01.12.2018 в 02:22

ЕЛБАСЫ БОЛАШАҚ ҰРПАҚҚА ХАТ ЖАЗЫП ҚАЛДЫРДЫ

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болашақ ұрпаққа арналған хат жазды,  -деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Бүгін Астана өткен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының 10 жылдығына арналған форумда оқушылар Елбасына «уақыт капсуласын» ұсынып, аталмыш мектеп түлектеріне аманат хат жазып қалдыруды сұрады.

«Осындай ерекше маңызды мейрам күні алғашқы Зияткерлік мектепке «уақыт капсуласын» табыс еткіміз келеді. Осыған байланысты Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 2068 жылғы түлектеріне аманат хат жазып қалдыруды өтінеміз», – деді аталған мектептің түлегі, Назарбаев Университетінің студенті Абылай Сатылхан.

Мемлекет басшысы жастардың сұрауына қолдау білдірді.

«Бұл, 2068 жылғы ұрпаққа арналған. Қазақта «елу жылда ел жаңа» деген сөз бар. Ол кезде жаңа технологиялар болады, адамдар 100-120 жыл жасауы мүмкін. Сондықтан, Құдай бұйыртса, осы жетістіктерді сол кезде көресіздер, бұл хатты ашып, оқисыздар»,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ҚР Президенті 17 жыл бұрын Абылай Сатылханның тұсауын кескен. Бүгінгі шарада Абылай сол сәтте түсірілген фотосуретті Елбасына табыс етті.

«Бүгінде саясаттану және халықаралық қатынастар мамандығында білім алудамын. Сіз Тәуелсіз Қазақстанның барша перзенттерінің үлкен өмірдегі тұсауын кесіп, жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиеледіңіз. Сіз «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында бабаларымыздың ұлы жетістіктерін атап өттіңіз. Енді бір айдан кейін Жастар жылы басталады. Бізге бұрынғыдан да зор мүмкіндіктер  ашылады. Осының барлығы үшін сізге мыңда бір рахмет! Осыдан 17 жыл бұрын еңселі елордамыз Астанада сіз тұсауымды кескен едіңіз. Мен бүгін біздің әулеттің тұмары секілді әрдайым төрде ілініп тұратын мына суретті өзіңізге ала келдім. Сіз мені әуелете көтеріп, «азамат бол» деп бата беріпсіз. Мен осы мотивациямен өмір сүріп, өзіңіз айтқандай, мықты азамат болуға, елім үшін қызмет етуге уәде беремін», – деді Абылай Сатылхан.