16.06.2024 в 15:20

Қазақстан мен Қытайдың өзара мәдени орталықтарын ашу мәселесі талқыланды

Аталған мәселе еліміздің Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышевтың Қытай Ұлттық музейінің директоры – ҚХР Мәдениет және туризм министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Гао Чжэнмен кездесуде талқыланды.

Еліміздің дипломаты екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық әріптестіктің серпінді дамып келе жатқанына тоқталып, өткен жылы қол қойылған Қазақстан мен Қытайдың өзара мәдени орталықтарын ашу туралы келісімнің маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, Шахрат Нұрышев «Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы» аясында биыл Қытайда еліміздің Ұлттық музейімен ұйымдастырылатын көрмелерге тоқталып, жоспарлармен бөлісті.

 Қытай Ұлттық мұражайының қызметімен, жоспарларымен таныстырған Гао Чжэн, кездесуде көтерілген мәселелердің маңыздылығына тоқталып, қытай тарапынан әріптестікке әрқашан дайын екендіктерін жеткізді.

Айта кету керек, ағымдағы жылы наурызда Бейжіңде Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ресми ашылуы өтіп, салтанатты ашылуға қазақстан делегациясы ретінде құрамында Премьер-Министрдің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, сондай-ақ әкімдіктердің, Kazakh Tourism Ұлттық компаниясының, «Атамекен» ҰКП-ның өкілдері мен 150-ден астам мәдениет қайраткерлері қатысқан болатын.