01.12.2018 в 02:09

ПОЛИЦЕЙЛЕРДЕН САПАЛЫ НӘТИЖЕ ТАЛАП ЕТІЛЕДІ

Жамбыл облысының Байзақ ауданында полиция басшыларының басын қосқан жиын болып өтті. Талқыланған мәселе: мал ұрлығының алдын алу. Аудан әкімдігінде өткен жиында елдімекендерде орын алып жатқан мал ұрлығына қалай тосқауыл қоюға болады? деген сауалға жан-жақты жауап ізделді, ортақ жұмыс жоспарлары қарастырылды.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауында құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер қажет екендігін ерекше атап өтті. Президент: «... Қоғам құқық қорғау органдарының, ең алдымен, полиция жұмысының түбегейлі жақсаруын күтіп отыр. Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесіп, «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» қабылдауды тапсырамын. Реформалар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырыла бастауға тиіс...» деді. Байзақ ауданының полиция қызметкерлері жоғарыдағы мәселені тиімді шешу үшін алдағы жаңа жылдан қандай жаңа шараларды қолға алу керектігін талқылады.

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов ашып, жүргізіп отырды. Аудандық  полиция бөлімінің бастығы, полиция  полковнигі Асылхан Заурбеков соңғы бес жылда аудан аумағында орын алған құқық бұзушылықтарға шолу жасай отырып, кейбір қылмыс түрлері төмендегеніне, сондай-ақ, мал ұрлығына қатысты орын алған қылмыс деректеріне жеке-жеке тоқталды. Мал ұрлығының алдын алу және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Осыған қарамастан із кесушілерге бой алдырмайтын ұрылардың да іздерін суытып үлгеретіні өкінішті болуда.

Асылхан Әзімханұлы мал ұрлығының алдын алу үшін малға ен, таңба, сырға салу, елдімекендердің кіре және шыға берісіне бейнебақылау қондырғыларын орнату, малға сенімді күзет қою, төрт түлік малды түнгі уақытта жайылымда қалдырмау сынды нақты іс-әрекеттер ұрлыққа тосқауыл болатындығын,  жалпы осы бағытта түрлі жұмыстар жүргізіліп жатқандығынан хабардар етті. Бір сөзбен айтқанда Елбасының құқық қорғау органдарына міндеттеген терең және сапалы өзгерістерден тұратын жұмысы нәтиже берер сын сағаты соқты. Қолынан іс келмейтін қызметкерлер жұмысының нәтижесіне қарай бағалануы тиіс.

Бұл алқалы жиында Жамбыл облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Жүнісбеков, аталған департаменттің жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мұрат Байсеркенов мал ұрлығының өсуіне жол бермеу және ашылмай қалған мал ұрлықтарын ашудың өзектілігін айтса, Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының директоры  Мәртпек Шәкірбекұлы ұрлықты тоқтатудың, оны құрықтаудың жолдарын бірлесе шешу қажеттігі туралы ойымен бөлісті.

Облыстық мәслихаттың депутаты Алимбек Жұманбеков төрт түлік мал еркін жайылғанда өсетіндігін айтып, өзгелердің малын олжа қылған ұрыларды қатаң жазаға тарту қажеттігін жеткізді. Дихан ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Әзімбек Ойықбаев мал ұрлығының алдын алу үшін түнгі кезекшілікті ұйымдастыру мәселесін көтерді.

Жиында мал ұрлығы қылмысының алдын алу мен оған жол бермеу турасындағы ұсыныстар назарға алынды. Нәтижесі полиция қызметкерлері атқарған жұмыстардан көрінетін болады.