23.10.2018 в 23:43

ЖАМБЫЛДА ЖЫЛУ ТАСЫМАЛДАУ ЖҮЙЕЛЕРІ ЖАҢАРТЫЛДЫ

 

Жамбыл облысында жылу жүйелері жаңартылды. Бұл туралы «Тараз жылу тасымалдау» мекемесінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға байланысты өткен жиында айтылды.

2016-2018-ші жылдары электр тораптары және жылу жүйелеріне инвестициялық бағдарлама арқылы заманауи стандартқа сәйкес жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бұл бағытқа өткен жылы 50 млн – нан аса қаражат бөлінсе, биыл оған 60 млн. теңге қарастырылып отыр.

Инвестициялық бағдарлама аясында орнатылған қондырғылар жылу шығындарын азайтып қана қоймай,  жылу энергиясын үнемдеуге де мүмкіншілігі бар. Бұған дейін ескі қондырғыларда жиі ақау шығып,  жылу жүйесі жиі өшіп қалатын еді. Енді жаңа технологиялар мұндай олқылықтарға жол бермеуі керек – дейді мамандар.

Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Ерболат Дүйсенбиевтің айтуынша, «Тараз жылу тасымалдау» мекемесі бірқатар инвестициялық жобаларды іске асырып жатыр. Барлығы да тұтынушылардың қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған. Әсіресе, жылу жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге жол ашады. Сонымен қатар нормативтік сараптамаларды азайтуға да мүмкіндік береді.

Тағы айта кетерлігі, ағымдағы жылы “Нұрлы жол” бағдарламасымен Тараздың магистральді жылу жүйелері, ұзындығы 12,4 км жолды қайта жаңғырту жоспарланған. Биыл 3 жоба бойынша 3,1 км жылу жүйесі ауыстырылыпты.

Кәсіпорындармен гидравликалық және температуралық сынау жұмыстары, жылу жүйелеріне жөндеу жұмыстары, тұрғын үйлер мен заңды тұлғалардың ішкі жылу жүйелеріне тексерістер жүргізілген. Облыстағы кіші қалалардағы орталық қазандықтарына қажетті отын көлемі толық қамтамассыз етіледі.

Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті арнайы тарифтік бағаны бекіткен. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Айта кетер болсақ, Тараз қаласындағы жылу жүйелерінің де 70 пайызға жуығы ескіріп, тозығы жеткен. Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында үш шақырымдық жылу тасымалдайтын құбырлар жаңартылады. Ал 2020 жылға дейін 12 шақырымды ауыстыру жоспарланған. Жобаның жалпы құны 9,8 миллиард теңге. Биыл бұл соманың 1 млрд 780 млн теңгесі игеріледі. «Тараз-трансс-энерго» мекемесіне қарайтын жылу жүйелерінің жалпы ұзындығы 188 шақырымды құрайтын көрінеді.