29.01.2015 в 16:11

Назарбаева Германияда жүр

ҚР Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары – ҚР Президентінің Қазақстан кандидатурасын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне жылжыту мәселері жөніндегі Арнайы өкілі Дариға Назарбаеваның Германияға жұмыс сапары басталды, деп хабарлайды BNews.kz

ҚР Парламенті Мәжілісі баспасөз қызметінің хабарлауынша, сапардың негізгі мақсаты – Германия Канцлері А.Меркельге 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын жылжыту жөніндегі Елбасының Жолдауын тапсыру, сондай-ақ екі ел арасында парламентаралық ынтымақтастықтың жай-күйін және болашағын талқылау болып табылады.

Сол күні Дариға Назарбаева Берлинде Бундестаг Төрағасының орынбасары Йоханнес Зингхаммермен және Берлин Сенатының спикері Ральф Виландпен екіжақты кездесулер өткізді. Келіссөздің күн тәртібінде Қазақстан мен Германияның парламентаралық байланыстарын нығайту мәселелері талқыланды. Тараптар екіжақты қарым-қатынастың жоғары деңгейін атап өтті. Іс-шара қорытындысында Берлин Сенатында қазақстандық делегацияның басшысы астаналық Парламенттің «Құрмет кітабына» естелік жазба қалдырды.

2017-2018 жылдарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі орынға Қазақстан сұранымының мәнмәтінінде жан-жақты ынтымақтастық сұрақтарды талқылау мақсатында Д.Назарбаева ГФР Сыртқы істер министрлігінің статс-хатшысы Маркус Эдерермен және Ғаламдық мәселелер бойынша Федералдық үкіметтің уәкілі Патриция Флормен келіссөздер өткізді. Кездесу барысында осы орынға сайлану халықаралық күн тәртібінде ең жауапты және күрделі телімдерде қомақты тәжірибе жинаған Қазақстанның сыртқы саясатының ең маңызды мақсаттарының ішіне кіретіндігі аталып өтілді. Д.Назарбаева 2017-2018 жылдары біздің еліміздің кандидатурасын БҰҰ Қауіпсіздігі Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне жылжыту жөніндегі Елбасының ГФР-дың Федералдық Канцлері А.Меркельге арнаған Жолдауын тапсырды.

Сонымен қатар, ҚР Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Германияның жетекші экономикалық бірлестіктерінің басшыларымен және Бундестаг депутаттарымен, Орталық Азия - Германия парламенттік тобының мүшелерімен кездесу өткізді. Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі қазақстандық–германдық Іскер кеңесінің басшылары мен өкілдері, сондай-ақ неміс парламентінің мүшелері «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты Елбасының Жолдауындағы Қазақстанның жаңа экономикалық саясатының тиімділігіне жоғары баға берді.