ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Парламентке енген партияларға қарастырылған қаражатқа қатысты түсіндірді.
Бүгін Сенатта өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері министрден 11,8 млрд теңге партияларға қалай бөлінетінін сұрады.
«Жақын арада 2023 жылға арналған бюджетті нақтылау бойынша Парламентке барамыз. Бұл тұрғыда Орталық сайлау комиссиясының деректері аясында осы бюджетті қайта қарап, партиялар арасында бөлеміз. Заң бойынша бұл қаражатты Парламентке фракция болып енген партиялар алады», - деді Ерұлан Жамаубаев.
Қаржы министрі партиялар жиған дауыс санына қарай тиісті әдістеме бар екенін және осы дауыстар бойынша қаржыландыру жүргізілетінін айтты.
«Мәселен, 2022 жылы шамамен 8,5 млрд теңге қарастырылған еді. Оның басым бөлігі Amanat партиясына, 1 млрд теңгеге жуығы «Ақ жол» партиясына, сондай-ақ 800 млн теңге Қазақстан халық партиясына бөлінді», - деді Е. Жамаубаев.