21.02.2020 в 17:11

ТҮРКІСТАН: МАМАНДЫҒЫҢНАН БҰРЫН, АДАМДЫҒЫҢ БИІК БОЛСЫН!

Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің бас маманы Төлегенқызы Гүлмира облыстық Тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментімен бірігіп ұйымдастырылған оқыту семинарына қатысты.

Жемқорлық көріністеріне жол бермеуді мақсат еткен жиында қалалық және аудандық басқарма басшылары мен департамент қызметкерлеріне ақпараттық дәріс оқылып, жемқорлыққа қарсы теріс көзқарас қалыптастыратын арнайы бейнеролик көрсетілді.

Кездесудің негізгі мақсаты - ұжым арасында сыбайлас жемқорлық пен құқықбұзушылықтарды болдырмау және алдын алу арқылы елде сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, заңға енгізілген жаңа нормаларды түсіндіру.

Өз кезегінде Гүлмира Төлегенқызы басшыларға мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан жоғары жауапкершілікке ие екендігін атап өтіп, өзгерістерді өздерінен бастау қажеттігін және де халыққа қалтқысыз адал қызмет көрсетуге мүдделі екендіктерін тілге тиек етті.

Оқыту семинарында Г.Төлегенқызы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларға енгізілген өзгерістер, жемқорлықтың орын алу жағдайлары мен оның алғышарттарын жою жөнінде және қызмет бабын асыра пайдалану арқылы сыйлық алып, сыйақы бергендерге жаза қатаң екенін жан-жақты түсіндіріп өтті.

Сондай-ақ, Агенттік тарапынан жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалар мен Департамент тарапынан жүргізіліп жатқан іс-шараларға тоқталып, ел игілігі жолында жұмыс атқаратын қызметшілерді әдепті және әділетті болуға шақырды.

Шара соңында тақырыптық бағыттағы бейнероликтер көрсетіліп, жиынға қатысушылар тарапынан қойылған бірқатар сауалдарға нақты жауап берілді.