16.05.2024 в 18:30

ОТАНДЫҚ ӨНІМНІҢ ОРНЫ БӨЛЕК

Үшінші мегаполисте “Бөрте-Milka” фермасы тұтынушылар арасында кеңінен танымал. Қалың көпшілікке танымал болу себебі де жоқ емес. Аталмыш компания өңірдегі жалғыз роботтандырылған сүт-тауарлы фермасы болып саналады. Ферма шведтің DeLaval және голландтық Lely компаниясының ең заманауи технологиясы негізінде жасақталып, соғылған.

Фермадағы жұмыстың денін роботтар атқарады. Сиырды тазалау, оны сауу және тұратын орнын тазалау секілді жұмыстын бәрін роботтар атқарады. Жемделетін сиырларды салқындату жүйесі, метеостанциясы бар желдеткіш жүйесі, күндізгідей жарық жүйесі, сиырдың тойғанын анықтау үшін және жағдайын саралап тұратын камералары орнатылған. Яғни, фермадағы барлық жағдай толық бақылауда. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде шағын және орта бизнес өкілдерін қолдауға бағытталған көптеген шараларды қолға алып, табысты жүзеге асырылуда. Соның бірі бизнес өкілдерінің құқықтарын қорғау жұмыстарын жандандыруды тапсырған болатын. Сондай-ақ Президент отандық кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асыру қажеттігін айтқан болатын. 

“Бөрте Milka” жобасы бойынша инвестиция көлемі 4,5 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 20% - өз қаражаты болса, 40% – несие, 40% -  мемлекеттен қарастырылған көмек. Мұнда Гольдштейн Фриз тұқымдас 480 сиыр бар. Әрқайсысына бірегей коды бар чип орнатылған. Сауын сиыр туралы ақпарат жалпы компьютерге түседі.  8 робот-сауыншы ешқандай адамның көмегінсіз 480 сиырды сауады. Әр сиырдан тәулігіне 30-40 литр сүт алынады. Осылайша бір тәулікте шамамен 15 тонна сүт жиналады.

Табиғи өнім өндіретін аталмыш кәсіпорын өнімдері тек үшінші шаһарда ғана емес көрші облыстар мен қалаларға да жеткізілуде. Сүт өнімдерінен жасалатын бірнеше түрлі өнім бүгінгі таңда өз тұтынушыларының арасында сұранысқа ие десек артық айтқанымыз емес.