Қазақстанда нан бір жылда 19%-ға, ал кей өңірлерде 50%-ға дейін қымбаттады, деп хабарлады Energyprom.kz.
«Қаңтар айының қорытындысы бойынша нан бағасы бір жылда 19,2%-ға өсті. Оның ішінде қара бидай наны бір кг үшін 26,5%-ға 435 теңгеге дейін, жоғары сұрыпты ұннан жасалған бидай наны 27,8%-ға 348 теңгеге дейін, бірінші сұрыпты ұннан 13,9%-ға 196 теңгеге дейін қымбаттады», - делінген зерттеуде.
Нан бағасы қымбаттағанын Ұлытау облысының тұрғындары қатты сезді. Бұл облыста баға 50,8%-ға өскен.
Ақмола (30%) және Маңғыстау (29%) облысында да баға айтарлықтай қымбаттаған.
Ал Атырау облысында нан бағасы 9,9%-ға өсті.
Қаңтарда Қазақстанда 42,5 мың тонна нан өндірілді – бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,3%-ға артық.