17.06.2024 в 14:53

Сауда-экономикалық ынтымақтастық талқыланған кездесулер өтті

Ағымдағы жылдың маусым айында Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев Удмурт Республикасының Басшысы Александр Бречаловпен кездесіп, тараптар сауда-экономикалық саладағы екіжақты әріптестікті талқылады.

Экономикасының негізгі салалары металлургия, металл өңдеу, ағаш өңдеу өнеркәсібі болып табылатын Удмуртиямен түрлі сауда-көрме іс-шараларына кәсіпкерлердің қатысуы бойынша келіссөздер жүргізілді.

Одан бөлек, қазақстандық дипломат Ульяновск облысының Губернаторы Алексей Русскихпен кездесіп, сауда-экономикалық даму жолдары талқыланды.

Былтырғы жылдың қорытындысымен еліміз импорт бойынша бірінші, эскпорт бойынша үшінші орынды алатындығы айтылды.

Кездесуде бірқатар бағыттарда ынтымақтастықты арттыру, оның ішінде машина жасау, жеңіл өнеркәсіп және білім беру салалары қаралды.

Сонымен қатар, Дәурен Абаев Красноярск өлкесінің губернаторы Михаил Котюковпен кездесіп, тауар айналымын арттыру жағдайларын  қарастырды.

Красноярск өлкесі елімізге металлургия өнімдерін, ағаш материалдарын жеткізуге дайын болса, ауылшаруашылық, тау-кен, ағаш өңдеу жабдықтарын сатып алуға мүдделі.

Тараптар білім беру, туризм және инфрақұрылымды дамыту салаларында тәжірибе алмасуға қызығушылық танытып отыр.

Маусым айында Саха (Якутия) Республикасының Басшысы Айсен Николаевпен де кездесу өтті.

Диалог барысында биыл Қазақстандағы Саха (Якутия) Республикасының күндері аясында ұйымдастырылған іс-шаралар талқыланып, жоғары деңгейде  өтуіне атсалысқаны үшін елшіге алғысын білдірді.

Айта кету керек, аталған күндер аясында Якутияның инвестициялық және туристік әлеуетінің тұсаукесері, бизнес өкілдерінің кездесулері ұйымдастырылып, ынтымақтастық туралы құжаттарға қол қойылды. Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде Якутия халықтарының музыка және фольклоры музейінің «Ғасырлар үні» жылжымалы көрмесінің ашылуы өтті.

Олонхоның «Кыыс Дэбилийэ» қойылымы сахналанып, Якутияның байырғы халықтарының ертегілер желісі бойынша қысқаметражды мультипликациялық фильмдер көрсетілімі көрсетіліп, ұлттық әдебиетті дамыту мәселелері бойынша Халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Сондай-ақ, Якутияның дәстүрлі және кәсіби аспапты музыкасының насихаттаушылары Анна және Афанасий Томскиймен арт-кездесу ұйымдастырылған.

Саха Республикасының Басшысы Айсен Николаев Якутскіде өтетін VIII «Азия балалары» Халықаралық спорт ойындарының ашылу салтанатына шақырып,қатысушы шетелдік командалар арасында қазақ балдарының саны жағынан көп екенін хабарлады.

Одан бөлек, қазақстандық дипломат Владимир облысының губернаторы Александр Авдеевпен кездесіп, екі жақ сауда-экономикалық ынтымақтастыққа жоғары баға беріп, тарихқа бай облыспен туристік қарым-қатынастарды дамыту жолдары қаралды.

Сонымен қатар, сауда-экономикалық ынтымақтастық талқыланған кездесулер Хакасия Республикасының Басшысы Валентин Коноваловпен, Мурманск облысының губернаторы Андрей Чибиспен өтті.

Алтай өлкесінің губернаторы Виктор Томенкомен кездесуде 5 жылда ауылшаруашылық шикізаты мен азық-түлік экспорты шамамен 6 есе өскені мәлімделіп, білім беру саласындағы ынтымақтастық талқыланды.

Осы өңірде 1800-ге жуық қазақстандық студент білім алса, білім беру ұйымдар арасында 27 келісім жасалып, түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылған.

Аталған өлкеде білім алып жүрген отандастарымызбен кездескен дипломат, тіл үйрену, гуманитарлық жобалар және тағы да басқа мәселелерді талқылады.

Айта кету керек, бүгінде Алтай өлкесінде 5,5 мыңнан астам қазақ тұрады.

Кездесулер қорытындысы бойынша түрлі салаларда бірлескен серіктестікті дамыту бағыттары қарастырылды.