21.05.2024 в 14:56

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҚТАРЫНДАҒЫ ЖАҢАШЫЛДЫҚТАР

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев халықты, жастарды жұмыспен қамту – Үкімет үшін аса маңызды міндет екенін үнемі айтып келеді. Ол қазіргі таңда еңбек нарығында жастардың үлесі артып келе жатқанын және осы бағытта әлі де көптеген шаралар іске асырылуы керек екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, Үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берілген. Оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс екенін баса айтты.


Еліміздің үшінші шаһарында ағымдағы  56,9 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған.  2024 жылдың 1 тоқсанындағы қорытындысымен 12,2 мың адам қатысып жоспар 22%  орындалған.  Одан өзге Президенттің тапсырмасына сәйкес, жастар арасындағы кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 273 жасқа арналған 2,5% көлемінде жеңілдетілген шағын несие беріледі. 


Жұмыссыздардың санын азайту мақсатында көзделген шараның бірі ол – қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары болып табылады. Аталмыш жоба бойынша биыл 3 732 адамды кәсіптік оқуға баулу көзделген.  Өз кәсібін бастағысы келетәндер үшін кәсіпкерлік негіздерін оқытуға 4 176 адамды қатыстыру көзделсе, оның ішінде  3 750 азамат «Бастау Бизнес» жобасы  шеңберінде арнайы білім алып, 426 адамға қайтарымсыз грант беру көзделіп отыр.  Жалпы жылбасынан бері  882 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алып, кәсіпкерлік дағдыларын меңгеріп шықты. 


Субсидияланатын жұмыс орындарына барлығы -  7 453 адамды қамту  жоспарланып, жыл басынан бері  нақты 4 288 адам жолданған. Олардың ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына – 170  адам, жастар практикасы бойынша - 3 554 адам, ақылы қоғамдық жұмысқа - 1 910 адам,   «Алғашқы жұмыс орындары» жобасы – 1031 адам,  «Ұрпақтар келісім шарты» жобасына – 20 адам, «Күміс жас» жобасы бойынша – 768 адам жолдама алған. 


Халықты жұмыспен қамту мақсатында шаһарда түрлі шаралар қолға алынуда. Мәселен,  2021-2025 жылдарға арналған жұмыспен қамту жоспары және жеке кәсіпкерлердің басатамасымен құрылып жатқан жұмыс орындарының орны айырықша. 


«Жаңа жұмыс орындары уақытша емес, тұрақты болғаны жөн. Елімізде аймақтардың жұмыспен қамту карталары бекітілген. Соған сәйкес жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Ол үшін бюджеттен 130 миллиард теңге бөлінді. Осы қаржының арқасында, яғни субсидия арқылы 150 мың адам жұмысқа орналасады. Оның бәрі – жастар және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар», - деді Мемлекет басшысы.


Халықты, жастарды жұмыспен қамту – Үкімет үшін аса маңызды міндет. Президент өз сөзінде әкімдер бұл жұмыстың нәтижелерін тұрақты түрде баяндап тұруы қажеттігін еске салды.