Парламент Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыпов Бүкілқытайлық Халық Өкілдерінің Жиналысы Тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Чжан Баовэнь бастаған делегацияны қабылдады.
Жүздесу барысында ең алдымен спикер Бүкілқытайлық Халық Өкілдері Жиналысының 60 жылдық мерейтойымен құттықтап өтті. Бұдан бөлек, Төраға Тәуелсіз Қазақстанның өткен жылдарындағы Қытаймен екіжақты қарым-қатынас стратегиялық әріптестік мәнге ие болғанын жеткізді.
«Қазақстан мен Қытай арасында бүгін мемлекет аралық өзара байланыстың үлгі боларлық моделі құрылды. Әлемдегі екінші экономика саналатын Қытай қарқынды дамып келеді, біз одан да гүлдене берулеріңізге тілектеспіз. Сонымен қатар, 1 қазанда болатын Қытай Халық Республикасының жарияланғанына 65 жылдығымен құттықтағымыз келеді», - деді Қ. Жақыпов.
Сонымен қатар, Мәжіліс төрағасы екі елдің жоғары лауазымды байланыстарына да тоқтала келе, мемелкет басшылары тарапынан қабылданған екіжақты келісімдер іс жүзінде нақты жүзеге асып отырғанын жеткізді.
«Бүгінгі таңда әлемдік және өңірлік саясатта да екі елдің ұстанымдары жақын. Өткенде ғана Душанбедегі ШЫҰ кеңесінде де бұл бағыттағы әңгімелер жалғасын тапты», - деді Қ. Жақыпов.
Бұдан бөлек, кездесу барысында экономикалық байланыстар, парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
«Бүгінгі күні Қазақстан үшін Қытай - барлық қатынастар бойынша, оның ішінде әсіресе, экономикалық бағытта басты стратегиялық әріптес. Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы өткен жылы 28 млрд доллардан асты. 2016 жылға қарай бұл көрсеткішті ең кемінде 40 млрд долларға жеткізу межесі тұр, әрине бұл жоғары мақсат, біз соған ұмтыламыз. Ал экспорт пен импорттың қарқынын үдету үшін салық, кедендік секілді бірқатар түрлі кедергілерді жою қажет, бұндай мәселемен біздің елдеріміз айналысып келеді», - деді спикер Қ. Жақыпов.