28.09.2018 в 15:37

ЖАҢА ЖЫЛДАН ЖАҢА ЖИЫНТЫҚ ТӨЛЕМ ҚОЛДАНЫЛАДЫ

Өңірде 2019 жылдың 1-қаңтарынан бастап бірыңғай жиынтық төлемге қатысты заң күшіне енеді. Бұл дегеніңіз АЕК деңгейі 2525 теңге болады деген сөз. Қатысушылар үшін төлемнің көлемі – қала тұрғындары үшін 1 АЕК және ауыл тұрғындары үшін 0,5 АЕК болып белгіленеді. Бұл жөнінде бүгін ӨКҚ алаңында өткен брифингте Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сейдахмет Сейтбеков мәлімдеді.

Оның таратқан ақпаратына сүйенсек, 2525 теңге төлеу кезінде әрбір қазақстандық айына аударымды бірден төрт бағыт бойынша – жеке табыс салығы, Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорындағы өз шотына зейнетақы жарнасын аудару, әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорына және міндетті медициналық сақтандыру қорына аударым жасау арқылы жүргізеді.

 

 

Бүгінгі күнге Жамбыл облысында өз бетімен жұмыспен қамтылғандардың саны 178,4 мың адамды немесе экономикалық белсенді халықтың 33,7 пайызын құрады. Оның ішінде нәтижесіз өз бетімен жұмыспен қамтылғандар 10,8 мың адамды немесе жалпы өз бетімен жұмыспен қамтылғандардың 6,1 пайызын құрап отыр, бұл республикадағы төртінші көрсеткіш. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарында мәртебесі анықталмаған адамдар саны 208799 адам болса, бүгінгі күні оның 107664-нің немесе 51,6%-ның мәліметтері өзектендірілді. Мәліметтері өзектендірілгендер ішінде 30307 жалдамалы қызметкерлерге жұмыс берушілер міндетті зейнетақы төлемдерін төлей бастады, 1003 адам кіріс органдарында жеке кәсіпкер ретінде тіркелді. Ал, қалған мәртебесі анықталмаған 101135 адамның ішінен 79386-і немесе 78,5%-ы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарнаны өздері төлейтіні туралы қолхат берді.

Сондай-ақ, Еңбек инспекциясының мәліметі бойынша, зейнетақы жарналары аударылмай жұмыс істеп жатқан 15365 адамға жұмыс берушілермен еңбек шартын жасау қажеттігі туралы хабарламалар беріліп, барлығы 4137 еңбек шарты жасалып, оның 2186-сы Жол картасы ақпараттық жүйесіне енгізілді. Қазіргі таңда жыл басындағы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартуға мұқтаж 58357 адамның ішінен 7282 адам (12,5%) жұмыспен қамту бағдарламасына тартылды.