30.11.2018 в 18:42

ПОЛИЦИЯ ЖҰМЫСЫН ТҮБЕГЕЙЛІ ЖАҚСАРТУ

1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Жамбыл облысында бірқатар нысандар ашылмақшы. Соның бірі – бүгін Тараз қаласындағы №1  полиция бөлімшесінде алғашқы қабылдау бөлмесінің ашылуы.

Халықпен жұмыс істеуде полиция қара­байыр амалдардан арылып, зама­науи жаңа форматтарды игергені дұрыс. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауында үшінші мәселе ретінде осыны айтты. Яғни ішкі істер органдарына «халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматтарын енгізіп, полиция­ны бағалаудың критерийлерін түбегейлі өзгерткен жөн», деді. Сондықтан да полиция жұмысын сервистік модельге көшірудің маңызы зор. Ол үшін Елбасы қалалық және аудандық ішкі істер органдары жанында Халыққа қызмет көрсету орта­лықтарының қағидаты бойынша азаматтарды қабылдау үшін қолайлы жағ­дай жасау қажеттігін қатаң тапсырды. Сөйтіп еліміздің бүкіл қалалары қо­ғамдық қауіпсіздікке мониторинг жүр­гізу жүйелерімен жабдықталуы да полиция жұмысын жақсарта түседі. Сонда ғана қоғам тарапынан берілген сенім деңгейі және халықтың өзін қауіпсіз сезінуі полиция жұмысын бағалаудың негізгі өлшеміне айналмақ.

Полиция департаменті бастығы Арман Оразалиевтің сөзінше, жаңа қабылдау бөлмесінде  халыққа жағдай жасаудағы бірқатар талаптар ескерілген. Мәселен, бұл жерде қарулы күзет тұрмайды, кіре берісте құрсаулы терезелер жоқ. Ғимаратта азаматтардың арыз-шағымдарын қабылдайтын арнайы бөлмелер қарастырылған. Сондай-ақ, бұл жерден тұрғындар арнайы төлемдер жүргізе алады. Кезекші полиция, көші-қон, әкімшілік  полициясының қызметкерлерін де осы жерден табуға болады. Қабылдау бөлмесінің жобалық құны-2,8 млн теңгені құрап отыр.

 «Бұл бірінші ашылып жатқан қабылдау бөлмесі. 2019 жылдың бірінші жарты жылдығында барлық ауданда қабылдау бөлмелері ашылады. Бұл жерден кез-келген Қазақстан азаматы қажетті мәліметтерді ала-алады және арыз-шағымын жаза алады. Халықтың тілегін ескере отырып біз, құқық қорғау жүйесін жетілдіру мен қылмыспен күресті күшейте аламыз. Біздің басты мақсатымыз – полицияға деген сенімді қалыптастыру, беделін көтеру», – деді облыстық полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев.