14.02.2023 в 11:01

Бюджет қаражатын игере алмаған министрліктер аталды

Жергілікті бюджет шығысы 423 млрд теңгені құрады

Фото: Sputnik.kz

Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қаңтарда бюджет қаражатын игере алмаған министрліктерді атады.

Қаңтарда мемлекеттік бюджеттің шығысы 93,5%-ға, республикалық бюджеттің шығысы 94,7%-ға, жергілікті бюджеттердің шығысы 96,3%-ға атқарылған.

«Республикалық бюджет бойынша 1,5 трлн теңге сомасына шығыстар жүргізілді. Атқарылмағаны – 84 млрд теңге, оның ішінде 13 млрд теңге – үнемдеу, игерілмегені – 71 млрд теңге. Қаржыны ең көп игермеген ведомстволар – Денсаулық сақтау министрлігі, Мәдениет және спорт министрігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі», - деді Жамаубаев Үкімет отырысында.

Игерілмеудің негізгі себептері: төлемнің негізділігін растайтын құжаттардың болмауы немесе ұсынылмауы, шарттарды, қосымша келісімдерді жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу, бюджеттік бағдарламаларды іске асыру жөнінде нормативтік құқықтық актілерді уақтылы қабылдамау, орындалған жұмыс актілерін, шот-фактураларды уақытылы ұсынбау, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу.

Қаржы министрінің айтуынша, жергілікті бюджеттердің шығыстары 423 млрд теңге болған.

Атқарылмағаны – 16 млрд теңге. Биыл өңірлерге 1,2 трлн теңге нысаналы трансферттер көзделген. 1 ақпанға бекітілген қаржыландыру жоспарына сәйкес 10,2 млрд теңге сомасына нысаналы трансферттер бөлінді, оның 98,5%-і игерілді. 150 млн теңге игерілмеген, - деді вице-премьер.