Шымкент қаласы өндіріс саласында республикада ойып тұрып орын алатыны жасырын емес. Дәл осылай танымал болуының бірден бір себебі ол арнайы индустриалды аймақтардың саны және сапасында.
Бүгінде кәсіпорын ашуға ниеттенген инвесторлар қала төңірегіндегі 5 аймаққа орналастырылады. Мәселен, «Оңтүстік» индустриалды аймақтың толымдылығы 95 пайызға жетті. 337 гектар аумаққа орналасқан аймақта 91,4 млрд теңгенің инвестициясына 76 жоба іске асып, 2512 жұмыс орны құрылған. Осы аймаққа инфрақұрылым тарту үшін 6,9 млрд теңге жұмсалса, бюджетке 36,3 млрд. теңге салық төленіпті. «Тассай» индустриалды аймағы да кәсіпорындармен толықты. Аймақтың 95 пайыз аумағында өнідіріс орындары жұмыс істеп жатыр. Атап айтқанда, 89 гектарды құрайтын индустриалды аймақта 36,7 млрд теңгенің 24 инвестициялық жобасы жүзеге асуда. Нәтижесінде, 1865 жаңа жұмыс орны құрылды. Одан бөлек, қаламызда «Ордабасы» жеке индустриалды аймағы да жұмыс істеп тұр. Аумағы 126 гектар болған аймақта 4,8 млрд теңгеге 135 жоба жұмыс іске асып келеді. Аймақтың 85 пайызында өндіріс орындары құрылып, 850 жұмыс орны ашылған.
2021 жылы қаламызда аумағы 306 гектарды құрайтын жаңа «Жұлдыз» индустриялды аймағы құрылды. Жаңа аймақта машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 2023-2026 жылдар аралығында 200 млрд теңгеге 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құрумен жүзеге асырылатын 50 жобаның пулы әзірленді. Аталған аймақта инвестициялық құны 147,2 млрд теңгені құрайтын, 4023 жаңа жұмыс орындарымен қамтитын 42 жоба іске асырылуда. Оның ішінде, 2023 жылы инвестициялық құны 7,1 млрд теңге болған 411 жаңа жұмыс орындарымен 5 жобаны іске қосу көзделуде. Одан бөлек, «Бозарық» тамақ өнеркәсібінің индустриялды аймағының инженерлік-инфрақұрылымдық желілерін аяқтау жоспарланып отыр. Индустриалды аймақтың жалпы аумағы – 132 гектар. Бүгінде онда орналастырылатын 22,7 млрд теңгеге 1,8 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарымен 21 жоба пулы жасақталды. Сондай-ақ, жеке «Standard» индустриялық аймағы құрылып жатыр.
Индустриалды аймақтар қала экономикасының дамуына зор үлес қосып жатыр. Олар қала экономикасын өрге сүйреуші негізгі драйвер десек те артық айтқандық емес. Себебі, өндірістік аймақтарда дайын өнімдер өндіріліп, сол шығарылған тауардан түскен пайданың бір бөлігі шаһар бюджетіне салық ретінде түседі. Индустриалық аймақ қатысушылары 5 500 адамды жұмыспен қамтып, мемлекеттік бюджетке 19,5 млрд. теңге салық төлеген. Соның нәтижесінде қаланың экономикасы тұрақталып, халықтың жұмысқа орналасуы арқылы әлеуметтік мәселесі шешімін табуда.