет Заки ше? Сендерде бір ғана емес мыңы болды. Көрмейсіңдер ғой...

Тергеуші – Жоқ. Дәл сіздей жоқ. Себебі... Мысалы... 1 жылға жетер жетпес уақытта, мүмкіндікті пайдаланып толық мемлекет құра білу Ахмет Закилер сияқтылардың қолынан келмейді деп ойлаймын. Мына дело бойынша өткен үзенгілестеріңіздің ешқайсысының қолынан келмес еді ол. Министірлер кабинетін құру, бағытты айқындау, әскер құру, ішкі-сыртқы шаруашылықты жолға қойып, жаппай халықтың сауатын ашу, жастарды оқытып баулу, ең бастысы ұланғайыр даланың шекарасын сызып алып бекіту тек таңдаулылар мен шынайы ұлт көсемдерінің ғана қолынан келетін іс. Мен көзі ашық адам ретінде таңқалмасқа шарам жоқ.

Әлихан – Менің айналамдағыларды білсең таңқалмас едің. Мысалы Ахмет, дәл сондай сан салалы ғалымды тіпті мына орыстың ішінен таппайсың. Сен маған таңқалып отырсаң мен Ахметке әлі күнге дейін таңқалам. Ал Ермеков ше? Қандай білім иесі? Ғажап!

(есік тарсылдайды)

Тергеуші – Мен қоштасуға келдім аға, мен жұмыстан кетуге арыз жаздым. «Денсаулығыма» байланысты деп қойдым. Әбдіғаниға да Мәскеу климаты жақпайтын сияқты, туғаннан жөтеліп келеді. Жендет болып шыққанымды түсінбеппін. Мен кіммін, не үшін туылдым, мақсатым не, ертең не болады деп ойлаудың өзі мыйыма кірмепті.... Елге қайтам, ең алдымен әкемнің сүйегін тауып арулап жерлеуім керек. Оның қайда жатқанын да топшылаймын. Түсімде сіз жерлеген жерде ол. Сосын имам болмасам да мұғалім болам. Ең болмаса екі башқұрт баласының көзін ашсам деймін. Менің миымдағы төңкерістің отын сіз тұтатыңыз. Оған алғыстан басқа айтарым жоқ. Аға... ыстық шәй алдыртайын. Өз қолыммен құйып берейін, ақырғы рет дұрыстап шәй ішейікші. Енді... ақырғы дегенде мен кетіп барамын ғой...

Әлихан – Жә, қысылма. Ниетіңе рахмет аузым берік еді.

Тергеуші – Онда маған айтарыңыз бар ма?... өтінішіңіз....

Әлихан – Жоқ. Айтқаныңда жалғандық жоқ болса алдыңнан жарылқасын.

Тергеуші – Онда сау болыңыз аға.... Аман болыңыз.

Әлихан – Аа, тоқтай тұр. Бір өтінішім бар екен.  Мына «профилактика» жасағыштардің ішінде ана бір жуаны бар ғой, сол өз жұмысын аса «ыждаһатты» орындағаны сонша, тіпті тіл тигізеді. Соны жалғыз өзін 1 минутқа осында жібере аласың ба, әйтпесе ылғи үшеу боп келіп айтарымды айта алмай қалам. Өзің шыққан соң қағазым қалып қапты дейсің бе бірдеңе ойластыршы.

Тергеуші - ???

Әлихан – Қорықпа, 70 тен асқан мен оған 1 минутта не істей қояды дейсің. Айтарымды айтып, ары кетсе шапалақпен бір тартармын.

Тергеуші – Аямайды ғой сосын....

Әлихан – Оны уақыты келгенде көре жатармыз. Қолыңнан келе ме?

Тергеуші – Келуін келеді ғой....

Әлихан – Онда алға!

(Тергеуші шығып кетіп аздан соң жуан тепкілегіш солдат кіреді. Кіріп стол маңынан бірдеңе іздей бастайды)

Әлихан – Мынау ма іздегенің?

Солдат – Давай сюда. Ты че охуел?

( Әлихан шіреніп тұрып баспен тартып кеп жібереді. Аузынан 6-7 тісі сау етіп еденге түседі, өзі тұрған орнында талып түсіп Әлиханға асылып салбырап қалады)

Әлихан – Бізде «Тек» дегенді ұқпаған тентекке осылай жасайды. Үндемей ғана тірлігіңді істегенде тиіспес едім. Жұмысы ғой қайтсін енді дер едім. Ал дала баласына тіл тигіздің екен,  онда лайықты жауабы да боларын білуің керек еді.  (Тергеуші кіреді. Екі солдатты шақыртып талықсығанды беріп жібереді)

Тергеуші – Ертең келсе оңдырмайды ғой енді...

Әлихан – Ертең келмейді, арғы күні де. Қателеспесем астыңғы жағы екі жерден сынуы керек. Оны емдеп жазғанша, хе-хе-хе кім бар кім жоқ. Рахмет саған.

Тергеуші – Қош болыңыз аға. Әбдіғанидың артынан ұл ерсе атын Әлихан деп қоям. Мықты болыңыз.

Әлихан – Қош бол....қош бол... (авансценаға келіп халыққа жүзін қарат тізерлеп отырады) түзу қалам-қисайған, өткір қалам-мүжілген заман болды –ау,  біздің тірліктің жалғасы сендерге борыш болмақ. Ең алдымен құдай деңдер, құдай деген құр қалмайды. Құдайдан қорыққан адам еліне шынайы, адал қызмет қылады. Ал құдайдан қорықпаса, онда оны ешкім түзей алмайды. Құдайсыздардың ел басқаруынан сақтаныңдар. Елдің іргесін бекітіп, бір қадам жер үшін басымызды бәйгеге тігіп, белгіледік. Енді соның тұтастығы, өркендеуі сендерге мына бізден АМАНАТ!

(Тройка кіреді)

НКВД –Сіз кімсіз?

ӘлиханҚазақ халқы мен ұлт зиялылары мені «Ұлт көсемі» деп атады.

НКВД – Неліктен?

ӘлиханМен елімді еркіндікке, жарыққа бастадым. Мен қазақ халқын алды қара түнек болатын Совет билігіне қарсы күреске бастадым. Россия  ылаңынан құтқарғым келді.

НКВД – Соңғы сөзің!

ӘлиханМен ешқашан Совет өкіметін сүйген емеспін, бірақ мойындадым. Бірақ ертең тарих бәрін орын орнына қояды. Сонда мына Маған  және алаштың арыстарына жоқтау айтылып құран бағышталад, мүбәрәк есімдерімен ел мақтанады, ал сендердің жоқтауларың асып, аттарың өшеді.   Әшһәду әллә илләһә илолла уа әшһәдү әннә Мұхаммадар ғабдуһу уа расулолла. (Тарс)

Қайран Әлихан құс болып та ұшып кетпейді, елім жерім деген позада да қатып қалмайды, үстіндегі ақ көйлегі де жіпке байланып аспанға ұшып кетпейді. Тарс еткен дыбыстан соң мүбәрәк бетімен жер сүзе құлайды.

 

  1. 05. – 16. 09. 2016. Түнгі сағат 01,10.