21.05.2024 в 20:24

ШЫМКЕНТТЕ IT-САЛАНЫҢ ДАМУЫ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛДЫ

Былтыр инвесторлардың көмегімен үшінші мегаполистің шалғай елді мекендерді талшықты оптика желісімен қамту бойынша жұмыстар жүргізілді. 210 000-ға жуық шымкенттіктер жоғарғы жылдамдықты оптикалық интернет желісіне қосылуға мүмкіндік жасалды. Ағымдағы жылы қосымша 20 елді мекенге талшықты оптика желісін жүргізу үшін жеке инвесторлармен меморандум түзіліп, жыл соңына дейін тиісті нәтиже күтіледі. Қаламыздағы цифрландыру бойынша осы және өзге де тақырыптар Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында кеңінен айтылды. Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов бірінші тоқсанда атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлармен таныстырды. Қала тұрғындарын сапалы интернетпен қамтамасыз ету, елді мекендерге талшықты оптика желісін жүргізу, цифрлық сауаттылық, қоғамдық орындарды тегін WI-FI желісімен қамту, қаладағы бейнебақылау камералары және «i-shymkent.kz» порталы жайлы баяндап, қойылған сауалдарға жауап беріп, биыл жүзеге асырылатын жобаларға тоқталды.


- Цифрландыру басқармасы үнемі мониторинг жүргізіп отырады. Нәтижесінде шалғай елді мекендер мен шағынаудандардағы 50 нүктеде интернет сапасының төмендігі анықталды. Бүгінде инвестор тарапынан 28 нүктенің 17-не базалық станция орнатылып, іске қосылды, қалған 11-не антенна-мачталық құрылғыларды және оларға монтаждау жұмыстары атқарылған. Сонымен қатар, «Kcell» және «Кар-Тел» ЖШС тарапынан 58 аумаққа базалық станция орнату жоспарға енгізіліп, бос жер телімдері қарастырылып жатыр. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін қосымша 28 нүктеде мобильді интернет сапасы жоғарылайтын болады. 2024 жылы цифрлық трансформация саласы бойынша бірнеше жұмыс жоспарлануда, – деді Мұхит Әбуталипұлы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында өңірлік деңгейде инновациялық экожүйені кеңейтудің маңызын айтып, Astana Hub тәжірибесін кеңінен насихаттап, өңірлерде дамыту міндетін қойған болатын. Өңірлік хабтар ұйымдастыру, аймақтарда IT-саланың дамуына жол ашады. Осыған орай Astana Hub филиалын Шымкент қаласында ашу басты жаңалықтардың бірі. Қазіргі таңда Шымкент қаласының аумағында Shymkent IT Hub технологиялық паркін ашу жұмыстары жүргізіліп, ғимараты бекітілген. Технопаркке материалдық техникалық базаны жеке инвестор есебінен немесе жергілікті бюджет есебінен қаржыландыру жоспарлануда.