11.04.2024 в 13:35

ОБЛЫС ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРДЫ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫН ҚОЛДАУҒА ШАҚЫРДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған 5 апталық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын Түркістан блысының табиғат жанашыларлары қуанышпен қабылдап, жұмысты бастады.  

Республикалық акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың, жастардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту.

Алғашқы «Таза өлке» атты апталықты өңір басшысы Дархан Сатыбалды «Белсенді демалыс» саябағына ағаш отырғызумен бастап, іс-шараға қолдау білдірді. Жаңа акцияны қолдау жөнінде өз үндеуін жариялап, экологиялық акцияға қатысқан жастармен жүздесіп, пікір алмасты. Отаншылдық – тазалықтан басталатынын айтып, ағаш егіп, туған жердің тазалығын сақтау, табиғатын қорғау әрбір адамның міндеті екенін жеткізді.

 «Таза өлке» науқаны басталғалы бері облыста 1500 көше және 33 мыңнан астам аяқжол тазаланып, 850 тонна қоқыс шығарылған. Сондай-ақ 140 мыңнан астам ағаш әктеліп, 138 мыңға жуық көшет отырғызылды. Бұдан бөлек 275 саябақ және сквер, 192 дана балалар және спорт алаңшалары тазаланды. Бұл іс-шараларға 279 техника және 15 мыңнан астам адам қатысты.

Әр аптаға арнайы ат беріліп, түрлі бағытта экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылады.