05.06.2020 в 16:19

ШЫМКЕНТТІК 3000-ҒА ЖУЫҚ ЕРІКТІ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРАЛАРЫНА АТСАЛЫСУДА

Бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Жандос Қалтаевтың қатысуымен 2020 жыл «Еріктілер жылы» аясында атқарылған жұмыстар мен жоспарлар бойынша брифинг өтті.

Брифингте басқарма басшысы, ең алдымен, еріктілер жылына байланысты қала жастарының азаматтық белсенділігін дамытуға жаңа серпін беретін іс-шаралар жоспары әзірленгенін жеткізді.

Атап айтсақ – «Біргеміз» жалпыұлттық жобасы, Балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне «Тәлімгер» жобасы, «Шымкент – қайырымды қала» жобасы, «Жасыл және таза қала» жобасы, «Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы», «Ізгілікте жарысайық» жобасы және «Мейірім» жобалары.

Ж.Төлембекұлының сөзіне сүйенсек, бүгінде Шымкент қаласында 20-дан астам қоғамдық ұйымдар еріктілікпен белсенді айналысады. Ал еріктілер саны – 3000-ға жуық.

«Халықтың әртүрлі жас топтарын еріктілік қызметке тарту қажеттілігін ескере отырып, еріктілерді қолдау мақсатында Шымкент қаласы «Жастар ресурстық орталығының» қолдауымен «Шымкент волонтерлар қауымдастығы» құрылды. «Жария», «Мейірім», «Добряки Шымкента», «Волонтер Шымкент», «ASSA», «Ізгілікте жарысайық», «Благо дарю», «Lider.kz», «Жастар қуаты» 9 волонтерлық ұйым – қауымдастықтың құрылтайшылары. Ал еріктілермен жобаларды үйлестіру мақсатында Жастар ресурстық орталығы жанынан «Волонтерлермен жұмыс жүргізу» бөлімі ашылды», – деді Ж.Қалтаев.

Бұл ретте басқарма басшысы еліміздегі карантиндік жағдайға байланысты жол картасында қарастырылған кейбір іс-шараларды ұйымдастырып өткізу мүмкіндігі болмай жатқанын атап өтті. Сол себепті волонтерлық жұмыстар төтенше жағдай кезеңіндегі шаралармен ұласқан.

Тоқталып өтсек, ақпараттық-насихаттау жұмыстары мен қайырымдылық шаралары жүргізілген. Яғни, індеттің таралуын алдын алу мақсатында әлеуметтік 8 бейнероликтер және 20 түрлі электронды флаерлер дайындалып, әлеуметтік желілерге салынған. Ал қайырымдылық барысында 7 245 аз қамтамасыз етілген отбасыға азық-түлік, 333 отбасыға дәрі-дәрмек және 1 миллионнан астам бетперде мен антисептик таратылған.

Осы орайда жастардың карантин уақытында пайдалы кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Үйде бірге оқимыз» челленджі басталып, 3 кітап оқу талабы қойылған. Бір айға жалғасқан бұл челленджде 3000 жас 9000 кітап оқып, арнайы жеңімпаздар анықталған. Аталған жалғастыру үрдісінің пайдасын Жандос Қалтаев: «Кітапты 21 күн оқыса, әдетке айналады» деп, дәйекті мысалмен келтірді.

Одан бөлек, Ж.Төлембекұлы атқарылып жатқан жұмыстары мен жоспарлары жөнінде де сөз қозғап өтті. Ал брифинг соңында БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.

Шымкент ақпараттық-коммуникациялық орталығы