Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында білім беру жүйесін одан әрі дамыту және мұғалімдерді қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажеттігін атаған еді. Артынша мемлекет басшысы үш ауысымды және апатты мектептердің тапшылығын шешу үшін «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасын қабылдауды тапсырған болатын. Міне, аталмыш жобаның негізінде республиканың барлық өңірінде жаңа білім ордалары салынып, пайдалануға берілуде.
Жуырда Шымкент қаласы әкімдігінде мегаполис әкімі Ғабит Сыздықбековтың төрағалығымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мектептер салу мәселелеріне арналған арнайы кеңес өтті. Дәл осы жоба арқасында үшінші шаһар балалары үшін заманауи, эргономикалық және қауіпсіз білім беру кеңістігін құру мемлекеттік құрылымдар қызметінің басымдығына айналды.
Өткен жылы Шымкентте 22 жаңа мектеп, оның ішінде 19 жекеменшік мектеп салынды, тағы 12 жалпы білім беретін мектептің құрылысы басталды. Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешілді. Сабақтан тыс уақытта балалардың уақытын тиімді өткізу үшін 500 орындық оқушылар сарайы ашылды.
Қазіргі уақытта жаңа нормативтік-құқықтық база әзірленіп, мектеп құрылысына жоғары талаптар белгіленді. Олар ең алдымен эргономиканың заманауи талаптарына және білім алушылар мен педагогтардың қажеттіліктеріне жауап беретін технологиялық жабдықтар мен жиһаздардың тізбесін бекіту. Ыңғайлы және функционалды жиһаз, бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін оқу кабинеттері, санитарлық тораптары және спорт залдары бар жеке блоктар құру, қауіпсіздік шараларын арттыру заманауи техникалық құралдарды енгізу есебінен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта құру. Мектептерді заманауи жабдықталған пәндік кабинеттермен жарақтандыру. Барлық мектептерде оқу құралдары мен киімдерді сақтауға арналған қосымша гардеробтар мен жеке шкафтардың болуы.
Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі тиісті мемлекеттік құрылымдарға тиісті тапсырмалар берді. Ол ең әуелі мектептерді заманауи технологиялық жабдықтармен қамтамасыз ету. Жаңадан салынып жатқан білім ордалары қажетті жабдықтармен қамтылуы және осы ретте жергілікті өндірушілерге тапсырыс беру арқылы олардың өнім көлемін арттыру. Сонымен қатар ыңғайлы мектептерде жұмыс істеу үшін білікті кадрларды тартуға назар аудару. Сөз соңында қала басшысы «Жайлы мектеп» жобасы өз бақылауында болатынын жеткізді.