31.05.2024 в 10:43

ШҚО-да «Халық заңгері» акциясы өтті

30 мамыр күні ел көлемінде «Халық заңгері» акциясы өтті. Әлеуметтік шара облыс орталығында екі жерде ұйымдастырылды. 
Тұрғындар заңгерлер мен құқық қорғау органдарының өкілдерінен, бейінді басқармалар мен бөлімдердің мамандарынан әртүрлі мәселе бойынша тегін кеңес алды. 
– Іс-шараға заңгерлер, адвокаттар, нотариустар мен құзырлы органдардың, «Amanat» партиясының, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысып, азаматтарға құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Акцияның негізгі мақсаты сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, ашықтықты, жариялылықты қамтамасыз ету. Қала жұртшылығы тұрғын үй мен коммуналдық шаруашылыққа қатысты көп сұрақ қойып жатыр, – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ШҚО бойынша департаментінің аға офицері Гүлнұр Бекбаева. 

Бұл акция бес жылдан бері тұрақты өтіп келеді. Биыл "Халық заңгерінен" кеңес алушылар ерекше көп болғанын айтуымыз керек. 
– Саяжайдағы электр жүйесіне қатысты сұрағым бар еді. «Светоч» саяжайына желі тартылып, қырық шақты үйге электр қуатын есептейтін құрылғы қойылған болатын. Ал қалған үйлерге әлі күнге дейін қойылмады. Осы мәселе біржақты болса деп келдім. Бұл іске жауапты басқарманың басшысы мәселені шешудің заңды жолын нұсқады, – дейді Алтай Жексенбаев есімді тұрғын. 
Қалада екі мекемеде қатар өткен әлеуметтік акцияда тұрғындардың көптеген мәселесінің түйіні шешілді.