03.04.2020 в 18:57

ШЫМКЕНТТЕГІ БЛОК-БЕКЕТТЕРДЕ 669 ҚЫЗМЕТКЕР ҮШ АУЫСЫМДА ЖҰМЫС ІСТЕУДЕ

Шымкентте 4 сәуір күні сағат 21:00-ден бастап карантин режимі енгізіледі. Карантин режимі аясында Шымкентте барлық мекемелердің жұмысы уақытша тоқтатылмақ. Сондай-ақ тұрғындар мен көліктің барлық түріне Шымкент қаласынан шығуға және қалаға кіруіне тыйым салынады. Саябақтарға, қоғамдық тамақтану орындарына баруға болмайды, кафелер мен мейрамханалар үйге жеткізу бойынша ғана жұмыс істейді.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі таңда қала кіреберістерінде 18 блок-бекет жұмыс істеп тұр. Олардың әрқайсысы бейнебақылау камералары және дрондармен қамтылған.

Барлық блок-бекетте жалпы 669 қызметкер жұмылдырылған. Оның ішінде: 237 полиция қызметкерлері, 204 медицина қызметкерлері, 168 қарулы күштер және 60 ұлттық ұлан сарбаздары үш ауысымда тәулік бойы қызмет атқаруда. Блок-бекеттерде көлік жүргізушілері мен оның салонындағы жолаушы міндетті түрде тіркеуге алынып, медицицналық құрылғымен тексеріліп өткізіледі.

Ескес ала кетсек, карантинге байланысты қаланың қоғамдық көліктері таңғы сағат 7.00-ден кешкі 19.00-ге дейін ғана қызмет көрсетеді. Азық-түлік базарлары сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін, азық-түлік дүкендері сағат 10:00-ден 21:00-ге дейін жұмыс істейтін болады. 55 жастан асқан адамдарға аса қажеттілік туындамаған жағдайда далаға шығуға болмайды.

Шымкент қаласы төтенше жағдай штабы