2022 жылы «Болашақ» халықаралық стипендиясының тұрақты түрде тағайындалып келе жатқанына 29 жыл. Осы уақыт аралығында бағдарлама бойынша 11,5 мыңнан астам стипендиат әлемнің озық оқу орындарында білімін шыңдады. Биыл мемлекет басшысы халықаралық бағдарламалар орталығына жаңа даму стратегиясын даярлауды тапсырған. Орталықтың басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин Azattyq Ruhy тілшісіне сұқбат беріп, бағдарламаға енгізіліп жатқан өзгерістер туралы айтып берді.
– Қазір «Болашақ» бағдарламасына құжат қабылдау жүріп жатыр. Бұл жолғы үміткерлердің қарқынын қалай бағалар едіңіз? Өтініштер 23 мамырдан бастап, биылғы 14 қазанға дейін қабылданатынын білеміз. Бүгінге дейін келіп түскен өтініштерге қарап, қазірдің өзінде қандай мамандықтарға бәсеке жоғары болып отырғанын байқауға болады?
– «Болашақ» стипендиясы конкурс арқылы тағайындалады. Байқау 3 кезеңнен тұрады. Өзіңіз айтып өткендей, биыл құжат қабылдау кезеңі 23 мамырда басталды. 2022 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға түсуге ниет білдірген үміткерлердің саны өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Мысалы, былтыр жазғы іріктеуге 90-ға жуық үміткер қатысса, биыл 233 үміткерден өтініш келіп түсті.
Тағы бір айта кетерлік жайт, биыл техникалық мамандықтарға қызығушылық танытып, осы салада білімі мен тәжірибесін шыңдауға ниет білдірген үміткерлердің саны екі есе артты. Атап айтқанда, былтыр олардың саны 40-қа жуық болса, биыл 80-ге жуықтап қалды.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев техникалық мамандықтарға назар аударып, бағдарламаны қайта бағдарлау жөніндегі тапсырмасына сәйкес халықаралық бағдарламалар орталығы жаңа даму стратегиясын әзірледі. Осы туралы толығырақ айтып берсеңіз.
– Биыл «Болашақ» бағдарламасына 29 жыл толып отыр. Тәуелсіздік алған жылдары бағдарлама түлектерінің кемінде жартысынан астамы әлеуметтік мамандықтар бойынша оқыды. Нарықтық экономиканы жіті білетін, халықаралық деңгейде білімі бар экономист пен қаржыгерлерге сұраныс жоғары болды. Заңнамалық тұрғыдан да түбегейлі өзгерістер енгізу қажеттігі туындады. Осы тұста білікті заңгерлерге сұраныс артты. Әлемнің беделді оқу орындарында білімін шыңдаған түлектер тәуелсіз мемлекетті дамыту бойынша стратегиялық және тұжырымдамалық құжаттарды әзірлеу барысында халықаралық тәжірибеге сүйеніп, елді дамыту жолында өздерінің сүбелі үлесін қосты.
Бүгінде әлеуметтік салалармен қатар, техникалық және IT мамандықтар, инновациялық өндіріс, жасанды интеллект сияқты бағыттарға, инженерлік-техникалық мамандықтарға басымдық беріліп отыр. Бұл салада стипендия үлесі 36%-дан 60%-ға дейін артты. Бұған қоса, «Болашақ» бағдарламасының ЖОО тізіміне 236 университет еніп отыр. Биыл ғана қосылған 23 университеттің басым бөлігі техникалық мамандарды даярлайды. Біз жыл сайын маңызы бар салаларды есепке алып, бағдарламаның тізіміне жаңа мамандықтарды енгізіп отырамыз. Жалпы 250 мамандықтың 40-қа жуығы инженерлік-техникалық салаға тікелей қатысы бар.
– Ресейдің жетекші техникалық университеттері «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқытатын шетелдік жоғары оқу орындарының тізіміне енді. Жалпы тізімге ресейлік қанша ЖОО еніп отыр?
– Биыл «Болашақ» бағдарламасына Ресейдің жеті жоғары оқу орны қосылды. Қазіргі кезде тізімге сегіз ресейлік университет кіреді. Бұл көрсеткіш университеттердің жалпы үлесінде 4%-ды ғана құрайды. «Болашақ» бағдарламасының тізіміне енген университеттер Times Higher Education, QS және Academic Rankings of World Universities әлем бойынша ЖОО-лардың көрсеткішін анықтайтын рейтингтердің екеуінде болуы тиіс. Сол сияқты Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін мемлекеттер арасындағы ұлттық рейтингтерде топ жарған үздік оқу орындарын да тізімге қосып отырмыз.
Ресейдің оқу орындарын тізімге қосқан кезде жоғарыда аталған екі шартты ескердік. Біз таңдаған университеттер рейтингтерде жоғары орында тұр. Сондай-ақ техникалық бағыттағы оқу орындарына басымдық беріп отырмыз. Енді негізгі мақсатымыздың бірі – географияны кеңейту. Тек ағылшын тілінде білім беретін университеттерді ғана емес, өзге де елдердің жетекші ЖОО-ларын тізімге қосу жоспарда бар. Сол арқылы үміткерлерге берілетін мүмкіндіктерді кеңейту қарастырылып отыр.
– Жеңілдік санатындағы үміткерлер «Болашақ» бағдарламасына құжат тапсырған сәтте шетелдің жетекші университеттеріне өз еркімен түсуге міндетті болмайды. Оларға тілдік курстан өту қарастырылған. Бұрын жалпы үміткерлерге осындай мүмкіндік берілген еді. Қазір жеңілдік санатына кімдер еніп отыр?
– Биылдан бастап инженерлік-техникалық мамандықты таңдаған үміткерлер жеңілдік санатына еніп отыр. Оған қоса, олар «Болашақ» бағдарламасы бойынша құжат тапсырған кезде шетелдік жоғары оқу орнына өз бетінше түсуге міндетті емес. Оларға қойылатын талап – мемлекеттік тіл мен шет тілін білу деңгейін анықтайтын сертификаттың болуы. Инженерлік-техникалық саланы таңдаған үміткерлер үшін іріктеудің қорытындысы бойынша стипендия тағайындалғаннан кейін 12 ай ішінде (9 ай Қазақстанда, 3 ай шетелде) ағылшын тілі курсынан өту мүмкіндігі бар. Дегенмен, қойылатын талап – тілдік курстан өту үшін 5 балдан кем емес IELTS сертификаты болу керек. Кейін 12 айдың ішінде ағылшын тілінің деңгейін жетілдіруге мүмкіндігі болады.
Сонымен қатар, ауылдық жерлерден үміткерлерге жеңілдік қарастырылып отыр. Ауылдық квота бойынша үміткерлер тілдік дайындықтан өтіп, стипендия тағайындалғаннан кейін бағдарлама аясында оқуға ұсынылатын ЖОО тізімінен оқу орнын таңдай алады. Стипендиаттың кепіл мүлкі болмаған жағдайда, бес кепілгерді ұсына алады. Ал кепіл мүлкінің құны оқу құнын өтеуге жеткіліксіз болған жағдайда, бар мүлкі мен екі кепілгерді ұсына алады. Кепілгер ретінде соңғы 12 ай ішінде тұрақты табысы бар, Қазақстан Республикасының 50 жасқа дейінгі азаматы бола алады.
Бұған қоса, ауылдық квота бойынша үмтікерлер үшін еңбекпен өтеу мерзіміне қатысты жеңілдік ұсынылған. Өңірлерге жұмыс істеуге баратын түлектер үшін еңбекпен өтеу мерзімі қысқартылды. Олар 5 жылдың орнына 3 жыл еңбекпен өтейтін болады. Осындай шарт арқылы өңірлерге барып, ауылда жұмыс істейтін «Болашақ» стипендиясы иегерлерінің санын арттыруды жоспарлап отырмыз.
Алдағы уақытта ауылдық үміткерлердің бағдарламаға қолжетімділігін арттыру мақсатында IELTS емтиханының балын 6.0 балдан 5.0 балға дейін төмендетуді жоспарлап отырмыз. Осыдан кейін бағдарламаға ауылдық елді мекеннен қатысушылардың саны артады деген ойымыз бар.
– Биыл 17 мамандықтың атауы кеңейтіліп, бұрыннан бар мамандықтар қатарына қосылса, 23-і жаңа мамандық ретінде енгізіліп отыр екен. Бұл салаларды біздегі еңбек нарығында сұранысқа ие деп айта аламыз ба?
– «Болашақ» бағдарламасының мамандықтар тізімін бекіткен кезде еңбек нарығының орта мерзімді болжамы ескеріледі. Біз мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік ұйымдар, ЖОО-лар, ғылыми орталықтар, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, индустрия және бизнес өкілдерінің қатысуымен сарапшылық кездесулер өткіздік. Соның нәтижесінде қазіргі уақытта нарықта қандай мамандар тапшы, қандай мамандыққа сұраныс жоғары, алдағы уақытта жаңадан пайда болатын мамандықтар туралы арнайы зерттеу жүргізіп, жаңа мамандықтар енгіземіз.
Биыл тізімге жаңадан 40 мамандық қосылды. Бұл ауқымды жұмыс. Халықаралық зерттеулерді де назарға аламыз. Мысалы, биыл тізімге робототехника мамандығын енгіздік. Айта кетерлігі, осы күнге дейін Қазақстандық ЖОО-ларда робототехника мамандығы бойынша бағдарлама болған емес. Сондықтан осы саланы меңгеру үшін шетелге жіберу мәселесіне басымдық беріп отырмыз.
– Мамандықтардың маңыздылығы грант бөлінген кезде ескеріле ме?
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес инженерлік-техникалық мамандықтарға бөлінетін гранттар үлесі 60%-ға артып отыр. Бұған қоса, елімізде медицина және білім беру салаларында маман тапшылығы бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жоспары бойынша алдағы 5 жыл ішінде білім беру саласына қосымша 200 мыңға жуық маман қажет болады. Жалпы алғанда осы уақытқа дейін «Болашақ» бағдарламасымен білім беру саласы үшін мыңға жуық кадр даярланды.
– «Болашақ» бағдарламасын бітіріп келген түлектердің қанша пайызы жұмыспен қамтылған?
– Қазіргі уақытта «Болашақ» бағдарламасы бойынша 11,5 мыңнан астам жоғары білікті маман дайындалды. Осы ретте, бағдарлама талабы бойынша шетелде оқуын аяқтап келген түлектер Қазақстанға келіп жұмыс істеуі міндетті. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында еңбекпен өтеу мерзімі – 5 жыл, ал өзге өңірлерде 3 жыл болып бекітілді. Қазіргі уақытта 3 мыңға жуық түлек еңбекпен өтеу мерзімінен өтіп жатыр. Олардың арасында 30-ға жуық түлек қана жұмыспен қамтылмаған. Себебі олар жақында ғана оқуын аяқтап елге оралды. Қазір олар жұмысқа орналасып жатыр. Жалпы алғанда бағдарлама түлектерінің 99%-ы жұмыспен қамтылып отыр.
– Биыл бағдарламаға қатысуға ниетті үміткер мамандық пен университет таңдар сәтте және құжат толтырарда нені ескеруі керек?
– І және ІІ іріктеу кезеңдері онлайн форматта өткізіледі. Конкурстық іріктеу толығымен автоматтандырылған. Біз үшін академиялық әділдікті сақтау өте маңызды. Бірінші кезең – кешенді тестілеуде прокторинг жүйесі қолданылады. Үміткерлер мұны ерекше назарға алу керек деп ойлаймын.
Екінші кезеңде тәуелсіз комиссия мүшелерімен сұхбат өтеді. Осы ретте комиссия тарапынан қойылатын сұрақтар тек академиялық білім деңгейіне ғана емес, үміткердің еңбек тәжірибесіне қатысты болуы мүмкін. Осыған дайын болу керек. Биыл бағдарламаға қатысып, стипендия ала алмаған үміткерлер келесі жылы қайта құжат тапсыра алады. Іріктеу жыл сайын өтеді.
Айта кетейін, «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу үшін үміткер таңдаған мамандық басым мамандықтар тізбесінде, ал жоғарғы оқу орны шетелдік ұйымдар тізімінде болуы керек. Алайда бөлек жағдайларда үміткерлердің құжаттары жеке тәртіпте қаралады.