11.06.2020 в 19:52

Отбасымен мақтанатын оқушылар көп болсын

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №124 жалпы орта мектебі әрдайым игі істердің бастамашысы болып жүреді. Жуырда аталмыш мектепте Отбасы құндылықтарын насихаттайтын онлайн тәрбие сабағы болып өтті. «Әкем қамқоршым, анам ақылшым» тақырыбында өткен тәрбие сағатына оқушылар белсене қатысты. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі әрі 5 сынып жетекшісі Гауһар Рауаилова тәрбие сағатын қызықты етіп ұйымдастыра білді. Оқушылар отбасына қатысты, ата-ана тәрбиесіне қатысты өлеңдер, мақал мәтелдер оқып жарысты. Отбасында ата-әжелерінің қандай тәрбие беретінін де тілге тиек етті. «Мен өз отбасыммен мақтанамын» дейді олар. Ата - ана үмітін ақтауға барын салатынын айтып уәде бергендері де бар. Жалпы отбасындағы ата - ананы сыйлауға, қадірлеуге, татулыққа тәрбиелеуді басты ұстын еткен тәрбие сағаты жоғары деңгейде өтті. Оны оқушылардың белсене атсалысуынан-ақ байқауға болады. Баланың бойына ізгілікпен дарыған мейірім, адамгершілік қасиеттері кейін отбасыны құндылық деп тануына септігін тигізері сөзсіз.