24.10.2018 в 15:38

КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ ОРТАЛЫҚТАРЫ АЙМАҚҚА НЕ БЕРМЕК?

Бүгін Жамбыл облысының әкімі Асқар Исабекұлының қатысуымен өткен жиында, өңірде кәсіпкерлікті дамыту орталықтары ашылатынын хабарлады.

Басқосуда облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Арнұр Мұхаметжанов атқарылып жатқан жұмыстары, орталықтың мақсаты мен міндеттері туралы баяндады. Оның айтуынша, аталмыш орталық өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға, кәсіпкерлік бағытындағы бастамаларды ынталандыруға, техникалық және консультативті көмек ретінде мемлекеттік қызметкерлермен, қаржы ұйымдарымен және бірқатар мекемелермен қарым-қатынас жасау үшін қаржылай қолдауды ұйымдастыруға ықпал етпек. Ол ҚР заңнамасында көрсетілген «Бір терезе» қағидатына сәйкес жұмыс жүргізбек.

Асқар Исабекұлы орталық тек техникалық жұмыстармен ғана шектелмей, әрбір кәсібін бастауға ынталы азаматтың өз ісін дөңгелетуге дейінгі және кейінгі шараларына атсалысып, бастан-аяқ қол ұшын беруді ұйымдастыру керектігін баса айтты. Сондай-ақ, орталық тәуелсіз түрде жанды жұмыстар жасап, кәсіпкерлердің мәселелерін шешуде, олардың барлық сауалдарын қанағаттандыруда нақты шаралар қабылдап отыруға міндетті.

Кәсіпкерлікті дамыту орталығының жұмысын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүктелмек. Алдымен алғашқы орталық пилоттық жоба ретінде Қордай ауданында өз қызметін бастайтын болады. Ол үшін Қордайдағы жағдай дайын. Бұл туралы аталмыш палата директорының орынбасары Аспандияр Сейсебаев айтты.

Ендігі кезекте орталықтың жұмыс істеу тәртібі бекітіліп, ережесі дайындалатын болады. Сонымен қатар, арнайы мобильдік қосымша әзірленбек. Ол үшін облыс басшысы жауапты тұлғаларға он күндік уақыт беріп, нақты тапсырмалар жүктеді.

Айта кетер жайт, жуықта ғана аймақта инвесторларды тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша өңірлік кеңес отырысы өтіп, онда облыс әкімі тағы да облыстың инвестициялық аxуалын арттыруда тиісті тараптардың бірлесе, жоспарлы жұмыс жүргізуінің тиімділігін тілге тиек еткен еді. Асқар Мырзахметов құрғақ сөзден гөрі уақыт оздырмай нақты нәтижеге қол жеткізу керектігін ескертті. Сонымен қатар, қаржы құйып, жұмыс жасауға ниетті кейбір инвесторларға қажетті жерлерді бөлуде жұмысты сылбырлыққа салып отырған аудандар да жоқ еместігін баса айтқан болатын.