09.05.2024 в 16:02

ШЫМКЕНТ  ӘКІМІ  ҰЛЫ  ОТАН СОҒЫСЫ  АРДАГЕРЛЕРІНЕ ПӘТЕР СЫЙЛАДЫ

Биыл Ұлы Жеңіске – 79 жыл. Аталарымыз бен әкелеріміздің қанымен, арымен келген осынау қастерлі мереке ерлік пен қаһармандықтың, отансүйгіштік пен патриотизмнің өшпес өнегесі болып тарих бетінде мәңгі қалатыны ақиқат. Бүгінгі ұрпақтың жарқын болашағы, бейбіт өмірі үшін от кешкен майдангерлер қатары қазір қаламызда санаулы ғана қалды. Осы орайда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлері Мұратәлі Төлепбергенұлы мен Нина Мосуноваға Мемлекет басшысының арнайы жолдаған Алғысын жеткізіп, пәтер кілттерін табыстады.

«Біз 9 мамырда бейбіт өмір мен тыныштықты қорғау жолында құрбан болып, майдан даласынан қайтпай қалған батырларымыздың рухына тағзым етеміз. Соғыс және тыл ардагерлеріне шексіз ризашылық білдіріп, айрықша құрмет көрсетеміз», делінген Президент құттықтауында.

Мегаполис басшысы аға буынның екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ерлігі мен еңбегі өскелең ұрпақ үшін қайсарлықтың, жанқиярлықтың және отаншылдықтың озық үлгісі болып қалатынын айрықша атап өтті.

«Біз Жеңістің құндылылығын ешқашан ұмытпаймыз және бостандық үшін қаза тапқан батырлардың жарқын жадына тағзым етеміз. Сіздердің бойларыңыздағы ерлік пен ұлы рух, батылдық пен батырлық болашақ ұрпақ үшін табандылық пен патриотизмнің лайықты үлгісі болып табылады», деді Ғабит Сыздықбеков.

Ғасыр жасаған қарт майдангерлер шексіз ризашылықтарын білдіріп, шынайы алғысын жеткізді.

 Осындай жеңімпаз майдангерлердің ерлігімен, қаһармандығымен келген Жеңіс мерекесі  Шымкент қаласында ерекше салтанатпен атап өтілді.

Мереке мерейіне орай Абай саябағына қала тұрғындары ағылып келіп жатты. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков  соғыс ардагерлерімен бірге «Даңқ мемориалына» гүл шоғын қойып, Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан  жауынгерлердің рухына тағызым етті.

         Шаһар тұрғындары да «Мәңгілік алау» монументіне гүл шоқтарын қойып, марқұмдарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Осы ретте айта кетейік, қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тікелей ұсынысымен Жеңістің 79 жылдығына орай ҰОС ардагерлеріне көрсетілетін көмек көлемі 1 329 120 теңгеден 2 000 000 теңгеге дейін арттырылды. Сондай-ақ ҰОС ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға 166 140 теңге төленді. Бұған дейін олар 132 мың теңге алған.

Тыл еңбеккерлеріне де материалдық көмек көрсетілді. Өткен жылы оларға 41 400 теңге төленсе, биыл бұл сома 55 380 теңгеге ұлғайтылды.