Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында кәсіпкерлікті қолдау бойынша нақты айтылды.
- Қазір көптеген елдер ішкі нарықты қорғау шараларын белсенді қолданады. Дамыған мемлекеттердің өзі протекционистік өнеркәсіп саясатына көшті. Біз сауда-саттық саясатында жаңа әрі батыл қадам жасауымыз керек. Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті, - деді Президент.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында 130 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді. Жалпы шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау мақсатында 2024 жылға 21,05 млрд. тг. қаржы бөлінген. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 18,65 млрд. тг. жергілікті бюджеттен – 2,4 млрд. теңге. 2022-2024 жылдарға арналған «Іскер қала» іс-шара жоспары шеңберінде 2024 жылға міндеттемелерді өтеуге бюджеттен 174,3 млн. теңге бөлінген. Осы уақытқа дейін 183 жобаға 17,9 млн. тг. субсидия, 19 жобаға 24,6 млн. тг. өндірістік алаңдарының жалдау ақысы өтелді.
Осыған орай, Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының ұйымдастыруымен «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ және «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы АҚ бірлесіп өңірлік кәсіпкерлер палатасының базасында семинар өткізілді. Іс-шараның барысында аталған даму институттары өнеркәсіпті дамыту саласында көрсететін қызметтер және отандық тауарөндірушілерге мемлекет тарапынан ұсынылатын қолдаулар таныстырылды. Бөлшек салық мөлшерлемесін 4%-дан 2%-ға дейін төмендету бойынша егжей-тегжейлі зерделеп, тиімділігіне талдау жұмыстары жүргізілді.
Бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету – кәсіпкерлікті дамытуға, кеңейтуге, қаржы айналымын ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Яғни, көлеңкелі бизнестен шығуға септігін тигізеді. Сонымен қатар кәсіпкерлер кірістері бойынша 600 мың АЕК-ке (2,2 млрд. тг) дейін қосылған құн салғынан босатылады. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимі мөлшерлемесін 4 пайыздан 2 пайызға төмендеткен жағдайда, жеке табыс салығы бойынша салық мөлшерлемесі 1,5%-дан 2%-ға өсуіне байланысты салық түсімі көлемінің ұлғаю ықтималдылығы жоғары.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласында бөлшек салық мөлшері 4%-дан 2%-ға төмендетілді. Одан бөлек қаңтар-наурыз айларында қаладағы бөлшек сауда көлемі 191,6 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 108,9 пайызға ұлғайған.
Бөлшек сауда көлемінің артуына қаладағы сауда ойын-сауық орталықтарының құрылысы, жаңа сауда нүктелерінің ашылуы және базарларды модернизациялау ықпал етпек.