Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауында «Орта білім беру жүйесінде негізгі тәсілдер белгіленген, қазіргі кезеңде солардың орындалуына баса назар аударған жөн. Балалар қауіпсіздігінің маңыздылығын ескеріп, бүкіл мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етуді, мектеп психологтарының жұмысын күшейтуді және басқа да дәйекті шараларды жүзеге асыруды тапсырамын», - деген еді.
Бүгін Елбасының Жолдауын жүзеге асыру аясында Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметі» алаңында өткен брифингте облыстық ІІД ЖПҚ Ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы, полиция полковнигі Қуанышбек Қалжанов, Жамбылдағы білім мекемелерінің 94,5% бейнебақылау камерасымен жабдықталғанын атап өтті.
- «2018 жылдың 9 айында кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыс саны – 104, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыс саны –121 болса, 54 бала жауапкершілікке тартылған. Соның ішінде, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар арасында құқықбұзушылық жасағандар жоқ. 2018 жылдың 10 айында кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыстар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 139 тен 116 фактіге яғни 16,5% төмендеді», – деді полиция полковнигі.
Бөлімше басшысы берген ақпаратқа сәйкес, бүгінгі күні облыс бойынша жалпы 162 мектеп инспекторы жұмыс істейді.
-«Облыстағы 933 білім мекемелерінің 882, яғни 94,5% бейнебақылау камераларымен қамтылған. Оның ішінде 425 мектеп, 345 балабақша, 53 мектептен тыс мекеме, 47 колледж, 7 облыс интернаты және 5 қала сыртындағы лагерь бар», – деді Қалжанов.
Сондай-ақ, ІІД өкілі балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқығын қорғау мақсатында өңірде түрлі іс-шаралар өтетінін мәлімдеді. Соның қатарында, «Қауіпсіз мектеп» республикалық акциясы, ата-аналар арасындағы «Өз балаңды сақта!» ұраны бар жиналыстар, «Қауіпсіз интернет», «Компьютер және балалардың денсаулығы», «Баланың интернет желісіндегі қауіпсіздігі» тақырыптарына сынып сағаттары, дәрістер, дөңгелек үстелдер бар.