13.04.2020 в 20:39

ШЫМКЕНТ: ҚҰЖАТТАРДЫ «ЭЛЕКТРОНДЫҚ ӨТІНІШ» СЕРВИСІ АРҚЫЛЫ ЖЕДЕЛ РӘСІМДЕУГЕ БОЛАДЫ

Мемлекеттік қызметтің 14 түрі бойынша азаматтар өтінішті «электрондық үкімет» порталының «Электрондық өтініштер» сервисі арқылы рәсімдеуге болады. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігі, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ержан Ергеш мәлім етті.

- Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ел аумағында төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты төтенше жағдайдың кезеңінде әлеуметтік шиеленіс пен наразылық жағдайларын болдырмау және де адам арасындағы физикалық байланыстың алдын алу мақсатында бүгінгі таңда қағаз жүзінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің көрсету тәртібін жасап департаментке жолдады. Осыған орай, ұсынылған тәртіп бойынша департамент мемлекеттік қызметтің 14 түрін көрсететін болады. Барлық жаңа тағайындаулар бойынша, азаматтар өтінішті қосымшада ұсынылған тәртіпке сәйкес «электрондық үкімет» порталының «Электрондық өтініштер» сервисі арқылы беретін болады, - деді Ержан Ермаханұлы.

Тұрғындар сауалдар әлеуметтік төлемдер бойынша сауалдарын 32-46-95, 47-84-43, 32-63-24 телефондарына, мүгедектіктікті белгілеу бойынша 32-14-32, 32-48-66 хабаралсып біле алады. Мекенжай: Шымкент қаласы, Диваева көшесі 148.

Айта кетсек, мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібі төмендегідей:

1. Қашықтан көрсетілетін қызметтер (ЭҮП, проактивті, Telegram) ЭҮП-де, дәл солай көрсетіледі. Қағаздық өтінімдер қабылданбайды.

- «Жерлеуге біржолғы төлем тағайындау»;

- «Мүгедектігі мен асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау»;

- «Бала туу және бала күтімі бойынша жәрдемақы тағайындау;

- «Инфляцияның деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомасы мен зейнетақы жинақтарының сомасы арасындағы айырма төлемі»;

-"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау"

2. «Электрондық өтініштер» арқылы ЭҮП жүзеге асырылатын қызметтер.

Келесі қағаз жүзіндегі өтінімдер ЭҮП орналастырылатын болады.

- жасына байланысты зейнетақы төлемін тағайындау

-"Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау "

-"Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау"

- "Мемлекеттік арнайы жәрдемақылар тағайындау"

-"Мүгедек баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) жәрдемақы тағайындау"

- Семей ядролық сынақ полигонында ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды тіркеу, біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы төлеу, куәлік беру" ;

- "Банкроттық салдарынан таратылған заңды тұлғалар қызметкерлердiң өмiрi мен денсаулығына келтiрген зиянды өтеу жөнiндегi төлемдердi капиталдандыру кезеңi аяқталғаннан кейiн Қазақстан Республикасының азаматтарына ай сайынғы төлемдер түрінде әлеуметтік көмекті тағайындау";

- "Бала кезінен бірінші топтағы мүгедектің күтіміне байланысты жәрдемақы тағайындау"

- Бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы тағайындау.

- «Мүгедектікті және/немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу және/немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау».

Шымкент қаласының төтенше жағдай жөніндегі штабы