23.05.2024 в 21:52

МҰНАЙ ӨҢДЕУ ІСІ ЖЕТІЛУДЕ

Мегаполистің мұнай-газ секторында Шымкент мұнай өңдеу зауыты – «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС атауымен қалың бұқараға кеңінен танымал. Аталмыш кәсіпорын Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауытының бірі және республика көлемінде өндірілетін мұнай өнімдерінің жалпы көлемінің 30 пайызын құрайды. 

«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС зауыты модернизациялау және қайта жарақтандырудың ауқымды жобасын бастап, 2018 жылдың соңына қарай аяқтады. Нәтижесінде қазіргі таңда шығарылатын отынның сапасы К-5 халықаралық экологиялық классына дейін артып, өндірістің экологиялық қауіпсіздік деңгейін көтерді. Зауыттың жобалық қуаты жылына 6млн. тоннаға дейін ұлғайды. 

Зауыт ПҚҚР компаниясы мен үшінші тараптардың мұнайын қайта өңдеп, толлинг негізінде жұмыс істейді. Мұнай өнімдерінің сұрыпталымына бензиннің түрлі сұрыптары (Aи-80, Aи-92 және Aи-96), дизельдік отын, авиациялық керосин, сұйылтылған газ, вакуумдық газойль мен мазут кіреді. Кәсіпқой әрі жоғары технологиялық өңдеу үрдісін қолданудың әрі Құмкөл мұнайының айрықша жоғары сапасының нәтижесінде, «ПетроҚазақстан» компаниясының өнімдерінің сапасы жоғары екені баршаға мәлім. Мұнайды өндіріп, және жоғары сапалы мұнай өнімдерінің кең ауқымды сұрыпталымын шығара отырып, «ПетроҚазақстан» компаниясы өзінің өнімдерін Қазақстанда да, сондай-ақ республикадан тысқары жерлерде де сатып өткізеді. Құмкөл мұнайы халықаралық нарықта жоғары бағаланады және сапасы жағынан халықаралық «Брент» мұнай эталонына сай келеді. Мұнай өнімдері маркетингінің басым бағыттары ішкі нарық, атап айтқанда, елдің Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда облыстары сияқты халық тығыз қоныстанған аймақтары, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары, Алматы мен Астана қалалары болып табылады, бұл мұнай өнімдерін жалпы сатып өткізу көлемінің 70%-ын құрайды. Бүгінде компанияға меншікті және жалға алынған парктің 2240 дана вагон-цистерна тиесілі.
Соңғы үш жылда зауыттың бензин өндірісі 2,1 миллион тоннаға, авиакеросин өндірісі 340 мың тоннаға, дизель отыны 1,9 миллион тоннаға дейін артқан.  Өнім толықтай ішкі нарыққа өткізіледі.

Қазіргі таңда «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС зауыты шаһар бюджетіне қомақты төлем жасайтын және бірқатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып отырған, ондаған шағын және орта бизнестің қалыптасуы мен дамуына септігін тигізіп отырған алып кәсіпорын саналады.