21.05.2024 в 14:16

СКРИНИНГТІҢ КӨМЕГІМЕН 1000-НАН АСТАМ АДАМНЫҢ ҚАТЕРЛІ ІСІК АУРУЫ ЕРТЕ АНЫҚТАЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Еліміздің басты құндылығы - адам. Бұл-айқын нәрсе. Сондықтан ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру - реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» деп атап өткен болатын. Шындығында да қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту – еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Елімізде денсаулық саласын дамыту, тұрғындарға заман талабына сай, қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету жолында бар мүмкіндіктер жасалуда. Оның ішінде Шымкент қаласында тұрғындардың саулығы бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Шымкентте  жыл басынан бері скринингтің көмегімен 1000-нан астам адамның қатерлі ісік ауруы анықталды. МӘМС шеңберінде жүргізілген медициналық профилактикалық тексерулер 1160 әйелде сүт безі мен жатыр мойны обыры және 44 адамнан тоқ ішектің қатерлі ісік ауруын ерте анықтауға мүмкіндік берген. Дәрігерлердің айтуынша, ауруды ерте сатысында анықтаудың арқасында науқастар дер кезінде ем қабылдауға кіріскен.

Скринингттік тексерулердің көмегімен қауіпті ауруларды ерте сатысында анықтап, асқынулардың алдын-алуға болады. Медициналық профилактикалық тексерулер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде тегін жүргізіледі. Жыл басынан бері аталмыш тексеру аясында 3276 адамда қан айналымы жүйесінің аурулары, 500-ден астам  шымкенттікте қант диабеті мен глаукома дерті белгілі болған. 

Жалпы, скрининг мінез-құлықтық тәуекел факторлары; артериялық гипертония; жүректің ишемиялық ауруы мен қант диабеті; глаукома; жатыр мойны обыры; сүт безінің қатерлі ісігі мен колоректалды обыр; В және С вирустық гепатиттерін ерте анықтауға мүмкіндік береді. 

Тексерулер жаңа туылған нәрестеден бастап 18 жасқа дейінгі балалар; 30 бен 70 жас аралығындағы ересектер мен тәуекел топтары арасында жүргізіледі. 
Өз денсаулығыңызға бей-жай қарамаңыз. Халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында МӘМС жүйесінде скринингтік тексеруге ерекше мән берілген.