03.12.2018 в 14:19

ТАРАЗДА ҮШ АУЫСЫМДЫ МЕКТЕП МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛГЕН

Елбасының биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын жақсарту» атты Қазақстан халқына Жолдауы бізді ерекше қанаттандырды. Президент мемлекетімізде атқарылып жатқан бірқатар ауқымды бастамаларға тоқталып, оң бағасын берді. Н. Назарбаев аталмыш Жолдауда: «Орта білім беру жүйесінде негізгі тәсілдер белгіленген, қазіргі кезеңде солардың орындалуына баса назар аударған жөн...

... Балалар қауіпсіздігінің маңыздылығын ескеріп, бүкіл мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етуді, мектеп психологтарының жұмысын күшейтуді және басқа да дәйекті шараларды жүзеге асыруды тапсырамын.

Білім алудың қолжетімділігін арттыру мақсатымен оқушыларға орын жетіспейтіні, мектептердің үш ауысымда оқыту және апат жағдайында болу проблемалары мейлінше сезіліп отырған  өңірлер үшін Үкіметке 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттен қосымша 50 миллиард теңге қарастыруды тапсырамын»- нақты міндеттеме жүктеді. Сол жүкелген міндеттеме Жамбыл облысында кең пәрменмен жүзеге асырылуда. Өңір әкімі Асқар Мырзахметовтың бұл мәселеге аймаққа әкім боп келген сәттен бастап ерекше назар аударуы – жыл басынан бері үлкен жетістіктерге қол жеткізуге түрткі болды.

Жалпы, халықтың тұрмысын көтеруге, табыс пен тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған Жолдауда білім мәселесіне ерекше көңіл бөлінгеніп,  мұғалімдер қауымына ерекше серпіліс бергені рас. Мұғалімдердің мәртебесін жоғары қоя отырып келесі жылға дайындық жұмыстарының жүргізілуі, мектептер мен балабақшалардағы өмір қауіпсіздігіне жүз пайыз бақылау жүргізу, сонымен қатар үш ауысымды мектептерді жою жөнінде және жастарды отансүйгіштікке баулу турасында мәселе көтерілгені өте орынды болды. Айта кету керек, Жолдау арқылы қоғамның әрбір мүшесі алға ұмтыла отырып, халқымызға қажетті жобаларды жүзеге асырады. Бүгінгі таңда қазақ қоғамында мұғалім мәртебесі туралы жиі мәселе көтеріледі. Ал мұғалім мәртебесінің, оның біліктілігінің бүгінгі жас ұрпаққа тигізер пайдасы орасан екені қанша айтылса да, бүгінгі күнде оның іс жүзінде алшақтығы байқалып отыр.  Елбасы мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керектігін де қадап айтты. Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау керектігін мәлімдеді. Мұның бәрі мұғалімдердің мәртебесін көтеруге арналған міндеттер, алға қойылған мақсаттар. Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбәрак Жинақбаеваның айтуынша, бүгінде мемлекеттің білім саласына деген қамқорлығы артып келеді. Сапалы білім алу арқылы бүгінгі жастар ертеңгі елеулі тұлғаға айналуда. Ал сапалы білім алу үшін білім ошақтарының барлығы талапқа сай болуы керектігі айтпаса да түсінікті. Бүгінде Тараз қаласы бойынша үш ауысымды мектептердің мәселесі шешілген. Биыл ғана қалада үш ауысымды мектептер жойылып, ағымдағы жылдың білім күні қарсаңында 900 және 1200 орындық екі мектеп пайдалануға берілген.  Бұл  ҚР президентінің нақты тапсырмасын орындаудың айқын көрінісі.