10.06.2024 в 15:19

Сыртқы істер министрлігі апталық жоспарларымен бөлісті

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Кәсіподақтар федерациясының және «PARYZ» ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясының өкілдері Женевадағы Халықаралық еңбек конференциясының 112-ші сессиясына қатысуда. Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров брифинг барысында мәлімдеді.

Оның айтуынша сессия барысында әлеуметтік-еңбек саласын дамыту мақсатында елімізде атқарылып жатқан жұмыстар хабарланып, халықаралық ұйымдардың өкілдерімен екіжақты кездесулер жоспарланған.  

Ресми өкілдің айтуынша Конго Республикасы Президентінің Стратегиялық мәселелер және халықаралық келіссөздер жөніндегі Жеке өкілі Франсуаза Жолидің Қазақстанға жұмыс сапары барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитралық салалардағы ынтымақтастықты дамыту жолдары талқыланып, Конго делегациясының мемлекет басшылығы мен бейінді министрлікпен кездесуі жоспарланған.

Осы аптада жоспарланған іс-шаралармен, кездесулерден хабардар еткен А.Смадияров, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің  БРИКС-тің дамушы елдермен диалогының Министрлік сессиясына қатысатындығынан хабардар етті.

Нижний Новгород қаласында өтетін «Әділетті жаһандық даму мен қауіпсіздік үшін көпжақтықты нығайту»  атты іс-шараға БРИКС-қа мүше елдермен қатар, бірқатар шақырылған елдердің Сыртқы істер министрлері де қатысады.

Айта кету керек, Қазақстан БРИКС+ форматындағы саммиттердің тұрақты қатысушысы ретінде 2015,2022,2023 жылдары өткен Саммиттерге қатысты.

Брифингте осы аптадан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының алаңында «Достық – дипломатия» бағдарламасы шеңберінде біліктілікті арттыруға және тәжірибе алмасуға бағытталған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстаннан келген 14 дипломат үшін оқу курстары өтетіндігі хабарланды.

Сонымен қатар, Душанбе қаласында әлемнің 50-ден астам мемлекеттердің, үкіметтердің және бейінді министрліктердің басшылары қатысатын 2018-2028 жылдарға арналған «Су тұрақты даму үшін» халықаралық іс-қимыл онжылдығы бойынша жоғары деңгейдегі үшінші халықаралық конференциясы өтеді.

Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған Қазақстан делегациясының құрамында сыртқы істер, су ресурстары және ирригация, энергетика, денсаулық сақтау, экология және табиғи ресурстар министрліктерінің өкілдері бар.

Одан бөлек, осы аптада Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының (ЮНЕП) Еуропа үшін Директоры және Өңірлік өкілі Арнольд Крайльхубердің елімізге сапары барысында Президенттің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Зульфия Сүлейменовамен, Алматы қаласында орналасқан БҰҰ агенттіктерінің өкілдерімен кездесуі өтеді.

Сонымен қатар, 12-14 маусымда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының Арнайы өкілі – БҰҰ Орталық Азия үшін превентивті дипломатия бойынша Өңірлік орталығының басшысы Каха Имнадзенің Қазақстанға сапары жоспарлануда.