Премьер-министр Әлихан Смайылов пен ҚХР-дың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылады.
Премьер-министр Қазақстанның жалпы тауар айналымының 18%-ін құрайтын Қытай еліміздің ірі сауда серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ ҚХР мемлекетіміздің экономикасына инвестиция салатын ТОП-5 елдің қатарына кіреді.
Смайылов Қазақстан үкіметі екі ел басшыларының 2030 жылға қарай өзара сауданы 35 млрд долларға дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында белсенді түрде жұмыс жүргізуге дайын екенін атап өтті.
Біздің елдеріміздің ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу саласында айтарлықтай әлеуеті бар. Қазақстандық кәсіпорындар Қытайға азық-түлік тауарларының экспортын одан әрі арттырғысы келеді. Осыған байланысты сауда-саттыққа қатысты кедергілер мен шектеулерді әрі қарай алып тастау маңызды болып отыр, - деді премьер.
Чжан Сяо қытайлық тараптың Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттауға, теміржол тасымалы көлемін ұлғайтуға, IT-сектордағы өңіраралық өзара іс-қимыл мен әріптестікті нығайтуға мүдделі екенін білдірді.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта қазақстандық компанияларға Қытайдың ірі сауда платформаларына және жалпы ҚХР нарығына шығуға белсенді көмек көрсетіліп жатыр.
Біз экономикалық қарым-қатынастарымызды сапалы жаңа деңгейге шығару үшін зор әлеует бар деп санаймыз. Алдымызға жаңа, биік мақсаттар қоюымыз керек, - деді Чжан Сяо.
Кездесу барысында тараптар «Қорғас» ШЫХО-ның жұмысын қалпына келтіру, «Бақты-Покиту» автомобиль өткізу бекеті ауданында үшінші темір жол өткелін ашу, Транскаспий халықаралық ірі автомобиль жолдарын салу және машина жасау саласында жаңа өндірістерді құру мәселелерін қозғады.
Сонымен қатар таяу болашақта Астана мен Бейжің арасында аптасына үш рейс жиілігімен әуе қатынасын қалпына келтіру және азаматтардың өзара сапарлары кезіндегі рәсімдерді оңайлату жоспарланып отыр.
Тараптар кездесу қорытындысы бойынша барлық екіжақты тиімді бағыт бойынша өзара белсенді іс-қимылды жалғастыруға дайын екенін растады.