04.01.2023 в 16:23

Төтенше жағдай, Тоқаев ұстанымы: Қаңтар оқиғасына бір жыл

8 өңірдегі ғимараттарды жөндеуге 31,1 млрд теңге бөлінген

Фото: Тимур Батыршин

Осыдан тура бір жыл бұрын Қазақстанда жаппай тәртіпсіздіктер басталды. Алғашында бейбіт митингтер өтті. Алайда артынан бірқатар өңірде кәдімгі анархия басталып кетті, дүкендер тоналды, қарақшылар көбейді. 

ОҚИҒА ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ

2022 жылдың басында сұйытылған газды аукцион арқылы сатудың нәтижесінде баға күрт көтеріліп кетті. Автогаздың бір литрі 120 теңге дейін қымбаттады. Содан Жаңаөзенде жүргізушілер жиналып, өз наразылығын білдіре бастады. Алаңда халық топтасып, жолды жауып тастады. Олардың видеосы жан-жаққа тарап кетті.

Артынан наразылыққа Ақтау, Құрық, Ақшұқыр және тағы басқа аудандардың тұрғындары қосылды. Жаңаөзенге жаяу шыққан мұнайшылардың видеосы да тарады. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен президентке бірнеше рет бейнеүндеу жолданды.

Сол кезде энергетика министрлігі мен облыс әкімдігі газ бағасын түсіре алмайтынын мәлімдеді. Себебі газбен жүретін көліктер көбейіп, шикізатқа сұраныс артқан. Ал 1973 жылғы зауыттың құрал-жабдықтары 90 процентке тозған.

Алдымен үкімет газ бағасын 85-90 теңгеге түсіре алатынын хабарлады. Ал 4 қаңтарда үкіметтік комиссия Ақтау қаласындағы Ынтымақ алаңына шығып, Маңғыстау облысындағы сұйытылған газдың бағасы 50 теңгеге төмендейтінін мәлімдеді. Сондай-ақ алаңға шыққан адамдарды жазаға тартпауға уәде берді.

Алайда Жаңаөзенде жиналған халық тарамады. Газ бағасынан кейін басқа саяси талаптар қойыла бастады. Адамдар Назарбаевты биліктен шеттетуді талап етті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен Twitter арқылы халықты сабырға шақырды. Одан кейін республикалық телеарналар арқылы бейнеүндеу жолдауға кірісті. Сол кезде халық жағдайдың қиындап кеткенін түсінді.

Сол күні Алматыдағы президенттік саябақ пен "Алматы Арена" жақта жүздеген адам жиналып, Мұстафин көшесімен төмен қарай жүре бастады. Абай мен Төле би көшесінде де халық жиналды. Барлығы орталыққа бет алды. Полициямен текетірес болды. Ал 5 қаңтарға қараған түні жаппай тәртіпсіздіктер басталды. Наразылыққа шыққандар полиция көліктерін өртеп, дүкендердің тас-талқанын шығарды.

Алматыда мобильді интернетті өшіріп тастады. Одан кейін республика бойынша байланыс үзілді. Адамдар қолма-қол ақша іздеп кетті. Әсіресе, Алматы қаласындағы жағдай қиын болды. Мемлекеттік нысандар отқа оранды. Әуежайды басып алды. Дүкендер мен банктер тоналды.

5 қаңтарда түнде Алматы қаласында және Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізілді. Ертесінде төтенше жағдай режимі барлық республикаға қолданылды. Лаңкестікке қарсы операция басталды.

Сол күні Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына үндеу жолдап, бітімгерлік әскерді кіргізуді сұрады. Барлығы қолдау білдірді. Қазақстанға 2 мыңнан астам бітімгер жіберілді. Олар келген бойда стратегиялық маңызы бар нысандарды күзетуге кірісті. Ал қазақстандық әскерилер мен полицейлер тәртіп орнатуға күш салды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасы бейбіт жиындардан басталғанын айтты. Сол кезде қылмыскерлер бейбіт шеруді жаппай тәртіпсіздікке айналдырғысы келген. Алдын ала әзірленген арандатушылар, бұзақылар, тіпті, қарақшылар да болған.

2023 жылдың басында Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр қаңтар оқиғасы кезінде бүлінген 8 өңірдегі ғимараттарды жөндеуге 31,1 млрд теңге бөлінгенін айтты.

Қазақстандағы 8 өңірде 42 мемлекеттік ғимарат қиратылды. Олардың бірі – Алматыдағы президент резиденциясы. Бұл нысанды бұзу туралы шешім қабылданды. Ол туралы білесіздер. Бүгінде жалпы 41 нысанды жөндеуге 31 млрд 100 млн теңге бөлінді.

Жетісу облысы әкімдігінің ғимараты қалпына келтіріледі. Наурызда Алматы қаласындағы Бас прокуратураның Құқықтық статистика ақпарат орталығы мен Алматы қаласының әкімдігі қалпына келтіріледі.

Қаңтар оқиғасын жоғары лауазымды адамдар мен қылмыстық топтың мүшелері ұйымдастырды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Бас прокурор Берік Асылов айтты.