Еліміздің бірқатар өңірінде Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталды. Ауқымды экологиялық науқан бес аптаға созылады және оның әр аптасы белгілі бір тақырыпқа арналады. Үшінші шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков Президенттің тапсырмасына сәйкес қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы және аудан әкімдіктеріне тиісті шаралар кешенін бекітуді тапсырды. Соған сәйкес «Таза өлке» апталық барысында елді мекендердің тұрғындары, қоғам белсенділері, мекеме, кәсіпорын қызметкерлері іргелес аумақтар мен аулаларды тазартады. 14 сәуірге дейінгі апталық «Таза өлке» деп аталады. Бұл апта мәдени орындар, саябақтар аумағын абаттандыру жұмыстарына арналады. Апталық ағаш көшеттерін отырғызу, көшеттерді әктеумен ерекшеленеді.
Сәуір айының 21-іне дейін «Киелі мекен» тақырыбымен өтетін апталықта Сайрам тұрғын алабындағы «Темірші әулие», «Қасірет» мемориалы, «Шымқала» тарихи-мәдени ескерткіштері және тағы басқа аймақтарда тазалық шаралары өтеді. Сәуір айының соңғы аптасы «Жасыл аймақ» деп аталып, су қоймаларының айналасы, өзен-көлдер қоқыстан тазартылады. Сонымен қатар, арнайы эко сабақтар ұйымдастырылады.
«Өнегелі ұрпақ» деп аталатын соңғы, бесінші аптада жалғызбасты қариялар мен қарттар үйінің аумақтарын тазалауға және абаттандыруға арналады. Бесінші апта «Мөлдір бұлақ» деген атаумен өтеді. Бұл кезеңде Бадам өзені, Қошқар ата жағалауы, «БМК» каналы жағасын тазалау, Ақжар су қоймасының қашыртқы каналын, Саурам су өзені арнасын тазалау жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Күні кеше аталмыш акция аясында А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақта партия жанындағы «Жастар рухы» қанатының жастары мен қалалық журналистер одағының мүшелерімен бірге ағаш көшеттері отырғызылды. Ерекше экологиялық шараға 100 мыңнан астам адам қатыспақ. Бес апта бойы 1500-ден аса көшені көріктендіру, аулаларды абаттандыру жұмыстары жүреді. Тарихи орындар да тазаланады. Мамыр айының ортасына дейін жалғасатын акция аясында шырайлы шаһарда 20 мың түп тал-дарақ отырғызылмақ. Оның 12 мыңнан астамы шаһар шетіндегі шалғай аудандарға егіледі. Сондай-ақ, 1 миллион данадан асатын түрлі гүл тұқымдары себілмек.