Шымкентте табысынан айырылып, кәсібін тоқтатқандарға мемлекет тарапынан ең төменгі мөлшерде қолдау көрсетілуде.
Тігіншілікпен жеке кәсібін дөңгелетіп келген қала тұрғыны Айгүл Акимова да әлеуметтік қолдауға ие болды. Он саусағынан өнер тамған ісмердің шағын шеберханасы елдегі төтенше жағдайға байланысты жұмысын тоқтатқан болатын. Бұған дейін "Бизнес-бастау" жобасына қатысып, қаржылық көмектің нәтижесінде тігін шеберханасын ашқан жерлесіміз үкімет тағайындаған әлеуметтік көмекті зор ықыласпен қабыл алғанын айтады.
– Қала карантинге жабылуына байланысты жұмысымызды тоқтатуға тура келді. Жаңалықтар арқылы 42500 теңге әлеуметтік көмекке тапсыруға болатынын естідім. Үйден шықпай-ақ тиісті құжаттарды рәсімдеп, өтініш бердім. Екі күн ішінде оң жауабы келді. Осылай көптің бірі болып көмекке ие болдық. Мемлекет басшыларына рақметімді айтам, - дейді тігінші.
Айгүл Акимова - үйінің жалғыз асыраушысы. Төрт перзенті де мектеп жасында, ал жолдасы ІІ топтағы мүгедек. Мемлекет тарапынан берілген қаражатты азық-ауқатқа жұмсайтынын айтты.
– Бір жағынан осы көмекті алмағанымда жағдай қалай болар еді деп ойлаймын. Өйткені табысым бала-шағамыздан артылмайды. Қиын қыстау кезеңде халықтың жағдайына алаңдаушылық білдірген ел ағаларың жұмысына табыстар тілейміз, - деді ол.
Кейіпкеріміз коронавируспен алдыңғы шепте күресіп жүрген медицина қызметкерлері мен тәртіп сақшыларының ерен еңбегін жоғары бағалауды баса айтты. Дерт те дауаланып, елдің де көші түзелер деген сенімде.
Еске сала кетсек, Шымкентте қазіргі дейін 42 500 мың теңге көлеміндегі әлеуметтік көмекті 229 мыңнан астам адам алды.