19.01.2018 в 10:33

Қазақстан - АҚШ әріптестігі

АҚШ-қа ресми сапар табысты өтті. Мемлекет басшысы кеше Америка Құрама Штаттарына ресми сапарының қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізіп, оның барысында отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан-Аме­рика қарым-қатынастарын дамы­ту­дың басым бағыттары мен ке­ле­шегіне тоқталып, халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қам­та­масыз ету саласында қол жет­кізілген уағдаластықтар жөнінде әңгімеледі, БҰҰ Қауіпсіздік Ке­ңесіндегі төрағалыққа және еліміздің әлемде ядролық қа­ру­ды таратпау ісіндегі миссиясына қатысты сауалдарға жауап берді. Елбасы өз сөзінде Ақ үйде өткен кездесудің маңыз­ды­лығына тоқталып, Д.Трамптың жылы қабылдағанын, осы сапар арқылы Қазақстан мен АҚШ-тың арасындағы әріптестіктің нығая түскенін атап өтті. Еліміз тәуелсіздік алған тұста АҚШ-тың көрсеткен қолдауы аса маңызды болғанын еске алды. Д.Трамппен бірлескен мәлімдемеде де ең әуелі саяси қол­дау, бейбітшілік жағдайдағы әріп­тестікті дамыту мәселелері қозғалғанын атап көрсетті. Мем­лекет басшысының айтуынша, америкалық компаниялар елі­мізге 50 миллиард доллардан астам инвестиция құйған. Қазір­гі таңда Қазақстанда 550 бірлес­кен өндіріс жұмыс істейді. Ал осы сапарда жалпы сомасы 7,5 мил­лиард доллар көлеміндегі жиыр­мадан астам құжатқа қол қойылды.   «АҚШ тарапы осы сапарда қол жеткізілген келіссөздерді жоға­ры бағалады. Бұдан бөлек, қазіргі таңда әлем кезде­сіп отырған мәселелерді талқы­ла­дық. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде өткі­зілген шараның маңызы ерек­ше. Бұрын-соңды еліміз мұн­дай деңгейдегі Ұйымға төра­ға­лық еткен емес. Мұның бәрі ‒ елі­міздің табысы», деді Н.Назарбаев. Бұдан кейін Елбасы Н.Назарбаев журналистердің сұрақ­тарына жауап берді. Ең алды­мен сөз алған «Егемен Қазақ­стан» газетінің басшысы Дархан Қыдырәлі Елбасын Қазақ­станның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығымен және АҚШ-қа сапарының сәтті өтуі­мен құттықтады.  – Сіздің осы сапарыңызды әлемнің беделді бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жа­зып, халықаралық сарап­шы­лар жоғары бағалап жатыр. Ел тарихына алтын әріп­тер­мен жазылған мәртебелі мис­сияны абыройлы атқарып, мем­лекетімізді жаңа белестерге бас­таған тарихи жеңісіңізбен құт­тықтаймыз. АҚШ пен Қазақ­стан арасындағы байланыс жыл өткен сайын сан салалы, қарқынды дамып келеді. Бай­ланыстағы басымдықтардың уа­қыт өте келетіні белгілі. Қазір Қазақстан тарапы АҚШ-пен арадағы қандай байланыстарға басымдық беріп отыр? – деп сұрады. «Қазіргі таңда АҚШ ‒ әлем­дегі алып державаның бірі. Оның орнын басатын әзірге мемлекет жоқ. Сондықтан ғылымы мен техникасы қарыштап дамы­ған елмен қарым-қатынас орна­тудың Қазақстан үшін маңы­зы зор. Осы сапарымда биз­нес өкілдерімен, лауазым­ды тұлғалармен кездесу өткіздік. Бір­қатар маңызды құжатқа қол қойылды. Біріккен инвестиция­лар­ды жүзеге асыру үшін 3 мил­лиард доллар шамасындағы ке­лісім жасалды», деді Мемлекет басшысы. Елбасы ресми сапар барысында қол қойылған құжаттар ел дамуына айтарлықтай үлес қосатынын атап өтті. Алдағы уақытта америкалық бизнес өкілдерінің Қазақстанға келуіне мүмкіндік молая түспек. АҚШ-тың алпауыт компанияларын Қазақстанға әкелуі саяси және экономикалық тұрғыдан елімізге пайдалы болып, аймақтың тұрақтылығын нығайтады.  Сонымен қатар Елбасы Н.Назарбаев пен АҚШ Прези­денті Д.Трамп арасындағы кез­де­судің қалай өрбігені жөнінде сұ­рақ қойылды. Мемлекет бас­шысы Ақ үйде не туралы сөй­лескенін тарқатып айтып берді.  «Бұған дейін телефон арқылы сөйлесіп, Эр-Риядта жо­лық­тық. Соның бәрі өзара түсі­ніс­тік орнатуға мүмкіндік берді. Д.Трамп бұрынғы Ақ үй басшыларына мүлдем ұқсамайды. Ол бизнес саласынан келгендіктен, құр сөзді емес, істі жоғары баға­лайтын адам. Осы тұрғыдан бір-бірімізді жақсы түсініп, бірден тіл табысып кеттік. Талқылаған мәселелерде ортақ пікірде болып, келісімге келдік», деп жауап берді Н.Назарбаев. Елбасы кездесуден кейін америкалық компаниялардың Қазақстанда жұмыс істеуіне мол мүмкіндік туғанын атап өтті. Бұдан бөлек, әлемді толғандырған маңызды мәселелер, Иран және Солтүстік Ко­­рея­дағы жағдай туралы сөз бо­л­ға­нына тоқталды.   «Д.Трамп Иранмен арадағы ха­лықаралық келісімді жақ­тыр­майтынын жеткізді. Бірақ мәселенің мәнісін айтып, бұл ке­лі­сімге қол жеткізу үшін қыруар жұмыс атқарылғанын, оны бұзу тағы бір ядролық қаруы бар мемлекеттің қалыптасуына жағ­дай жасайтынын түсіндірдім. Ендігі жерде Иранға қатысты жағдайдың өзгеретініне сенімім мол. Сондай-ақ Ауғанстандағы ахуалды, терроризмнің қаупін жан-жақты талқыладық», деді Елбасы.  Мемлекет басшысы ИЛИМ (ДАИШ) террористік ұйымының тамырына балта шабылса да, олардың шағын топтары әлі де толық жойылып бітпегенін мәлімдеді. Қазіргі таңда лаң­кес­тер Ауғанстанға көше баста­ған. Өз кезегінде бұл елге айтар­лықтай қауіп төндіретінін айтты. Сондықтан Қазақстан тарапы Ауғанстанда содырлармен кү­ресу жұмысында АҚШ-қа кө­мек көрсетуін жалғастыра береді.  Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру үшін елдің экономикасы тұрақты болуы керек. Бұл тұрғыда Д.Трампқа Елбасы Қазақстанның аталған елге көр­сетіп жатқан көмегі туралы баян еткен.  Сонымен қатар Мемлекет басшысы ядролық қаруды тарат­пау жөніндегі пікірімен бөлісті. Қазіргі таңда кей держава­лар өздерінде ядролық қару бол­ғанына қарамастан, басқа елдерге оны қолдануға тыйым сала­ды. Елбасы мұның дұрыс емес­тігін мәлімдеді. Сондықтан «Әлем. XXI ғасыр» манифесінде ұсы­нылғандай БҰҰ-ның 100 жыл­дық мерейтойына орай әлем яд­ролық қарудан толықтай бас тар­туы тиіс.  «Егер сол мемлекеттер ядро­лық қарудан бас тартатын бағ­дар­ламамыз бар деп мәлімде­ме жасаса, басқа елдер солар­дан үлгі алатын еді. Кезінде Қа­зақстан ядролық мемлекеттердің кепілін ала отырып, өзінің арсеналында бар оқтұмсықтардан бас тартты. Содан бері Үндістан, Иран, бірқатар мемлекеттер ядролық қаруға ие бола бас­тады. Олардың деструктивті бағыттағы топтардың қолына түсу қаупі туып отыр.  Осыған байланысты Қазақстанда Төмен байытылған уран банкі ашылды. Атомды бейбіт мақсатта қолданатын елдер оның қорын бізден алуға мүмкіндіктері бар. Оны атомнан энергия алу секілді бейбіт мақсатта қолданады. Осының нәтижесінде мемле­кет­тер арасындағы сенім қалып­тасады», деді Елбасы.  Бұдан кейін Н.Назарбаев Қытай ұсынысымен басталған «Бір белдеу, бір жол» жобасы жөніндегі пікірімен бөлісті. Ақ үйдегі кездесуде Д.Трамп осы бастама туралы сұраған екен. Елбасы оны жан-жақты тарқатып айтып берген.  «Д.Трампқа бұл жоба туралы тереңірек түсіндірдім. Жа­ңа Жібек жолы жөнінде Қы­тай басшысы 2014 жылы Аста­нада мәлімдеген болатын. Содан бері қыруар шаруа ат­қа­рылып, 600 миллиард доллар бөлінді. Қазіргі таңда бұған 67 мем­лекет үлес қосады. Қазақстан­нан өтетін жолдар арқылы сау­да-экономикалық мүмкінші­ліктердің көкжиегі кеңейе түсті. Алдағы уақытта осы жоба аясында инфрақұрылымға салынған қаржының пайдасын көреміз», деді Н.Назарбаев.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» –  Нью-Йорктен (АҚШ)

Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды

https://egemen.kz