17.03.2023 в 17:49

Бас прокуратура тыныштық күніне қатысты мәлімдеме жасады

19 наурызда қазақстандықтар мәжіліс және мәслихаттар депутаттарын сайлайды

фото: ашық дереккөз

Бас прокуратура 19 наурызда өтетін мәжіліс және мәслихаттар депутаттарын сайлау алдындағы тыныштық күні талаптарын еске салды.

«Бүгін сағат 24:00-де сайлау алдындағы үгіт жұмыстарының кезеңі аяқталады. Ертең, 18 наурызда және дауыс беру күні – 19 наурызда кез келген үгітті жүргізуге тыйым салынады . 14 наурыздан БАҚ-та сауалнама нәтижелерін, сайлау нәтижелерінің болжамдарын, сайлауға, кандидаттарды қолдауға дауыс беруге байланысты өзге зерттеулерді жариялауға да жол берілмейді», - деді бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Орталық сайлау комиссиясының отырысында.

Ол сондай-ақ ол сауалнамаға қатысты бірқатар талаптарға тоқталды.

Мұндай сауалнаманы дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте жүргізуге болмайды («Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабының 9-тармағы).

Оларды, тіркелген және Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде хабардар еткен заңды тұлғалар ғана сайлау учаскелерінен шыға берісте жүргізе алады.

Аталған сауалнамалардың нәтижелерін БАҚ-да дауыс беру күнінен кейін, яғни 2023 жылғы 20 наурыз сағат 00:00-ден бастап жариялауға рұқсат етіледі.

Конституциялық заңның осы талаптарын орындамау Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102 және 120-баптарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады, - деді Жандос Әмірәлиев.

Аталған заң талаптары парламент мәжілісі депутаттарымен қатар, барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына да қатысты.

Бас прокурордың орынбасары сайлау заңнамасының нормаларын сақтауда ерекше рөл сайлау комиссияларының мүшелеріне жүктелетінін атап өтті.

«Сайлаудың жариялылығы мен ашықтығына әсер ететін қатысушылардың тағы бір санаты, олар – саяси партиялар, басқа да аккредитациясы бар қоғамдық бірлестіктер, Қазақстанның коммерциялық емес ұйымдарының байқаушылары және кандидаттардың сенімді адамдары.Олардың қызметі, құқықтары мен міндеттері Конституциялық заңмен реттелген . Бұл заң байқаушылар мен сенімді адамдарға құқықтармен қатар, бірқатар міндеттерді жүктейді. Олардың сақталмауы тиісті құқықтық салдарға әкеп соғады», - деді ол.