Қазақстанда Ішкі істер органдарын цифрландыру жұмыстары жан-жақты қолға алынуда. Айталық, Жамбыл облысында ішкі істер органдарын цифрландыру үрдісі қарқынды жүріп жатыр.
Мұнда әкімшілік құқықбұзушылық пен қылмыстық іс жүргізу электронды түрде жүзеге асырылуда. Жаңа жүйе арқылы жыл басынан бері 42 мыңнан астам хаттама толтырылып, 192 миллион теңге айыппұл салынған. Өңір полицейлері 175 дана арнайы планшетпен қамтамасыз етіліп, жұмыс істеуге көшті. Бұл тәртіп сақшыларының Ішкі Істер министрлігінің базасына оңай кіріп, қажетті ақпаратты жедел алуына мүмкіндік береді.
Елбасы Халыққа Жолдауында атап өткендей, цифрлық индустрияны дамыту басқа барлық салаларға серпін береді. Сондықтан Үкімет ІТ-саласын дамыту мәселесін ерекше бақылауда ұстауы тиіс. Жаңа индустриялар қалыптастырудың маңызды шарты ғылыми-техникалық инновацияларды қолдау, оларды әлеуметтік-экономикалық өмірімізге тезірек енгізуде жаңа биіктікке және жеңіске ұмтылуымыз қажет.
Осы мақсатта Жамбыл облысында қылмыстық істер де электронды түрде жүргізіле бастады. Жобаға әзірге жеңіл санаттағы қылмыстар енгізілген. Желтоқсан айына дейін орта санаттағы қылмыстар енсе, 2021 жылға дейін ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша істер электронды түрде жүргізіледі.
– Биылғы жылдың 8 айында Жамбыл облысының ІІД аудан, қала бөіліністерінің барлығымен 480 қылмыстық іс электронды форматта өндірісте болған. Оның 163-і сотқа жолданды, – дейді Жамбыл облыстық ІІД басқарма басшысының орынбасары Жарасхан Ақбердиев.
Бүгінгі таңда 162 жұмыс орны бекітілген. Яғни компьютер, стилус, графикалық планшет барлық керекті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Осылайша аталған саладағы әкімшілік іс-жүргізу өндірісі біртіндеп электрондық форматқа көше бастады.
Айта кетсек, Цифрлық Қазақстан жобасы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қорының қолдауымен «Коммуникативтік бастамалар және стратегиялар» Жеке қорымен іске асырылады.
Цифрландыру қазіргі таңда ақпараттандыруды, автоматтандыруды, роботтандыруды және жасанды ақылды қоғамға енгізудің үздіксіз түрленетін, динамикалық өзгерістерге ұшырайтын, масштабталатын және ықпалдасуға бейімделетін қасиетімен ерекшеленеді.