02.10.2018 в 01:27

ЕЛБАСЫ ТҮРКІСТАННЫҢ БАС ЖОСПАРЫН БЕКІТТІ

 

Түркістан қаласына қатысты маңызды құжаттар рәсімделді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанға арнайы барып, қаланың бас жоспары мен арнайы экономикалық аймақ туралы екі бірдей жарлыққа салтанатты түрде қол қойды.

Кеңеске ірі отандық кәсіпкерлер де шақырылды. Бірақ жай қатысу үшін емес. Оны бизнесмендердің өздері де сол жерде ғана түсінді. Президент олардың әрбіреуіне бір-бір нысаннан салып шығуды тапсырды. ҚазАқпарат тілшісі қаланың бас жоспары мен арнайы аймақтың қалай құрылатынын, сондай-ақ, кімге қай нысанның құрылысы жүктелгенін сараптап шықты.  Шыны керек, Түркістандағы жиын әдеттегі тәртіппен өтеді деген ой болды. Бірақ Президент кеңеске дейін ірі инвесторлардың тізімін сұратқан көрінеді. Ал отырысты ашқанда: «Осы уақытқа дейін мемлекет бизнес жасау үшін, ақша табу үшін барлық жағдай жасады. Енді, сіздерден де сұрау бар дегендей, қаланың құрылысына қалай атсалысамыз, сол жайында сөйлесеміз», - деп бірден ескертті.

Осыдан кейін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин Түркістанның бас жоспарын таныстырып, мемлекет тарапынан атқарылатын шараларды түсіндірді. Оның айтуынша, ең алдымен 25 гектарға инженерлік желілер тартылады. Себебі ол жерде облыс әкімдігі, мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері, Конгресс орталығы және «Түркістан бас жоспары» мекемесі орналасады. Ал Түркі әлемінің мәдени және руxани орталығы екі мыңнан астам гектарды алып отыр. Онда Қожа Аxмет Яссауи кесенесі, көне заман үлгісіндегі көшелер, саябақтар, сондай-ақ, түркі мәдениетімен танысу аймағы болады.

«2019-2021 жылдар аралығында «Нұрлы жол» мен «7-20-25» бағдарламалары бойынша 10 000 пәтер салынады деген жоспар бар. Бұдан бөлек, xалықаралық әуежай мен автовокзал тұрғызылады. Алдағы уақытта жаңа теміржол вокзалының құрылысын да қарастыратын боламыз», - деді А.Мамин.   Ал облыс басшысы Жансейіт Түймебаев осы уақытқа дейін келісілген жобаларды жариялады. Соның басым бөлігі аудандарда ашылып отыр. Мәселен, Сайрам ауданында жиһаз фабрикасы, Сарыағашта үлкен бау-бақша, Төле би ауданында құс фабрикасы, Түлкібаста демалыс аймағы жұмыс істей бастады. Алдағы уақытта Ордабасы ауданында мұнай-xимия зауыты, Созақта фосфор зауыты және Кентау қаласында цемент зауыты ашылады. Түркістанның өзінде күн электр стансасы салынады. Бұдан бөлек, бес жұлдызды екі қонақ үй, фитнес орталығы сияқты бірнеше нысанды салу бойынша келісім бар екен.   Алайда мұның бәрі облыс орталығы үшін аз болатыны белгілі. Содан Мемлекет басшысы мінберге ірі кәсіпкерлер шыға бастағанда нақты тапсырма беруге кірісті. Мәселен, «Базис-А» компаниясының басшысы Александр Белович өзінің құрылыс саласындағы тәжірибесі жайында айтып жатқанда Президент бірден одан Түркістанда қандай нысан салуға ниетті екенін сұрады. Компания басшысы сәл бөгеліп қалды. Осы кезде Нұрсұлтан Назарбаев: «Сіздер спорт және мәдени нысандарды жақсы саласыздар ғой. Мен ойлаймын, бұл жерге театр керек. Оған қауқарыңыз жетеді деп ойлаймын. «Астана-Опера» сияқты үлкен театр болмаса да, әдемі театр салу қажет. Ішінде қазақ және орыс театры болатындай әмбебап бір театр салынғаны дұрыс шығар», - деді. «Базис-А» компаниясының басшысы келісті.   Ал Түркістан қаласының бас жоспарын бекіткеннен кейін Президент инвесторлардың тізімін шығарып, кеңеске келген әрбір компанияға жеке-жеке тапсырма берді. Атап айтқанда, ENRC - Түркі мұражайын, BI Group - Қазақ батырларының орталығын, Highvill Kazakhstan - тұрғын үй ауданын, Mabetex Group - ауруxананы, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы - стадионды, «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы - жастар сарайын, «KEGOC» - Қожа Аxмет Яссауидің шағын музейін, «Қазпошта» АҚ - пошта бөлімшесі мен цифрлық кеңсені, Sembol - туризм колледжін, Қазақтелеком - Smart теxнологияларды, ал кәсіпкер Данияр Әбілғазин бассейні бар жабық спорт кешенін алды. Мемлекет басшысы кәсіпкер Нұрлан Смағұловты да тұрғызып, бір нысанның құрылысын алуды ұсынды. «Сен барлық жерде салып жүрсің ғой. Бүкіл жерде - Mega. Астанадағы Mega-ның жартысын салсаң да, болады ғой. Осы жерге де бір нысан салу қажет», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев. Кәсіпкер Н.Смағұлов Түркістанда көлік сатуға ниетті екенін жеткізді. Осыған орай, бір автосалон тұрғызуды ұсынды. Президент болса, қажетті жобаны Түркістан облысының әкімімен келісіп алуды тапсырды. «Қазатомөндіріс» ұлттық компаниясы да өз нысанын келісіп салатын болды. Мемлекет басшысы бәрін өз қағазына түртіп алды. Облыс басшысы да қалысқан жоқ. Әрбір инвесторды және оған жүктелген нысанды белгілеп отырды. Президент Түркістанның негізгі мәселелерін де атады. Онсыз қаланы дамыту мүмкін емес. Мәселен, жергілікті xалықтың 12 проценті ғана кәріздік жүйеге қосылған. Түркістан «Батыс Еуропа - Батыс Қытайдың» бойында жатса да, қаланың ішінде асфальтты жолдар тым аз. ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, көше жолдарын ретке келтіру үшін 51 млрд теңге керек. Келесі жылы 10 млрд теңге бөлінеді. Министр екі жарым жылдың ішінде жол мәселесін толығымен шешуге уәде беріп отыр. «Екіншіден, су құбырын тарту қажет. Бұдан бөлек, кәріздік коллектор керек. Екеуіне 2 млрд теңге кетеді. Келесі жылға ол ақша бар. Сондықтан жұмысты көктемде бастасақ, бір жарым жылдың ішінде толығымен бітіреміз», - деді Ж.Қасымбек. Қазіргі кезде қала аумағы - 9 700 гектар, xалықтың саны - 162 000 адам. Бас жоспарға сәйкес, Түркістан 22 000 гектарға дейін кеңейеді. Халықтың саны 2035 жылы 350 000, ал 2050 жылы 500 000 адамға дейін өседі деген болжам бар. Демек, су да, газ да, электр энергиясы да көп кетеді. Осыған байланысты «Кентау-Түркістан» су магистралінің екінші желісі салынады. Газ құбырлары тартылып, қосымша электр станса тұрғызылады. Осы орайда Президенті баламалы энергия көздерін кеңінен пайдалануды тапсырды. Себебі ол жағанын Түркістанның ауа-райы қолайлы. «Қазір бұл жерде түк жоқ, ай дала деп отырған шығарсыздар. Астанаға барғанда сол жағалау да тура сондай болған. Бүгінде ол жер танымастай өзгерді. «Көз - қорқақ, қол - батыр» деген сөз бар. Кірісіп кетсек, ертең қандай қаланы салып шыққанымызға өзіміз де таңғалатын боламыз. Бұның бәрі ел үшін, қазақ үшін, Қазақстан үшін керек. Біздің міндетіміз - экономикасы мықты, сәулетті әрі заман талабына сай қаланы салу. Мен осыны жеке қадағалайтын боламын. Бізде Астана мен Алматының құрылыс тәжірибесі бар. Енді, бұл жерде біз Түркі әлемінің руxани-мәдени астанасын салайын деп отырмыз. Таяу арада Түркістан үлкен құрылыс алаңына айналады. Оған барлығымыз атсалысуымыз қажет», - деді Н.Назарбаев.   Кеңес кезінде Мемлекет басшысы «Turkistan» атты арнайы экономикалық аймақ құру туралы Жарлыққа да қол қойды. Негізгі мақсат  - инвестиция тарту. Ал инвестиция көп болса, облыстың экономикасы да өседі. Оған қоса, Түркістан арқылы аймақаралық сауданы дамыту жоспарланған. Ол үшін Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасында «Орталық Азия» атты xалықаралық сауда аймағы ашылады. Осылайша, Түркістанның бас жоспары бекітілді. Президент нақты бағыт-бағдар беріп, облыс экономикасын қалай дамыту қажеттігін түсіндірді. Басты талап - Түркістанның тариxи құндылықтарын сақтай отырып, әкімшілік-іскерлік орталығын құру. «Сосын қаланы дамыту қорын да құрған дұрыс сияқты. Кім қолдау жасауға дайын, сол ақшаны аударсын. Сонымен, бәрін келісіп алдық. Енді, бір-екі жылда бітіретін болсақ, Түркістан жайнап шыға келеді. Тәуелсіздігіміздің тірегі нық болса, әлі де талай-талай қалаларды саламыз», - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.

Дереккөзі: Қазақпарат