21.05.2024 в 16:35

КЕДЕРГІСІЗ КЕҢІСТІК АЛАҢЫ

Мүмкіндігі шектеулі жандарды жан жақты қолдау демократиялық қоғамның барлығына тән құбылыс. Адам құқығының ішіне кіретін бұл мәселені шешу, реттеу әлемнің көптеген елдерінде іске асуда. Қазақстан мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауды арттыру мақсатында заңнамаларды жүйелеп, өзгерту үстінде. 

Шымкент қаласында бүгінгі таңда 13 158 азамат жұмыссыз ретінде тіркелген. Оның ішінде мүгедектігі бар азаматтардың саны  414 құрайды. Осы ретте ұйымдастырылған жәрмеңкеде мүгедектігі бар жандарға бос жұмыс орындары ұсынылды. Іс-шараны Шымкент қаласы әкімдігінің Еңбек мобильділігі орталығы ұйымдастырып отыр.
 Еліміздің заңында көрсетілгендей әр азамат еңбек етуге құқылы. Оның ішіне мүгедектігі бар жандар да кіреді. Ерекше қажеттілігі бар азаматтардың  жұмысқа орналасу кезіндегі ерекшелігі - медициналық комиссиядан рұқсат алуы тиіс. Жұмыс істейтін мүгедектігі бар адамдардың еңбек құқығын жүзеге асыруға, қауіпсіз жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасау, жұмысқа орналасуға бағытталған жеңілдіктер жүйесі қарастырылған. 

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев: «Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз. Мен бұл туралы өзімнің сайлау алдындағы бағдарламамда айттым. Үкіметке енді осы мақсатқа үш жыл ішінде кем дегенде 58 миллиард теңге бөлуді тапсырамын» деген болатын.

Жәрмеңкеде 16 жұмыс беруші, оның ішінде 8-і арнайы квота негізінде келушілерге 600-аса тұрақты бос жұмыс орынын ұсынды. Жалпы, іс-шараға 55 жұмыс іздеуші қатысып, нәтижесінде 26 мүгедектігі бар азамат бос жұмыс орнына жолдама алды. Жыл басынан бері 1029 мүгедектігі бар азамат Еңбек мобилділігі орталығының көмегіне жүгініп, 378-і жұмыспен қамту шараларына тартылды. Оның ішінде, субсидияланатын жұмыс орындары бойынша Жастар практикасы – 13, Әлеуметтік жұмыс орындарына – 5, Қоғамдық жұмысқа – 111, Алғашқы жұмыс орны – 16, «Күміс жас» бағдарламасы – 31, «Бастау-Бизнес» жобасы шеңберінде 107 адам білім алып, 95 мүгедектігі бар азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Еңбек мобильділігі орталығы жұмыс берушілермен бірлесе мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құруды ұйымдастырады. 

Мүгедектерді жұмыспен қамтуға арналған арнайы жұмыс орындары – мүгедектігі бар азаматтың жеке мүмкіндіктерін ескере отырып жабдықталған жұмыс орындары. Арнайы жұмыс орындарын құру кезінде жабдықты алу және монтаждау жұмыстарына кеткен шығындар жұмыс берушілерге мемлекеттік бюджеттен субсидиялау арқылы беріледі.