23.05.2024 в 22:20

ЖҰМЫСҚА ҚАЛАЙ ОРНАЛАСТЫМ?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында білім беру жүйесін одан әрі дамыту және мұғалімдерді қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажеттігін атаған еді. Артынша мемлекет басшысы үш ауысымды және апатты мектептердің тапшылығын шешу үшін «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасын қабылдауды тапсырды.
Бүгінгі күні күні елімізде орта мектептерде 500 мыңнан аса мұғалім жұмыс істейді. Десе де мұғалім тапшылығы білім беру ұйымдарында әлі де сезіледі. Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, қазіргі таңда 5 400-ге жуық мұғалім тапшы. Мұғалім жұмысқа орналасуы үшін не істеуі керек? Конкурсқа кімдер қатыса алады? Қазіргі таңда 5 394 педагог тапшы. Оның ішінде қалалық 2 487, ал ауылдық жерлерде 2 907. Жас педагог Нүрилә Тасболатова өзінің жұмысқа орналасуы туралы толығырақ әңгімелеп берді.


Соңғы жылдары педагогтерді жұмысқа қабылдау жаңа форматта конкурс және нақты критерийлер бойынша жүзеге асырылып келеді. Айта кеткен жөн, аталған өзгерістер мұғалімдерді жұмысқа орналастыру кезінде ашықтықты қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жоюға және жұмысқа қабылдау кезінде меритократия қағидаларын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұған дейін нақты ереже болған жоқ, яғни мектеп директоры кімді және қандай көрсеткіштер бойынша жұмысқа қабылдау керектігі туралы өзі шешетін. Бірқатар аймақта сағаттар санын дұрыс бөлмей, үш-төрт мұғалім бір ставкаға қабылданған жағдайлар туралы естіп, біліп жүрміз.
Ең алдымен жұмысқа орналасу кезінде үміткер конкурсқа қатысу туралы өтініш береді. Өтініш беруші өзінің бағалау парағын қоса ұсынады. Онда барлық жетістігі, нәтижелері, еңбек өтілі, әкімшілік немесе әдістемелік қызмет тәжірибесі, курстық дайындық және басқа да ақпарат қоса ұсынылады. Әрбір бағыт бойынша кандидат белгіленген критерийлер арқылы бағалау шкаласына сәйкес өз балдарын дербес қояды. Конкурстық комиссия өтініш берушінің өзі қойған балдардың, оларды растайтын құжаттардың сәйкестігін тексеріп, қорытынды ұпай шығарады. Нәтижесінде бос орынға ең көп балл жинаған үміткер қабылданады. 
Сонымен бірге бұрынғы жұмыс орнынан ұсыныс хаттар да сұратылады. Ұйымдар үміткердің қандай да бір құқықбұзушылықтарға, оның ішінде педагогикалық этика бойынша бұзушылықтарға жол берді ме, жоқ па, сол туралы ақпаратты ескере алады. Мұндай фактілер анықталса, педагог кез келген кезеңде конкурстан шеттетіледі. Ережеде үміткердің біліктілік санатының міндетті түрде болуы қарастырылған. Енді жоғары оқу орындары мен колледж түлектеріне жұмысқа қабылдану үшін дипломның болуы жеткіліксіз екенін атап өткен жөн. Олар Ұлттық біліктілік тестілеуден өтіп, одан әрі мектепте «педагог» бірінші санатын алуға міндетті. Өзім дәл осы пилоттық жоба негізінде жұмысқа орналастым. Және де осы жобаның тиімділігі туралы баса айтқым келеді. Осы кезеңге дейін әрбір мектеп директоры кімді қай жұмыс орнына қабылдау керектігін өзі шешетін. Ал, қазір қалалық не аудандық білім бөлімдерінде арнайы деректер бар. Қай білім ордасына қай пән мұғалімі қажеттігі туралы. Міне, осы деректер негізінде педагогтер жаңа жұмыс орындарына конкурсқа қатысып, жолдама ала алады. Яғни, мектеп директоры мектепке осылай конкурстық негізде өтіп келген ұстазды қабылдауға міндетті. 

Нүрилә ТАСБОЛАТОВА, мұғалім