29.02.2020 в 15:47

Бозторғай жұмыртқалаған бейбіт, тыныш заманда өмір сүріп жатқан әр қазақ бақытты

Еркіндікте, теңдікте, бостандықта өмір сүріп жатқанымызға шүкіршілік етемін. Қазіргі жағдай мейлінше жақсарып, зиялы, ойлы жастар саны артып келеді. Мені білімді жастарымыз арандатушылыққа түсіп қала ма деген ойлар мазалайтыны рас. Бірақ, жастардың көпшілігі азат ойлы, жоғары білімді, терең көзқарастағы азаматтар деп сеніп, олардың жүйелі түрде ойлап, тындырымды іс жасап, халқым, елім деп жүреді деген сенім мені қайтадан тыныштандырады.

Қазіргі жастар өте бақытты. Жастар неше түрлі жобаларын жасап, соны жүзеге асыратын мүмкіндіктері мол, білімін шет елде дамытамын десе «Болашақ» бағдарламасымен оқуға болады. Бүгінгі жастармен бұрынғы жастарды салыстыра алмаймыз. Қазіргі жастардың шетелге оқуға мүмкіндігі көп. Осының бәрі Қазақ елінің сындарлы саясатының арқасында деп ойлаймын.

Осыларға қарап отырып, бүгінгі күні, біз, жастар жасаған істер ертеңгі күнге бағдар, келер заманның өрендеріне үлгі болуы үшін де алда қаншама міндет тұрғандығы күн өткен сайын айшықтала түсуде. Сондықтан, қолда барға қанағат етіп, шүкіршілік етейік! Қазір қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт, тыныш заманда өмір сүріп жатқан әр қазақ бақытты.