21.04.2020 в 15:12

"Дәстүр дәрістері" атты онлайн жүздесу өткізілді

Шымкент қаласы Салт-дәстүр орталығы «Дәстүр дәрістері» атты онлайн жүздесу іс-шарасын өткізуді қолға алды. Дәстүрін дәрістерінде әр аптада орталық қызметкерлері қазақ халқының ұлттық дәстүрі – қыз бала мен ұл баланың тәрбиесі, баланы қырқынан шығару, отбасындағы тәрбие құндылығы, ата-ананың орны, үлкенге құрмет көрсету өнегелерін оқырманға ғибратты әңгімемен жеткізіп отырады. Бұл жолы қыз бала тәрбиесі хақында орталықтың кіші ғылыми қызметкері  Гүлжаухар Пазылбекова шырайын келтіре тұщымды түсіндіріп берді. Соның бірі – қызды оң босағаға отырғызу салты. Қазақы салт бойынша қыз бала бой жетіп он екіге толған шағында үйдің оң босағасынан арнайы орын беріп, өзіне тиесілі киім-кешек, көрпе-жастығын, жатын орнын шымылдық құрып көлегейлеп, бөлектеп тәрбиелеген. Бұл дәстүр «қызды оң босағаға отырғызу» деп аталған. Оны бүркеп, көлегейлеп тұрған үлкен перде «шымылдық», ал шымылдық ішіндегі қыздың орны «көсеге» делінген. Бойжеткен ару ұзатылғанда көсегесін жасаумен бірге алып кететін болған. Осы орайда ел арасында «көсегең көгерсін» деген сөз содан шыққан.

Жалпы алғанда қыздарымызды жастай оң босағаға отырғызудың үлкен ғылыми негізі бар. Сонымен қатар шаңырақ ұйытқысы болып, барлық іске икемділігін жоғарылатады. Барған отаудың берекесін тасытып, ел анасы атанады. Дана қалпында көрегенділігін байқатып, айналасына шуағын төгеді. Өзі жиған дүниесінен көңілі ауған құрбысы мен қайынсіңлілеріне сыйлық үйлестіреді. Ерінің керек жарағын дайындап, түздегі азаматына тілеулес болады. Бұның барлығы бала күнінен анасынан көрген тәлімін аңғартады.