Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы еліміздің барлық аумағында қарқынды жүріп жатыр. Шымкенттіктер де экологиялық акция аясында белсенділік танытуда. Бүгінгі #TazaShym жалпықалалық тазалық шарасына Қаратау мен Еңбекші ауданының тұрғындары, қоғам белсенділері, жастар мен еріктілер қатысты.
Сенбілікке жиналғандар шөп орып, ағаштарды әктеумен қатар, арықтарды қоқыстан тазартып, дезинфекциялау жұмыстарын жүргізді.
– Тазалық шаралары айналамызға шырай кіргізіп, қоршаған ортаға әдемілік сыйлайды. Бүгін Президентіміздің бастамасымен қолға алынып отырған 5 аптаға жоспарланған ауқымды республикалық акцияға атсалысуға келдік. Меніңше мұндай жұмыстар тек науқандық болып қалмауы тиіс. Қала көркейіп, даму үшін барлық жерлестерімді акцияға атсалысуға және қоршаған ортаның тазалығын сақтауға шақырамын, - деді боксшы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Мұхтархан Ділдабеков.
Айта кетейік, Еңбекші ауданының аумағындағы тазалық жұмыстарына 870-тен астам адам қатысып, 26 арнайы техника жұмылдырылған. Олар 6,4 шақырым аяқжолды тазалап, 970 түп ағашты әктеп, бұталарын қырықты. Бүгінге дейін аудан аумағынан 48 текше метр қоқыс шығарылып, 1150 м ирригациялық жүйелер тазаланды. Ал Қаратау ауданы бойынша сенбілікке 18 арнайы техника және 500-ден астам адам қатысты. Ауданға қарасты барлық аяқ жолдар тазаланып, 300-ге жуық ағаш әктелді. Сонымен қатар, 40 орындық сырланды. Жалпы, аудан аумағынан 28 текше метр қоқыс шығарылып, жол бойындағы ирригациялық жүйелер тазаланды.
Сондай-ақ, ауқымды сенбілік Тұран ауданы аумағында да жалғасты. Тазалық жұмыстарына «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының өкілдері, мәслихат депутаттары, «Жастар рухы» жастар қанаты, Тұран ауданы әкімі аппаратының «ШымкентСпецКомплекс» және «Тұран» коммуналдық мекемесінің қызметкерлері, ауданның белсенді тұрғындары және Ардагерлер кеңесінің мүшелері, еріктілер атсалысты.
Акцияға қатысушылар А-2 жолының бойын қоқыстан тазартып, ағаштардың діңін әктеді. Сонымен қатар, тұрғындары мен белсенді жастар Тұран ауданына қарасты «Бадам» өзенінің жағалауында, Таштракт көшесінің бойында да тазалық жұмыстары жүргізілді.
- Тұран ауданы бойынша бүгінгі шараға 800-ден астам адам қатысып, қоқыс тазалау, жәшіктерді ретке келтіру, шөп ору жұмыстарына белсенді атсалысты. Ал, апта басынан бері тазалық жұмысына 1650 адам қатысып, 45 техника жұмылдырылған. Аудан аумағындағы көп қабатты үйдердің аулалары, орталық және ішкі орам көшелері, аялдамалар мен аяқжолдар, 37 шақырым ирригация жүйесі тазалануда, - деді аудан әкімі Б.Әшірбеков.