16.02.2023 в 10:10

Бас прокуратура Jusan тобы активтерін Қазақстанға қайтарғалы жатыр

Істің сотта қаралуы Jusan Bankтің жұмысына әсер етпейді

Фото: Sputnik.kz

Бас прокуратура Jusan тобы активтерін Қазақстанға қайтарғалы жатыр. Бұл туралы бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Ресми ақпаратқа сәйкес, Алматы қаласының Бостандық аудандық соты «Pioneer Capital Invest» ЖШС мен Jusan Technologies Ltd арасындағы «First Heartland Jusan Bank» АҚ-ның, сондай-ақ онымен байланысты ұйымдардың активтерін шетелдік юрисдикцияларға беру туралы мәмілені жарамсыз деп тану туралы Алматы қаласы прокурорының талап арызы бойынша азаматтық іс қозғады.

Елден заңсыз шығарылған қаражатты Қазақстанға қайтару жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылған сәттен бастап Бас прокуратура капиталды жымқыру және шет елге шығару фактілерін анықтау үшін банк секторында талдау жүргізген.

Талдау барысында Jusan тобының активтерін басқару құрылымын өзгертудің көлеңкелі схемасы анықталды. Аталған схеманы жүзеге асыру нәтижесінде топтың қызметін бақылау құзіреті шетелде тіркелген ұйымдарға өтеусіз берілген. Атап айтқанда, 2020 жылдың 27 сәуірінде Jusan тобының иесі «Pioneer Capital Invest» ЖШС-ның қатысушыларының жалпы жиналысында Pioneer мүлкін шетелде тіркелген Jusan Technologies Ltd компаниясының жарғылық капиталына беруді мақұлдау туралы шешім қабылданған, - делінген ақпаратта.

Бұл әрекет қоғамдық мүддеге, оның ішінде «Назарбаев университеті» мен «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» ондаған мың қазақстандық студенті мен оқушыларының мүддесіне қауіп төндіргені хабарланды.

Себебі Jusan тобының акциялары, облигациялары мен депозиттері бойынша дивидендтері осы оқу орындарын қаржыландыру көздерінің бірі.

Бұдан бөлек, 2023 жылдың 3 ақпанында Бас прокуратураға бірқатар субъектілердің құқыққа қарсы әрекеттерінің салдарынан «Жусан» тобы шетелдік мемлекеттер азаматтарының бақылауына өтіп кету фактілері бойынша прокурорлық қадағалау шараларын қабылдау туралы «Назарбаев қорының» арызы түскен.

Осылайша, прокуратура органдарының мақсаты тек әділеттілікті қалпына келтіріп, Jusan тобының активтерін басқаруды Қазақстанның құзырына қайтару болып табылады. Аталған талап арыз Jusan Bankтің жұмысына қатысты емес, яғни оның қазіргі қызметіне, сондай-ақ банктің клиенттері мен іскерлік серіктестіктерімен өзара іс-қимылына шектеу қоймайды, - делінген Бас прокуратураның баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Ресми ақпарат бойынша, істің сотта қаралуы Jusan Bankтің жұмысына әсер етпейді, ол қалыпты жағдайда жұмысын жалғастырады.