Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов жұмыс сапарымен Меркі ауданына барды. Мерейлі Меркіде өңірді өркендетуге мүмкіндік мол, сондай-ақ, атқарылатын жұмыстар да аз емес. Сапар барысында аймақ басшысы бірқатар нысандардың тыныс-тіршілігімен, атқарылып жатқан жұмысымен танысып, бірнеше құрылыс алаңдарына ат басын бұрды.
Өңір басшысына әуелі бірнеше нысанның әлеуеттік жай-күйі таныстырылды. Сонан соң Асқар Мырзахметов жөндеуді қажет ететін білім ошақтары, медициналық қызмет көрсету пункттері мен спорт кешендерін көзбен көріп шықты. Олардың ахуалымен толық танысқан өңір басшысы туындаған мәселерді қалай шешу жолын да ұсынды.
Мәселен, облыс әкімі аудандағы егін алқаптарындағы су тапшылығын жоюға және балық еті экспортының көлемін арттыруға тоғандардағы суды тиімді пайдалану сеп болатынын ескертті. Осы арқылы бос жатқан егін алқаптарын игеруге, қант қызылшасының өнім көлемін арттыруға болатынын, екінші жағынан балық өсіруге таптырмас тәсіл екенін атап өтті. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлердің жұмысын ілгерілетіп, мемлекет қаржысын үнемдемек.
Сонымен қатар, аудандағы жұмыс сапары барысында аймақ басшысы «Меркі қант зауыты» кәсіпорынының жұмысымен танысты. Зауыт директоры Нұржан Қарғабаев өткен жылы зауыт 70 мың тонна қант қызылшасын қабылдаса, биыл бұл көрсеткіш екі еседей артады деп күтіліп отырғанын жеткізді. Әйтсе де, кәсіпорын бар мүмкіндікті құр жібермей, қанатын кеңге жайып келеді. Айта кетсек, 1934 жылы негізі қаланған кәсіпорында қазір 200-ден аса жұмысшы қызмет етеді. Олардың орташа айлық жалақысы 56 300 теңгені құрап отыр.
25 қыркүйектен бастап тәтті түбір қабылдап жатқан зауытта бүгінге дейін 4 мың тоннаға жуық қызылша жиналған. Зауыт қант қызылшасының келісін 8 теңгеден қабылдап жатса, субсидия арқылы өткізушіге келісіне 12 теңгеден төленуде.
Сондай-ақ, Асқар Исабекұлы қайта жөндеуді қажет ететін спорт кешендері мен мектептердің қаржысы дұрыс жоспарланбағандығын да атап өтті. Себебі, аудандағы медициналық қызмет көрсету мен білім беру саласында нәтиже көңіл көншітпейді.
Бұдан соң облыс басшысы Ойтал ауылындағы мемлекеттік жеке меншік әріптестік шеңберінде салынып жатқан дәрігерлік амбулатория ғимаратымен танысты. 35 миллион теңгеге соғылып жатқан нысан 1 - қазан күні пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Асқар Исабекұлы нысанның ішкі және сыртқы ұсақ-түйек жұмыстарын асықпай, тиянақты әрі мұқият жүргізу керектігін жеткізді. Сондай-ақ, тиісті тұлғаларға облыстағы дәл осы көлемдегі қаржыға салынып жатқан осындай медициналық нысандардың сапасына жіті мән беруді, ең жақсысын өзгелерге үлгі ретінде ұсыну керектігін басым тапсырды.
Сапар барысында аймақ басшысы "Олжа" шаруа қожалығына соғып, 3 000 басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңында болып, қожалық жетекшілеріне ет комбинатының жүктемесін 30 пайыздан 50-60 пайызға арттыруды, сол бағытта жүйелі, нәтижелі жұмыс жүргізуді тапсырды. Ет өнімдерін өндіріп, өңір нарығы үшін жұмыс жасауды басты назарға алып, сол арқылы аудан, облыс экономикасын көтеруге болатынын тілге тиек етіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.